Астанада бүгін «Нұрлы жол» теміржол вокзалында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жолға шығу салтанаты өтті. Алдағы жарты жыл ішінде аталған пойыз 20 мың шақырымнан астам жол жүріп, 123 шалғай ауыл-стансаларда тоқтап, шамамен 90 мыңнан астам адам медициналық көмек алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетсек, жоба жүзеге асқан 15 жыл ішінде 800 мыңнан астам адам, олардың әрбір бесіншісі – бала, дәрігерлерден көмек алған. Хирургтер шамамен 37 мың ота жасапты. Былтыр пойыз дәрігерлері 104 250 пациентті қабылдаған екен.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бригада құрамында 36 білікті дәрігер – терапевтер, хирургтер, педиатрлар, невропатологтар, рентгенологтар, кардиологтар, стоматологтар, офтальмологтар, оториноларингологтар, онколог-маммологтар, гинекологтар, урологтар бар. Дәрігерлер алғашқы тексеру жүргізіп, қажет болған жағдайда хирургиялық шағын оталар жасайды. Бұған қоса, диагностика жүргізу үшін медициналық пойыз ЭКГ, УДЗ, флюорограф, гастрофиброскоп секілді қажетті зертханалық және құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Медициналық пойыздың нақты қозғалыс кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.