• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

«Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?»

790 рет
көрсетілді

Ақындық бақсы мен әулиелікке жақын, яки содан тамыр тартатын құбылыс деген де сөз бар. Расында, ақынның кей сөзі сәуегейлік секілді, айна-қатесіз алдан шығып жататын жайттар көп. Соның бір мысалы ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Аягөз деген аядай бұлақ деседі, Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?» деген жолдары шығар...

Кең даласы кенге толы, қойнауы құтқа толы, өрісі қой мен жылқыдан жыртылып жататын шұрайлы мекен Шұбартау ауданы кезінде жер көлемінен аймақта алдына қара салмаған құйқалы ұйық болыпты. Халқы мен малы қатар өсіпті. Жан саны – 19 мыңға жетіп, қотанынан 40 мың қой өріпті. Бұл – Жобалай мен Шақантай батырлар, Бегештей шешендер шыққан жер. Әріге бармағанда қазаққа әйгілі Уәйісті (Абайдың шәкірті), халық әртісі Бекен Жылысбаевты, әйгілі композитор Еркеғали Рахмадиевті, классик жазушы Мұхтар Мағауинді, әйгілі ақын Несіпбек Айтұлын берген мекен. Бұған қоса, Шұбартау мен Шыңғыстау түйенің қос өркешіндей, ежелден елі аралас, қойы қоралас еншісі бөлінбеген ел. Әйгілі Құнанбай әулетіне қарас­ты Шыңғыстың күнгей жағында Абай бұлағы, Қырықошақ (Абай қайтыс болған жер), Әйгерім бұлағы, Кеңбұлақ (Шәкәрім туған), Шақпақты (Шәкәрім тошаласы тұр), кер заманда Шәкәрім қажы 30 жыл дамыл тапқан Құрқұдық та Шұбартауға тиіп тұр. Ал Шұбар­тау жеріндегі әйгілі Көпбейіт Абай бір жыл жайлап, «жазды күн шілде болғанда» деген өлеңін жазған жер (М.Мағауиннің туған жері). Қай тұрғыдан алып қарағанда, ауыл шаруашылығы, кен өндірісі болсын, рухани мәдени маңызы болсын, шежірелі Шұбартау ерекше аудандардың бірі болғаны рас. Алайда 90-жылдары облыс жабылып тағдырын жел шайқағанда, ауданның күйін аспаннан көрмеске шара қайсы. Сөйтіп, аудан тарап, Шұбартау еріксіз Аягөзге қосылады. «Ең құрмаса, Шыңғыстауға жанасып жығылмадық» дейді екен ауыл ақсақалдары... Аудан тараған соң, елде не күй болсын, Шұбартау халқы шұбырынды болып, жан-жаққа боса бастайды. Ал көшпегендердің көресіні көп болып шықты. Біздің негізі айтпағымыз да осы.

 

* * *

– Бұл оқиға – 1996–1997 жылдары қатты белең алды, – деп бас­тады әңгімесін Бекең. – Бір күні қыста үйдегі қалааралық телефон зарлап қоя берді. Аман-сәлемге, әй-шайға қараған жоқ: «бүгін шөбіңіз өртенеді» деді. Болған-біткені сол-ақ. Қазіргідей звондаған нөмірге қайта қоңырау шалу жоқ, болса да білмейміз. Тірі жан, тісті бақа емеспіз бе, содан шөп қораға үлкен жарық қойып, түні бойы күзеттік. Алғашқы күні аман шықты. Бірақ сол түні Байқошқар ауылында бір үйдің, Жорға ауылында екі үйдің шөбі өртеніпті деп естідік. Бір апта өтті. Біз де босаңсыдық. Өйткені күні бойы малмен алысып, түні бойы шөп күзету оңай шаруа емес. Бір күні таңғы бестер кезінде дүрілдеген дыбыс шыққандай болды, жүгіріп далаға шықсақ, шөп өртеніп кетіпті. Сөйтіп, қыс ішінде ала дорба асынып, көр­ші-қолаңнан шөп сұрадық, Аягөз­­ден жем тасыдық, әйтеуір сол жы­лы қыстан қысылып, әрең шық­­тық.

Бекеңнің сөзіне бізді ертіп жүрген жігіт те араласты.

– Біздің үйдің де шөбін дәл солай өртеп кеткен, – деді.

Біз бұған таңғалдық. Заң бар, қалай айдың, күннің аманында бір үй емес, бүтіндей бір аудан, он-жиырма, мүмкін одан көп үйдің шөбі бір ғана сценариймен өртеніп отырған. Шыны керек, алғаш екі-үш адамнан естігенде сенбеген едік. Сөйтіп, Баршатас, Байқош­қар ауылындағы шөбі өртенді деген үйлердің, кейбір көзіқа­рақ­ты, бас көтерер адамдардан сыр суыртпақтап көрдік. Бірақ әлі де бұл жайтты ешкім ашық айтпайды. Ол кезде де ашық айтылып, заңмен тексерілмеген көрінеді.

Аты-жөнін айтқысы келмеген бір ауыл тұрғыны біраз жайтты қызық етіп айтып бергені бар. – Ақпан айын­да біздің үйдің шөбін өртеп кетті, – дейді әлгі кісі. – Қолдағы малдың күйі түсіп, тұқыржылап қалдық. Әне жер-міне жерде «бәленнің шөбін өртеп кетіпті» деп естіп жаттық. Бір-екі, үш үй әрі де тұратын бір құрдасым бар еді. Жылда шөпті мол жинайтын. Соның үйіне телефон шал­дым. Даусымды өзгертіп: «бүгін түнде шөбіңді өртейміз» дедім де тұт­қаны тастай салдым. Едәуір уақыттан соң қолыма бір мөшегімді алып, түк білмегендей құрдасыма жеттім. Барсам, сабазым қорадағы мал­дың бәріне жем-шөпті молынан ша­шып тас­тапты. Қожасының қолы бұлай ашы­ла бермейтінін білетіндік­тен бе, ұзын тілімен орап қана тұр­ған сиыр­лары да аң-таң, ас та төк азық­қа жыл­қы да аң-таң. Әйтеуір күй­гелі тұр­ған дүние, малым бір то­йып қал­сын деген шарасыз көндігу бар се­кіл­ді құрдасымның түтік­кен жүзінде.

Тарығып қайта-қайта шылым тұтатады. Содан мен жағдайдан мүлдем бейхабар адам сияқты, «әй бәленше, шөбім өртенгелі қорада малым тықырлап тұр. Сен мая-мая шөбіңді көсіп-көсіп саласың. «Құдай дескен құрдасыңды қа­ратып қойып өлтіресің бе, бір-екі күп шөп бер» дедім. Бекерде кесіп алса қан шықпайтын тақыс бәтірім көп бөгелген жоқ, бір ат арба шөп салып берді. Рақметімді айтып, қуанып жөніме кеттім. Көптен көк тістемей бұратылып тұрған мал қаужаңдап бір жырғалды.

Ең қызығы сол, таңертең тұрсақ, расында, әлгі құрдасымның шөбін өртеп кетіпті.

 

* * *

Бұл оқиға екі жылдай болған деседі ауыл үлкендері. Бәрінің оқиғасы бірдей. Бірақ мұны кім істеді, не себепті бұлай болғаны туралы ешкім мардымды жауап бере алмады. Сол кезде болған жұмбақ оқиға әлі жұмбақ.

 

Абай облысы,

Аягөз ауданы