• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 16:52

Ақмола облысының туристік жауһары қалай дамып жатыр?

10 рет
көрсетілді

Жаз шығып, күн жылынғалы Бурабайға ағылған туристер легі көбейді. Табиғаты көз сүріндірген бұл өңір жайлы «Қазақстанның Швейцариясы» деп бекер айтылмайды. Көл мен орман, тау мен саф ауасы бар курорттық аймақ соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл жайлы аудан әкімдігі нақты деректермен бөлісті, деп жазады Egemen.kz.

2024 жылы Бурабайға келген қонақтар саны 355 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 14 пайыздан артық болған. Бұл — туризмнің ел ішіндегі тартымдылығы артып келе жатқанының белгісі. Қазірдің өзінде ауданда 217 туристік нысан жұмыс істеп тұр. Бұл сан алдағы уақытта артады деп күтілуде, өйткені жаңа жобалар қолға алынған.

Биыл жазда тағы 5 ірі инфрақұрылымдық жоба іске қосылады. Олардың қатарында Бурабай кентінде серуен аймағы, Щучье көлінің жағажайын жаңарту, жылы әжетханалар орнату және 119 «ақылды» бейнекамера орнату жұмыстары бар. Сонымен қатар, Щучьеде байқау (смотровая) алаңы ашылады.

Курортқа қатынайтын қоғамдық көлік мәселесі де шешімін тауып келеді. Вокзалдан Бурабайға дейінгі маршрут іске қосылып, билет бағасы қолжетімді етілген: қала ішінде – 110 теңге, Бурабайға – 250 теңге. Жолаушылар үшін жағдай жасау мақсатында автопаркке жаңа автобустар сатып алынған: 2024 жылы – 6, биыл тағы 4 автобус қосылады.

Табиғатты аялау — басты ұстаным. Осы жазда Щучьеде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін кешеннің құрылысы басталады. Бұл жоба «Эко-Dump» компаниясымен бірлесе атқарылып жатыр. Қуаттылығы – 40 мың тонна. Сонымен қатар, 9 заманауи қоқыс көлігі (оның үшеуі – электрлі), 10 климаттық камера мен арнайы қалдық жинау жүйесі қарастырылған.

Ауданда қазір 6 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. 14 мыңнан астам адам осы салада еңбек етуде. Биылдың өзінде 450 миллион теңгеге 14 жоба жүзеге асырылған. Жыл басынан бері 15 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған, оның ішінде 12 миллиарды – жеке қаржы. Қазір жүзеге асып жатқан 36 жоба аясында мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл жобалар туризмнен бастап, ауыл шаруашылығы, сауда, автосервис және спорт салаларын қамтиды.

Аудан әкімдігінің дерегінше, соңғы үш жылда аудан бюджеті екі есе ұлғайып, 12,8 миллиард теңгеге жеткен. Ал 2025 жылдың алғашқы 4 айының өзінде бюджетке 23,1 миллиард теңге түскен. Оның ішінде аудан бюджетіне түсетін табыс – 4,7 миллиард теңге, бұл былтырғыдан 700 миллионға көп.

Туризм саласының аудан бюджетіне берері де зор: биыл алғашқы тоқсанда 1 миллиард теңгеге жуық кіріс түскен. Бір туристен түсетін салық 13 мың теңгеден асқан.

Бурабай мен Щучье жай ғана демалыс орны емес, ол ел ішіндегі экономикалық қозғаушы күшке айналған туризм орталығы. Табиғаттың сұлулығын сақтай отырып, заманауи қызмет пен инфрақұрылымды дамытып жатқан өңір нағыз үлгі бола алады. Бұл маусымда жолыңыз түссе, Бурабайға барып көріңіз жаңарған курорттың жаңа келбеті сізді бей-жай қалдырмайды.