• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:40

Туған жерге тірек болар жоба

30 рет
көрсетілді

«Ауыл аманаты» жобасы – ел болашағына жұмсалар сенімді инвестиция, ауыл тіршілігіне тірек болар тың тыныс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023–2029 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатқан бастама ауыл халқының тұрмысын көтеруді көздейді.

Соны жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын еселеп, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеру, қаржылық қолжетімділікті арттыру, ауыл инфра­құрылымын заманауи талаптарға сай жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау арқылы жергілікті экономиканың қуатын есе­лендіру. Мұның барлығы «Ауыл амана­ты» бағдарламасының арқасында жүзеге асып жатыр.

2023 жылдан бастау алған «Ауыл аманатының» аясында мал тұқымын асылдандыру, өсімдік шаруашылығында өнім сапасын жақсарту сынды маңызды міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мұнымен қоса, этно туризмді дамытып, тұрақты жұмыс орын­дарын құру сынды жаңа бағыттар да жобаның маңызды бөлігі. Ауылда тек мал бағумен шектелмей, табыс табудың алуан түрлі жолын ұсынуға бо­лады. Осы игіліктің бәрі қолжетімді қаржы құралдары арқылы жүзеге асып келеді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ұсынылып отырған қар­жылық қолдаудың шарттары бұ­рын-соңды болмаған тиімділікпен ерек­шеленеді. Байыпты бағдарлама аясында мал шаруашылығына арналған несие бар-жоғы 2,5 пайызбен жеті жыл мерзімге берілсе, басқа салалардағы биз­нес бастамаларға бес жылға дейінгі же­ңілдетілген несие қарастырылған. Бұл – ауылдағы ағайын үшін нағыз табысқа бастар жол. Жеке кәсіпкерлерге 9,5 миллион теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 30 миллион теңгеге дейінгі несие ұсынылып отыр. Қомақты қаржыны алу жолы оңай әрі қолжетімді. Қазірдің өзінде amanatnesie.kz электронды платформасы арқылы өтінім беріп, құжаттарды заманауи, цифрлық үлгіде рәсімдеуге толық мүмкіндік бар. Облыс аумағында берекелі бастаманы жүзеге асыру алдында жан-жақты дайындық жұмыстары атқарылды.

Арнайы сараптама арқылы 156 ауыл­дық елді мекен қамтылып, әрқайсысының нақты мүмкіндіктері, экономикалық бағыты, әлеуеті жіті зерделенді. Бұған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерекше назар аударып келеді. Өңір басшысы «Қолайлы несиенің шапағатын ауылдағы әр азамат сезінуге тиіс» деген ұстанымда.

Ермағанбет Қабдулаұлы «Ауыл ама­наты» бағдарламасы бойынша қол­дау көр­сету үшін жаңа жобалар тобын құ­ру­ды тапсырды. «Сарыарқа» әлеу­­мет­тік-кә­сіпкерлік корпорациясы микро­­кре­­диттерді уақтылы беруді қам­та­ма­сыз етуге тиістігін де ерекше еске сал­ды.

Бағдарламаны жүзеге асыру нақты нәтижелермен дәлелденіп келеді. Бүгінде 670-тен астам микрокредит беріліп, соның нәтижесінде 900-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлебековтің айтуынша, жобалардың көпшілігі мал шаруа­шы­лығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауға бағытталған.

– Бұл – ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға, жастарды туған же­рінде тұрақтандыруға бағытталған ма­ңызды жетістік. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, өндірілген өнімді қайта өңдеуге бағытталды. Яғни ауыл экономикасының құрылымын күшейтіп, ішкі нарықтағы бәсекелестік қабілетті арттырып отыр. Мұнымен қатар, ауыл шаруашылығынан тыс қызмет көрсету, қолөнер, туризм сияқты салалардағы жобалардың да көбейіп келе жатқаны қуантады, – дейді сала басшысы.

Демек нәтиже бар. Жобалардың да саны артып келеді. Өңірде мал басының өсімі тіркелді. Тағы бір айта кетерлік жайт, 105 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, кооперативтер мен жеке шаруашылықтардың техникалық паркі 22 пайызға жаңартылған. Мұндай жаңғырту ауыл еңбеккерінің жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті еселей түседі. Жобаны жүзеге асыруға 2 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып, қомақты қаражат 296 шағын несие беруге әрі 322 тұрақты жұмыс орнын ашуға бағытталып жатыр. Бағдарламаның тиімділігін тереңірек зерттеп, мақсатты түрде іске асыру үшін үш қанатқақты аудан таңдалды: Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы. Өрісті өңірлер ауыл шаруашылығымен айналысатын, өнді­рістік әлеуеті жоғары, белсенді халық шоғырланған аймақтар. Ендігіде атал­ған аудандарда қаржыландыру «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойын­ша жүргізіледі. Яғни әрбір ауыл өз ерек­шелігі мен артықшылықтарына сай бағыт таңдап, кооперативтер құру арқы­лы нақты өнімге машықтанбақ. Тың тәсіл ауылдар арасындағы экономикалық әртараптандыруды күшейтіп, сапалы өнім өндірісін жүйелеуге жол ашады.

– Биыл ауданымызда ауыл шаруа­шылығы кооперативтерін құру жұ­мыс­тары қарқынды жүріп жатыр. Қа­натқақты жоба ретінде төрт ауылдық округ таңдалды. Қайнарбұлақта – ет өңдеу, Қаршығалыда – сүт жинау және өңдеу, Егіндібұлақ ауылдық округінде – ет комбинатын ашу, Тегісшілдікте – мал азығын дайындау бағытындағы кооперативтер құрылды. Біз әрбір жо­баның табысты жүзеге асуына жан-жақ­ты қолдау көрсетеміз, – дейді Қар­қаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.

«Орталық ауылдық округте «Ел қа­зынасы» кооперативі еттің жартылай фабрикаттарын өндіретін цех ашып, жылына 150 тонна өнім өндіріп, 17 адамды жұмыспен қамтымақ. Көкпекті округінде «Karlugash агро 2030» кооперативі базасында сүт бағытындағы ірі жоба жүзеге асады. Бұл жерде тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін цех құрылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Аудан орталығында да маңызды жо­балар жоспарланған. Атап айтқанда, «Gran corm Botakara» кооперативі 44 адамды жұ­мыспен қамтып, ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршікті жем өндіретін цех салуды бас­тайды», дейді Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

Ел ішіндегі еңбек адамдары енді болашағына сеніммен қарап, өз кәсібін дөңгелетіп, туған жерін түлетуге кіріс­ті. Бүгіннен басталған игі қадам – ер­тең­гі тұрақты табыс, әлеуеті артқан ауыл, жаңарған өмір салты. Бұл – ел Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­­­масының орындала бастағанының көрінісі. Ендігі кезекте әр тұрғынның, әр коопе­ративтің қолынан келетін іс – осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану. «Ауыл аманаты» – ел аманаты.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар