• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Талбесік Бүгін, 08:55

Темірдің бойы ен тоғай

30 рет
көрсетілді

Темір орман және жануарлар дүниесін қор­ғау мекемесі – жасан­ды ор­ман өсіріп, қор­ғау жұмыстарымен айналысатын өңір­дегі то­ғыз шаруашылықтың бірі. Алда­ғы уақытта атқарылып жат­қан шаруа өз нәтижесін беріп, Темір­дің айналасы қалың тоғайға айналады деген сенім басым.

Бұрынғы Қарақамыс жәр­меңкесі болған көне Темір қаласы тұрғын­дарын жұмыс­пен қамтып отырған мекеменің тарихы 1889–1896 жыл­дардан басталады. Ойыл, Қарақамыс жәрмеңкелері жанына агрономдар Ш.Штромберг пен Ф.Дертинг алғашқы көшеттерді екті. 1886 жылы Темір өзенінің сағасында Толғанай орманшылығы ашылып, 100 гектар алқапқа ағаштың оннан астам түрі жерсіндірілді. Толғанайды жергілікті тұрғындар Құласу деп те атайды. Бұл – Темір қаласынан 5–6 шақырым жердегі тоғай. 1990 жылдары Темір өзенінің суы тартылып, бақ қараусыз қалғанда сирек тұқымды ағаш­тарының біразы қурап кетті. Күтім жақ­сы болғанда біраз тал-терек сақталатын еді.

Бүгінде Темір орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты 20 мың гектар алқапта қарағай, көктерек, қайың, жиде, шаған, терек, үйеңкі, жабайы алма, шие, тікенек, долана, қарақат өседі. Шаруашылықтың тәлімбағы жыл сайын қарағаш, терек, қарағай, үйеңкі, шаған, катальпа, қарағай көшеттерін өсіріп, сатылымға шығарады. Оны көбіне жергілікті мұнай компаниялары, мемлекеттік мекемелер, балабақшалар мен мектептер сатып алады. Көктем туа басталатын қауырт жұмыс қыс ортасына дейін созылады. Әсіресе орманшылар мен қорықшылар жаз бойы күндіз-түні кезекшілікте жүріп, өздеріне бекітіл­ген аумақта табиғатта демалушылардың құжатын тіркейді, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреді, аңшылық құжаттарын тексереді, браконьерлерді аңдиды. 

«Біздің мекемедегі 48 адамның дені орманшы, қорықшы, орман шеберлері. Олар жаз бойы сенбі, жексенбіде аумақты көлікпен, кейбірі атқа мініп аралайды. Өйткені табиғат аясына демалысқа келушілер қатары көбейген кезеңде тоғайды қараусыз тастауға болмайды. Орманшылар еңбек демалысына қыста шығады. Табиғат қорғаушыларға бес күндік жұмыс кестесі бекітілсе де, олардың жұмысы уақытқа бағынбайды. Бұрын орман қорықшылардың демалысына қосымша күндер берілетін, қазір осы жеңілдік алынып тасталды», дейді Темір орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Сабыржан Молдақұлов.

Кейінгі жылдары табиғат қорғау мекеме­лерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, орманшылардың жалақысы өсті. Биыл мекеме бюджет қаражатына бірнеше трактор тіркемесін, түрендер сатып алды. Көшет сатудан түскен қаражатқа мекеменің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Алайда табиғат қорғау мекемесін­дегі есепші, іс жүргізуші, тракторшы, көлік жүргізушілерінің жалақысы индекстелген жоқ. Қазіргі уақытта осы мекемеде төрт механизатор мен бір автокөлік жүргізушісінің орны бос тұр. Жалақы аз болғандықтан, жұмысқа жастардың келгісі жоқ. Тракторшылар мекемеге өте қажет. Себебі өрт шыққаны туралы хабар түскенде, ең алдымен тракторшы барады. Ол өрттің алдынан шығып, жерді жыртып жалынның бетін қайтарады.

