Ақтөбеде «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы мен «Еңбек адамы» идеологиясын ілгерілетуге арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шараны ұйымдастырушы — «Ақтөбе қаласының Мансап орталығы» филиалы.Іс-шара барысында жұмыссыз азаматтарға және жұмыс табуда қиындық көріп жүрген тұлғаларға арналған арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Олардың қатарында түзеу мекемелерінен босатылғандар, пробация қызметінің есебінде тұрғандар және алимент төлеуден жалтарушылар бар.Жәрмеңкеге өңірдің 10 ірі мекемесі мен кәсіпорны қатысып, түрлі бағыттағы 89 бос жұмыс орнын ұсынды. Атап айтқанда ҚР ТЖМ Есет батыр Көкіұлы атындағы 20982 әскери бөлімі, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты, «Ramazan Elevator» ЖШС және өзге де өндірістік және коммерциялық ұйымдар қатысты.
Жәрмеңкеде оператор, фрезерші, токарь, қытай тілі аудармашысы, бағбан, сапаны бақылау инженері, сметалық инженер, жүргізуші, слесарь, жүк тасушы, аймақтық директор және тағы басқа лауазымдар ұсынылды.
Сондай-ақ жәрмеңке аясында Халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, мемлекеттік қайтарымсыз грант алу, сондай-ақ электронды еңбек биржасы www.enbek.kz порталына тіркелу мәселелері бойынша жан-жақты кеңес алды.
Бүгінде аталған порталда Ақтөбе қаласы бойынша 1067 бос жұмыс орны жарияланған. Мұндай іс-шаралар халықты жұмыспен қамтуға ынталандыруға, әлеуметтік осал топтарды қолдауға және қоғамда өнімді еңбек мәдениетін нығайтуға бағытталған.