• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:25

Жасөспірімдерді қылмыс тұзағынан қалай құтқарамыз?

30 рет
көрсетілді

Қазір әлеуметтік желідегі неше түрлі ақпарат пен фото-видеоларды ашып қалсаңыз, өкінішке қарай 90-жыл­дар­дағы бұзақылар мен тентектер еске түседі. Бұл цифрлы технология дәурен құрған замандағы қаралым жинаудың амалы дерсіз. Бірақ құзырлы органдар ұсынған қылмыс пен заңбұзушылық көрсеткіштері алаңдатады. Сонда мұның себебі неде? Жай ғана интернеттің әсері ме, әлде шешілмей келе жатқан әлеуметтік не тәрбиелік түйткіл ме?

Биыл елордада 101 жас­өспірім қыл­мыс­тық жауап­кер­шілікке тар­тыл­ған. Олардың сипаты да әр­түрлі: ұрлық, тонау, есірткі тасымалы, тіпті кісі өлтіруге оқталу фактісі тіркелген. Былтырғы статистика да осыған ұқсайды.

– Ең резонансты істердің бірі – кәмелетке толмаған азамат «Telegram» мессенджері арқылы Тайландтан марихуана есірткі затын тапсырыспен алып, оны ха­лықаралық пош­та арқылы қабыл­дап, жалдамалы пәтерде сақ­таған. Тінту кезінде 1 килоға жуық есірткі тәркіленген. Бұл Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес «ірі мөлшер» деп саналған. Нәтижесінде, сот кәмелетке толмаған азаматты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Тағы бір ауыр қылмыс былтыр мамыр айында болды. Кәмелетке толмаған бозбала қызға қызғаныштан ша­буыл жасап, өміріне қауіп төн­дірген. Ол алдын ала аңшы пы­шағын және қолғап алып, бейнебақылауы жоқ алаңға қыз­ды алдап шақырған. Сот шеші­мімен оған 5 жыл 7 ай жаза кесілді, – дейді Астана қаласы прокуратурасы­ның аға прокуроры Азамат Тоқтарбай.

Спикер Астана қалалық ком­муникациялар қызметінде өт­кен брифингте жасөспірім қыз­дардың да ұжымдық тонау фак­тілері, футбол алаңында ұялы телефон ұрлығы, мектепке «жарылғыш қойылды» деген жалған хабарлама жіберу сияқты өзге де қылмыстары туралы айтты. Бұл мысалдар кәмелетке толмағандар арасында қылмысты саналы түрде жасау деңгейі өсіп отырғанын аңғартады.

Ал Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер жасаған қылмыс 30%-ға (30-дан 39-ға) көбейіп кеткен. Жергілік­ті полиция департаментінің бас­тығы, полиция полков­нигі Арман Оразалиевтің айтуынша, 39 фактінің 27-сі мүліктік қылмыс көрінеді. Яғни 14-і – бопсалау, алтауы – ұрлық, бесеуі – тонау, екеуі – алаяқтық.

Еске салсақ, Бас прокурор Берік Асылов «Заң және тәртіп» қағидатын іске асы­ру бойынша наурыз айын­да өткізген кеңесте жасөс­пі­рімдер қылмысы Ақтө­бе, Атырау, Павлодар және басқа да өңірлерде көбейге­нін айтқан еді. Сол себепті қара­мағындағыларға про­фи­­­­­­лактикалық шараларды күшейтуді, антибуллинг бағ­дарламаларының тиімділігін зерделеуді тапсырды.

Кейінгі жылдары елімізде кә­мелетке толмағандар мен жас­тар арасындағы мұндай түйт­кілдер Мәжіліс депутат­тарын да алаңдатып жүр. Мәсе­лен, өткен аптадағы Мәжі­лістің жалпы отырысын­да депутат Ардақ Назаров Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев­қа депутаттық сауал жолдап, мәселе көтерді.

