Биыл Президенттің тапсырмасымен кәсіптік білім беру саласына реформа жасалып, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, кәсіби маман болу ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Маңызды міндетті іске асыруға еліміздегі ірі компаниялар белсенді атсалысып келеді. Eurasian Resources Group (ERG) компаниялар тобы өз кәсіпорындарын білікті мамандармен қамтамасыз ете отырып, ERG Skills шеберлік байқауын өткізуді дәстүрге айналдырған, деп жазады Egemen.kz.
Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіріп, өңдейтін, энергетика, логистика және маркетинг салаларында толық біріктірілген, әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. ERG компаниялар тобы Азия, Еуропа, Африка мен Америкада бизнес жүргізіп, өз өнімдерін әлемнің 40-тан астам еліне жеткізеді. Бүгінде ERG кәсіпорындарында 60 мыңнан астам жуық адам жұмыс істейді.
ERG компаниялар тобы – еліміздегі көптеген әлеуметтік жобалардың демеушісі. ERG Skills шеберлік байқауының аясы жыл сайын кеңейіп, республика өңірлері бойынша кәсіби мамандарды даярлаумен қатар жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасап отыр. Шеберлік сайысы жылда студенттер және компанияның жас мамандары арасында өтіп келеді.
Биыл мамыр айында Ақтөбе және Қостанай облыстарында өткен ERG Skills кәсіби шеберлік байқауына «Қазхром», ССКӨБ кәсіпорындарының жас мамандары, ERG мен Колледждер альянсы құрамындағы колледждер студенттері қатысты.
Хромтау тау-техникалық жоғары колледжі, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжі және Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі 11 құзыреттілік бойынша жас мамандарға заманауи шеберханалар мен зертханаларын ұсынды.
ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов ERG Skills байқауына қатысушыларға сәттілік тілеп, өндірісте кәсіби шеберліктің маңызды екеніне тоқталып, «Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандар жылы деп жариялап, жастар арасындағы жұмысшы кәсібнің беделін атап өтті. Технологиялар дамыған сайын біздің кәсіпорындарға тәжірибелі мамандарға сұраныс арта береді. Сондықтан байқау алаңындағы тәжірибе жас мамандар үшін аса қажет», деп атап өтті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталып, ERG кәсіпорындарына жұмысқа қабылдау кезінде басым кандидаттардың тізіміне енді. Сонымен қатар биыл ERG Skills тарихында алғаш рет «Қазхром»ТҰК» АҚ басшылығының бастамасымен үздік тәжірибелік дағдылары мен шеберлігін көрсеткен колледждің 8 студентіне Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа шақыру сертификаттары табысталды.
Биыл ERG Skills кәсіби шеберлік байқауының бірі Павлодар облысының Ақсу қаласында Eurasian Resources Group кәсіпорындарының жас қызметкерлері мен Колледждер альянсына мүше оқу ордаларында білім алып жүрген жастар арасында үшінші рет өтті.
Қатысушылар ERG Skills байқауында токарь ісі, дәнекерлеу технологиялары, слесарь, еңбекті қорғау мен химиялық талдау зертханашысы аталымдарында Ақсу қара металлургия колледжінде шеберлік сынақтарынан өтті. Жүлделі орынға ие болған студенттер ERG кәсіпорындарына жұмысқа шақырту алды.
«Байқау жұмысшы мамандықтар саласындағы кәсіби біліктіліктің эталоны – WorldSkills стандарты негізінде ұйымдастырылды. Негізгі идеясы – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру. Байқауды өткізу «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында өзекті болып отыр. Биыл қатысушылар саны биыл рекордтық межеге жетті. Бақ сынасқан 55 қатысушының арасында студенттермен қатар Павлодар өңіріндегі кәсіпорындардың мамандары бар. ERG кәсіпорындары үшін токарь, дәнекерлеу ісі, слесарь, еңбекті қорғау, зертхана технологиялары бағыттары ерекше маңызды. Бұл байқау жоғарыда аталған мамандықтарды меңгерген мамандардың компания үшін сұранысқа ие екенін көрсетті», дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев.
Студенттер мен ERG кәсіпорындарының жас мамандары Жаяу Мұса атындағы көпсалалы Ақсу жоғары колледжі, Еуразиялық инновациялық университеті жоғары колледжі мен Павлодар машина жасау колледждері базасында электромонтадау, өнеркәсіптегі автоматика, қалыптау ісі мен CAD инженерлік графикасынан бақ сынасты.
«ERG Skills байқауы – білім мен дағдылар сыналып, жас мамандар мен студенттердің теориялық білімі мен қабілеті, қарымы сынға түсетін кәсіби дода. Мәселен, алдымен арнайы бағдарламада форманы жобалайсың да, кейін оны өзің қалыптастырасың. Сонда ғана кәсіпті толық меңгеруге болады. Мен осымен үшінші жыл қатарынан сарапшылар командасы сапында байқауға қатысушылардың жұмысын бағалап келемін. Қалыптаушылардың біліктілігі жылдан-жылға артып келеді. Мұндай сайыстар ойлау қабілетін, тәртіп пен техникалық сезімталдықты дамытады. Байқау мамандықты тек кітап бетінен ғана емес, оқығанын тәжірибеде көрсеткісі келетін жас мамандарға үлкен бастама», дейді кәсіби шеберлік байқауының сарапшысы, ERG Service құю өндірісінің инженер-технологы Ильдар Фазылбеков.
«Қазхром» ТҰК АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының учаске бастығы Александр Коневтың айтуынша, қатысушылардың деңгейі жоғары. Дегенмен әлі де шыңдайтын тұстары бар. Олар алдағы уақытта жұмыс берушілермен қатым-қатынасын нығайта түсетін болады. Барлық ERG кәсіпорындары теория мен тәжірибе ұштастығына ерекше мән беріп, тәжірибелі мамандар жастарды қолдап, ақыл-кеңес беріп отырады.
Биыл Қостанай облысының Жітіқара және Лисаковск қалаларында тау-кен құзыреттіліктері бойынша өткен ERG Skills байқауы өндірістегі заманауи тәжірибені паш етсе, Рудный қаласында өткен байқауға ERG компаниялар тобы кәсіпорындарының жас қызметкерлері, сондай-ақ Колледждер альянсы мен ERG құрамындағы Рудный индустриалды институты мен колледж студенттері қатысты. Байқауға қатысушылардың әрқайсысы кәсіби дағдыларының жоғары екенін көрсетті.
Байқау барысында ERG Темір дивизионының басшысы Сергей Кузьменко ERG компаниясының кәсіпорындарына бұрынғыдан да тиімді және бәсекеге қабілетті жас кадрлар қажеттігін атап өтті. «ССКӨБ елеулі стратегиялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Сондықтан Рудный жастарын отбасылық дәстүрді жалғастыра отырып, кәсіпорындардың дамуына үлес қосуға шақырамыз. Сондай-ақ кәсіпті меңгерген жастарға қауіпсіз еңбек дағдыларын үйретуге мүдделіміз. Қауіпсіздік – ERG-дің басты құндылықтарының бірі және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау басты мақсатымыз» дейді ол.
ERG Skills байқауы жылда WorldSkills стандарттары – жұмысшы кәсіптер саласындағы кәсіпқойлық эталоны бойынша өтіп келеді. Байқауға қатысушылар қандай да бір қиындықтарға тап болғанына қарамастан, жоғары кәсіби біліктілігінің нәтижесінде жеңіс тұғырына жетіп, ERG компанияларында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып келеді.