Биыл алғаш рет 23 сәуірде Ұлттық кітап күні аталып өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық құрылтайда бекітілген атаулы күн елімізде кітапсүйер қауымның, оқырманның, баспагерлердің көптен күткен рухани мерекесі ретінде қабылданды. Ең алдымен, ұлттық әдебиетті қолдауға бағытталған бұл күн, сөз жоқ, алдағы уақытта кітап нарығына да үлкен серпіліс әкеледі деп болжанып отыр.
Тұңғыш рет тағайындал-ған Кітап күнімен бірге, елдегі әдеби мұраны сақтау және дамыту, түрлі буын өкілдерінің кітапқа деген талғамын зерделеп, әдеби құндылықтар жүйесін саралау мақсатында «eGov Mobile» қосымшасы арқылы қазақ әдебиетінің ең үздік 100 авторын анықтауды діттеген жалпыұлттық сауалнама да жарияланған болатын.
Осыған орай Алматыдағы Meloman-Marwin кітап дүкенінде танымал баспагерлер – «Steppeworld» баспасының жетекшісі Раиса Қадыр мен «Ziyat» баспасының басшысы Асылан Тілеген оқырмандармен жүздесіп, бүгінге дейін жүргізілген электрондық сауалнаманың нәтижесін жария етті. Раиса Қадырдың айтуынша, маусым айының орта шеніне дейін сауалнамаға 20 000 адам қатысқан. «Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Кітап оқу мәдениетін қайта қалыптастыру, жақсарту мақсатында бұл игі бастаманы халық өзі қолдап кетті. Кітап нарығындағы өзгерістерді жіті бақылап келемін, байқағаным, соңғы бес жылда ілгерілеу бар. Шетел авторларын қазақ тіліне аудару ғана емес, өз ұлттық әдебиетіміздің классиктерін, жас жазушылардың шығармаларын жарыққа шығару белсенді түрде қолға алынды. Руханияттың өркендеуіне әсері күшті бұл басталып жатқан игі бастама болашақта өз нәтижесін алға тартады», деді Раиса Қадыр.
Баспагер «жастар кітап оқымайды» деген жаттанды пікірмен келіспейтінін айтты. Керісінше, соңғы уақытта балаларына арнайы кітап іздеп келетін ата-аналар қатары артқан. Әр буын оқырманның қызығатын өз авторы бар. Оны осы сауалнама барысында белсенділігі артып келе жатқан оқырман сипатының өзі аңғартады. «eGov Mobile» қосымшасында 4 кітапқа дейін дауыс беру көрсетіліп, сауалнамаға қатысушы тек 4 кітапты таңдаумен шектеліп қалып жатқанымен, баспагерлер ендігі жерде әр оқырман өзі қалаған 10 кітабына дейін дауыс бере алатынын жеткізді. Ол үшін «Тағы да кітап қосу» деген батырманы басып, әрі қарай сүйікті кітаптарын енгізуге болады. Жобаның ерекшелігі сол, дәл осы кезеңде қай автордың шығармасы сұранысқа ие екенін анықтап, бұрын танымал болмаған, бірақ қалам қуаты мықты авторларды тануға мүмкіндік береді әрі әдебиет әлеміне енді есік ашқан жас қаламгерлерге жігер сыйлап, жүрегіне сенім ұялатады.
«Жалпыұлттық сауалнама – әр сауатты оқырман үшін сын. Жастар кітапты жақсы көреді. Бірақ не оқу керегін білмейді. Бұл жоба қандай кітаптарды оқу керек деген сұрақ туғанда, кәдесіне жарайтын пайдалы тізім болады деп ойлаймын. Расында, ілгеріде әдеби айналымға түсе алмай қалған, бірақ кеңестік кезеңде оқырманы көп болған танымал шығармалар әдебиетімізде өте көп. Соларға жаңа тыныс беретін жоба болатынына сенемін. Бірақ тізімге ену үшін оны да ел тануы керек. Сауалнама туралы естімей, білмей жатқан оқырманға осы тілегіміз жетсе екен дейміз», дейді Асылан Тілеген.
Баспагерлер 23 шілдеге дейін жалғасатын қазақ әдебиетінің үздік 100 туындысын анықтауға атсалысып, әдеби талғам қалыптастыруда қалыс қалмай, белсендірек бола түсуге шақырып отыр. 10 тамыз – Абай күні сауалнама мәресіне жетіп, жоба аясында анықталған 100 кітаптың тізімі жарық көреді. Жүздесу соңында бес мыңыншы және он бір мыңыншы болып қатысып, дауыс берген екі оқырман ортаға шақырылып, оларға осы жобаның серіктесі «Meloman-Marwin» кітап дүкені атынан сертификат табыс етілді.
АЛМАТЫ