Мемлекет басшысы Словакия Премьер-министрімен кеңейтілген құрамда жүргізілген келіссөз барысында Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Братислава арасындағы ынтымақтастық берік құқықтық базаға арқа сүйейді. Ол барлық бағытты қамтиды. Қазақстан Словакиямен күн тәртібіндегі екіжақты және көпжақты серіктестікті тереңдетуге ниетті.
Мемлекет басшысы экономикалық әріптестікке баса назар аудару қажет деп санайды. Былтыр тауар айналымы 140 миллион долларды құраған. Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді және 22 бірлескен кәсіпорны түрлі секторда қызмет етіп жатыр.
Ел Президенті ынтымақтастықты одан әрі әртараптандырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары, білім және туризм салаларында мол мүмкіндік бар деп санайды.
Сонымен қатар Словакия Премьер-министрі Мемлекет басшысына өзіне және делегациясына қазақ жерінде көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.
«1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида етті. Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Жоғары Мәртебелі, Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет», деді Роберт Фицо.Келіссөз барысында тараптар қазақ-словак байланысын дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бастамаларды іске асыруға бейіл екенін растады.