Қалада жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Бүгінде 14-35 жас аралығындағы тұрғындар саны 695,6 мыңнан асады. Бұл мегаполис халқының 32 пайызы. Оның 442,3 мыңын жұмыс істейтін жастар құрайды. Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитындары 287,4 мыңды құраса, 80 мыңға жуығы жоғары сынып оқушылары, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, уақытша және тұрақты жұмысқа орналастыру, тәжірибеден өткізу, кәсіптік оқыту және мансаптық бағыт-бағдар беру мақсатында бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді.
Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – Jasalmaty.kz ақпараттық порталы. Онда «Jobfair365» жұмысқа орналастыру сервисі және «SkillBridge» онлайн оқыту мен біліктілікті арттыру платформасы жұмыс істейді. Мысалы, бұл платформаға 25 мыңнан астам бірегей қолданушы тіркелген, 5 мыңнан астам жұмыс беруші 7 мыңнан астам бос жұмыс орнын жариялаған. Соның арқасында жыл басынан бері 3,5 мың жас тұрақты жұмыс тапқан.
Жастарды жұмысқа орналастыруда кешенді жұмыс жүргізіп жатқан жобалардың бірі – Қалалық мансап орталығы. Бұған дейін әрбір оқу орнында жеке мансап орталықтары болса, қазіргі таңда бұл жүйе жұмыс берушілермен, еңбек ұтқырлығы орталықтарымен және басқа құрылымдармен біріктірілген ортақ платформада жұмыс істейді.
Биыл жыл басынан бері қалалық мансап орталығына 7,5 мың жас жүгінген болса, олардың 5,7 мыңы жұмысқа орналасқан. Жалпы алғанда жылдың басынан бері Алматыда 9,2 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасқан.
«Бірнеше ай жұмыс іздедім. Мансап орталығында мамандар бағытымды анықтап, түйіндемемді дұрыс жасауға көмектесті. Соның арқасында мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Қазір оқу мен жұмысты қатар жалғастырып жатырмын», дейді қала тұрғыны Алдияр Нұрымов.
Жұмыс іздеп жүрген жастарға құлаққағыс, Қалалық мансап орталығының қызметін қаладағы кез келген комьюнити-орталықтан алуға болады.