Елімізде айналымда таңбаланған 255 миллион дәрі-дәрмек қаптамасы бар болса, оның 151 миллионы – импорттық препараттар. Шетелдік компаниялар былтырдан бастап күшіне енген Қазақстандағы жаңа жүйеге қалай бейімделіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Осы орайда әрбір өндіруші, отандық немесе шетелдік екендігіне қарамастан, дәрі қаптамасына таңбалау кодын алдын ала енгізеді. ҚР заңнамасы таңбалауға қатысатын резидент емес компанияларға Қазақстанға келмей-ақ, өз елінде ЖСН алу мүмкіндігін қарастырады. Сонымен қатар компания басшысының сенімхаты негізінде БСН рәсімдеу мүмкіндігі де бар.
ЖСН негізінде шетелдік өндірушіге ЭЦҚ беріледі. Дәрілік заттарды таңбалау жобасының жетекшісі Анар Кәрібаеваның айтуынша, бұл шетелдік компанияларға Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының ақпараттық жүйесінде отандық өндірушілермен тең дәрежеде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Жүйеге қосылғаннан кейін шетелдік өндірушілер таңбалау кодтарын тапсырыс беріп, оларды дәрі-дәрмек қаптамасына өндірістік кезеңде енгізіп, Қазақстанға дайын, яғни таңбаланған күйде экспорттайды. Сонымен қатар, заңнамада шетелден келген дәрі-дәрмектерді Қазақстан аумағында таңбалау мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл жағдайда қаптамалар таңбалауды барлық талаптарды сақтай отырып, отандық дистрибьюторлар жүзеге асырады», деді Анар Кәрібаева.
Естеріңізге сала кетейік, дәрілік заттарды міндетті таңбалау жүйесі Қазақстан Республикасында 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Бұл шара нарықтың ашықтығын арттыруға, жалған дәрілермен күресуге және азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған.