Жемқорлық – қоғам дерті деп бекер айтпайды. Өйткені ол елдің дамуын тежейді. Адам санасында бәрін ақша шешеді деген ой қалыптасса және ол нақты іспен көрінсе қоғамда әділдік, сенім жоғалады. Жемқорлық араласқан қызмет те жұмыс та сапасыз болады. Ал одан жапа шегетін қарапайым халық пен мемлекет. Сондықтан парақорлықпен күрес әр азаматтың міндеті болуға тиіс және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік мәдениеті қалыптасуы керек, деп жазады Egemen.kz.
Осындай ұранмен Шымкентте «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңес төрағасы Мәжіліс депутаты Ержан Саиров жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында өткізілетін сатып алулар мен еңбекақы, үстемақыларды төлеу кезінде парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыру фактілері жиі кездесетінін айтты. Ол мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа жол бермес үшін нақты шараларға көшу қажеттігін атады. Соның ішінде қоғам дертімен күресте Шымкент әлі де жұмысты күшейте түсу керек деді. Кеңес төрағасы денсаулық пен білім саласында жемқорлық жайлағынын атап өтті. Сондықтан бақылау мен тәртіпті қолға алуға шақырды. Дегенмен жемқорлықтың алдын алу, күрес шарасында Шымкенттен үйренер нәрсе көп екенін де тілге тиек етті. Әсіресе білім саласында бұл бағытта тындырымды істер бар екеніне тоқталды. Е.Саиров мәлімдегендей 2022-2024 жылдары шаһарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 270 қылмыстың бетін ашқан. Оның ішінде пара алу, ұрлық, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану деректері бар. Осы қылмыстардан болған зауал 7.4 млрд теңгені құрап, оның 5.9 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды. Кеңес төрағасы сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруда Шымкент көш бастап тұрғанын айтты.
Жиында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев қала әкімдігінің басқармалары жемқорлықпен күрес шарасында көзбояушылық жасайтынын, ашықтық, тазалық жетіспейтінін атап өтті.
«Қоғам дертімен күрес жүріп жатқанымен сыбайлас жемқорлық қылмыстары әлі де тыйылмай тұр. Ондай қылмысқа жергілікті атқарушы органдар мен полиция өкілдері көп баратыны анықталды. Сондықтан олардың алдын алу қажет. Ол үшін партияның сайлауалды бағдарламасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес шарасын қатаң орындау керек» деді ол.
Басқосуда сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков партияның сайлауалды бағдарламасының мегаполисте қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Шаһар басшысының айтуынша мәслихаттағы партия фракциясының 21 мүшесі бағдарлама тармақтарына жеке-жеке бекітілген. 2024 жылға жоспарланған 95 тармақтың бүгінгі таңда 90-ы орындалған. Бағдарлама аясында 1,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 127 азамат пәтермен қамтылды. «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында тағы 150 азамат баспананы болды. 2 878 медицина қызметкері симуляциялық орталықтарда біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, 30 284 адам жұмыспен қамтылса, «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы 43 640 мүмкіндігі шектеулі азаматтың өтініші қанағаттандырылды. Осылай деген әкім бұл бағдарламаның нақты іске асып жатқанын көрсететін көрсеткіштер болып табылатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ кеңес барысында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері талқыланды.
ШЫМКЕНТ