– Қазақта «Бір жылыңды ойласаң – егін ек, он жылың­ды ойласаң – ағаш ек, жүз жы­лыңды ойласаң – ұр­пақ тәрбиеле» деген сөз бар. Елі­міздегі кәмелетке толмағандар мен жастар арасында бұзақы­лық көбейгені қоғамды қатты алаңдатып отыр. Бұл – тек құ­қық­тық мәселе емес, бүкіл қ­о­ғам­ның рухани-мәдени ахуа­лын, оның ішінде отбасы­лық құндылық пен мектептегі тәлім-тәрбиенің әлсірегенін көрсететін әлеуметтік құбы­лыс. Мысалы, жыл басында елді дүрліктірген бірнеше оқи­ға болды: Астанада 14 жас­тағы баланың 5 жасар бал­дырған­ға пышақпен шабуыл­ жасауы; Семейде бір топ оқушы өз қатарласын ұрып-соққан видеосы әлеуметтік желіде тарады; Жаңаөзендегі лицей оқушысының соққыға жығылып, ауруханаға түсуі. Осындай оқиғалар еліміздің әр өңірінде тір­келіп жатыр. Бұл жағдай жас­өс­пірімдер арасындағы агрес­сия деңгейі шектен шыға бастағанын көрсетеді, – дейді депутат.

Ол қоғамдағы құндылық­тар жүйесінің әлсіреп бара жатқанын баса айтты.

– Бас прокуратураның мә­лі­меті бойынша, өткен жылы республикада кә­ме­лет­ке тол­мағандар тарапынан 1 890 қылмыстық іс тіркелген. Бұл дегеніңіз – күн сайын 5-ке жуық құқық бұзушылыққа жасөспірімдер қатысатынын білдіреді. Қоғам­дағы құн­ды­лықтар жүйесінің әлсіреуі, отбасындағы тәрбиенің азаюы, әлеуметтік желілер мен онлайн ойындардың ықпалы жас­тарды теріс жолға итермелеп жатыр. Ішкі істер ми­нистрлігі осы жылды «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жария­лап, «Жас­өспірім» атты арнайы шара бастады. Жақсы бас­тама. Дегенмен бұл – полиция мен әкімшілік айыппұлмен ғана шешілетін мәселе емес. Бұл үшін келер ұрпақтың тағдырын ойлайтын, ұлттық мүдде мен құндылықтарды бәрінен жоғары қоятын бағ­дарлама жасап, бабадан ұр­паққа жалғасып келе жат­қан тектілік жолын қалыптас­ты­руымыз қажет. Ұл мен қызды тәрбиелейтін жалпы ұлттық бағдарлама жасалу керек, – деді А.Назаров.

Расымен, жалпы ұлттық бағ­дар­лама қажет-ақ. Өйт­кені психологтер де жас жеткін­шектердің қылмыс жасауы­ның басты себеп­терінің бірі от­басылық қарым-қатынастың әлсіреуі екенін жиі айтып жүр. Яғни баланың немен айналысып, қайда барып жүрге­ніне ата-ананың назар аудар­мауы, әлеуметтік желілерге оңай қол жеткізу де елдегі жасөс­пірімдер арасындағы қылмыстың жиілеуіне себеп болып отыр.

Негізі бейқамдыққа салынып, баласына қарамаған ата-аналарды жауапты органдар назарынан тыс қалдырмауға тырысады. Мәселен, биыл елімізде 29 мың ата-ана заң ал­дында жауапқа тартыл­ды. Бүгінде 5 іс тергелуде, ал балалардың өмірі мен ден­саулығын қорғауды қамта­масыз етпеген 1 адамға қатыс­ты тергеу басталған. Оның үстіне Ішкі істер ми­нистр­лігі жасөспірімдер қыл­мысы бо­йынша құқық бұзу­шылық­тың алдын алуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі.

Түптеп келгенде, жасөспі­рімдер қылмысы – тек құқық қорғау органдарына тиесілі мәселе емес. Бұл – бүкіл қоғам­ның проблемасы. Отбасы мен мемлекеттік құрылымдар өзара әрекеттеспейінше, бала тәрбиесі жүйелі болмайды. Ал ертеңгі күніміз қауіпсіз әрі саналы болсын десек, бүгінгі тәртіп те, заң да мықты болуы керек.