Баланың алғаш рет «әке», «шеше» деп тілі шыққан сәті – ата-ана үшін де, қоғам үшін де бір бұрылыс. Бұл тек сөз айту ғана емес, сонымен бірге ойдың, сезімнің, болмыстың сыртқа алғаш рет шығуы. Алайда кейінгі жылдары тіл дамуы кешеуілдеген балалар саны көбейіп келеді. Шынын айтқанда, «А» деді, «Б» деді, «Р»-ға тілі келмеді» дейтін жағдай белең алып кетті. Қалалық өмір, экранға телмірген ұрпақ, үйдегі үлкендермен тілдесу мүмкіндігінің азаюы – бәрі осы үдерісті қалыптастырып отыр. Қазір баяғыдай немересіне ертегі айтып ұйықтататын әжелер де азайған. Кішкентайларға жеті атасын жаттатып, әдеп үйрететін аталар да бұл күнде жоқтың қасы.
Осындай кезде заманға лайық шешім табу – бүгінгінің басты міндеті. Бүгін біз осындай жаңа шешімдердің бірі – «Green Alem AR» атты мобильді қосымша туралы сөз етпекпіз. Бұл қосымша тек ойын емес. Керісінше баланың өз ойын, өз әлемін сөз арқылы қалыптастыруға бастайтын әдіс. Осы жобаның авторы Айнұр Нұрәділдің айтуынша, «Green Alem AR» қосымшасы баланың сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған кеңейтілген құрылғы. Анықтап айтсақ, AR – Augmented Reality) технологиясына негізделген алғашқы отандық қосымша. Оның басты кейіпкері – Сана есімді қазақ қызы. Ол тек экрандағы анимация емес, ол – баланың сенімді досы, серігі.
Аталған қосымшаға назар салып көрсек, телефонның камерасын бөлме ішіне бағыттаған сәтте, кейіпкер Сана баланы ойынға, сөйлеуге, әрекетке жетелейді. Мұндай тәжірибе балаға тіл үйретіп қана қоймай, оны сөйлетуге, ойын бөлісуге ынталандырады. Тіпті балаларды нақты кеңістікпен жетелеп отырады. Сана үй ішіндегі күнделікті заттарды «сиқырлы» құрал ретінде таныстырып, балалар олармен сөйлесу, сипаттау, сұрақ қою сияқты белсенді әрекеттермен айналысады.
Біз осы қосымшаның қазіргі заманға нақты қажетті құрал екенін аңдадық. Сонымен бірге ғылым мен ойынның үйлесімі де осы қосымшада тұр. «Green Alem» AR – жай ғана интерактивті ойын емес, логопедтермен бірлесе жасалған, тіл дамытудың нақты әдістеріне сүйенген ғылыми жоба. Қосымша ішіндегі әрбір жаттығу – нақты мақсатқа негізделген.
Жоба авторы Айнұр Нұрәділ – М.Нәрікбаев университетінде дизайн және IT технологиялар бағытында сабақ беретін ұстаз. Оның негізгі бағыты – VR/AR технологиялары. Ол – Нью-Йорк университетінің түлегі, педагогика мен цифрлық технологиялар саласын ұштастырған кәсіби маман. Оның мақсаты – қазақ балаларына арналған сапалы, мазмұнды, қауіпсіз білім беру кеңістігін қалыптастыру. «Біз бала үшін ойын мен тілді бөлмейміз. Ойын – тілдің табиғи қолданылатын алаңы. Ал цифрлық технологиялар оны шынайы әрі қызықты ете алады», дейді Айнұр. Ол шетелде алған білімін қазақ балаларының игілігіне арнауды мақсат етіп келеді. Осы жобаның артында тек қызығушылық қана емес, үлкен арман мен мұрат жатқанын аңдадық.
«Қазір мен мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға арналған бірегей жобамен жұмыс істеп жатырмын. Біздің мобильді қосымшада логопедтер мен балалар психологтерінің әдістері қолданылған, ал сөйлеу тәжірибесі – толықтай қазақ тілінде. Ең қызығы – Сана баланың бөлмесінде пайда болады, өйткені біз қосымшада AR технологиясын қолданамыз», дейді жоба иесі.
Біле білсек, бұл қосымша – қазақ тіліндегі алғашқы инклюзивті әрі технологиялық құрал. Ата-аналар үшін де көмекші, осы қосымша арқылы баланың жетістігін бақылауға мүмкіндік туады. Өз тілінде еркін ойлайтын ұрпақ тәрбиелеудің негізгі тетігі осындай қазақша техникалық гаджеттер. Бала тіл үйренуді ойындар арқылы, табиғи ортада меңгереді. «Green Alem AR» – қазақ тілін тұрмыстық жағдайда, нақты кеңістікте қолдануға мүмкіндік беретін бірегей құрал. Оның маңыздылығы – тек тіл дамытуда ғана емес, ұлттық мазмұнды технология арқылы жеткізуде жатыр.
Жаңаша технология мен қазақы мазмұн тоғысқан «Green Alem AR» қосымшасы жайлы айта келе «баланың тілі – болашақтың тілі» екеніне қайыра көз жеткіздік. Осы арада біз технология мен тәрбиенің үйлесіміне де мән бергеніміз дұрыс. Бүгінгі қазақ баласына технология – таңсық емес, қалыпты құрал. Енді сол құрал арқылы тілі мен ділі қатар дамыса – бұл ел болашағы үшін де үлкен жеңіс.