Тағы бір күрделі мәселе – ағаш­ты тұқымынан өсіріп, шыбы­ғынан көбейте білетін, екпе жасап төзімділігін шыңдайтын, өсімдік ауруларын емдейтін бағбандар керек. Мұнда жұмыс іздеп келгендердің арасында кездейсоқ жүргендер көп. Әрі жұмысқа орналасқан бойы соңдарынан сот орындаушылары мен банктердің қарызы еріп жүреді. Бұл жұмыста ерінбей-жалықпай, уақытқа қарамай жүретін, табиғаттың тілін түсіне білетіндер керек.

Елімізде қолға алынған мемлекеттік орман қоры жеріне, елді мекендер айналасына орман белдеулерін құру тапсырмасына сәйкес, Темір шаруашылығы бес жылда 5 млн түп ағаш өсіруді қолға алған. «Бізге алдағы жылдары 4–5 млн көшет өсіруге 5–6 тонна ағаш тұқымы қажет. Тәлімбақтағы тұқымнан шыққан өскіндерді күтіп-баптап, келесі көк­темде далалыққа отырғызамыз. Биыл 25 га алқапқа көшет ектік. Тәлімбақтағы қарағаш көшеттерін өсіруге жұмысшыларымыздан бас­тап, орманшылар да жұмылды. Жазда бізге «Жасыл ел» отрядының балалары қосылады. Өзіміздегі қор аз болғандықтан, тұқымдарды жан-жақтан алдырдық. Алдағы күндері ағаш тұқымын алуға Қостанайға барамыз», дейді С.Молдақұлов.

Ағаш өсіру ерекше ыждағат­тылықты, төзім­ділікті, бағбанның аялы қолын қажет етеді. Әр тал-теректі өсіру жағдайы әртүрлі. Бірі күнді, екіншісі көлеңкені, үшіншісі тұщы не сазды, не қышқыл топырақты ұнатады. Сондықтан да табиғат қорғау мекемесінде су, топырақ құрамын айыра білетін маман керек. Орман қорықшысы мен бағбанның жұмысының ерекшелігі де осыдан байқалады. 1960–1990 жылдары арасында Темір орман шаруашылығы­ның алма бағының жемістері ерте күзден-ақ барлық аудандарға сатылымға шығарылатын. Осы жұ­мысты қайта жандандыруға бола ма деген сұрақ күн тәртібінде тұр.

Айта кету керек, шаруашы­лық­тағы ағаштар қолдан отыр­ғы­зылып, бірнеше жыл күтіп-бап­та­л­ған болса да, осы аудандағы Темір мен Жем өзендерінің аңғарларында шоқ-шоқ болып өскен табиғи тоғайлар кездеседі. Мәселен, Жаңажол елді мекенінің жанындағы қайың, Қонжардағы көктерек, Ақсайдағы жаманағаш пен аққайың тоғайлары сондай сиректердің бірі. Жалпы, Темір орман шаруашылығы ашылғаннан бері 4–5 мың гектар жерге ағаш егіліпті.

Бес жылда 6 мың гектар жерді көгалдан­дыру мүмкін бе, далалықта егілген ағаштар қалай суа­рылады, олардың топырақ құрамы қандай болуы керек деген сұраққа жақсы агрономның жауабы қажет. Ғаламдық жылынудың әсерінен ауа райы жылма-жыл өзгеріп барады. Бүгінде қыс та қытымыр емес, ауа райы күрт құбылмалы, ылғалдың жылдық түсу мөлшері де азайды деп дабыл қағады экологтер. Көктемде жауын мол болса, не күзде тоң қалың қатса, екпелер тез көтеріліп кетеді. Бұрын көктемгі бесқонақта 4-5 күн ақ жауын жауса, қара күзде бірнеше күн қалың жауын жауып, арты қарға ұласатын. Содан жердің тоңы қалыңдайды. Бірнеше жыл жерге жауын тамбай кетсе де, былтырдан бері көктемде жаңбыр мол жауып тұр дейді Темір орманшыларды. Мұндай шақ көшеттердің көтеріліп кетуіне өте қолайлы.

Қалай болғанда табиғат қорғау мекеме­лері мамандары жасыл желек қорын молайту арқылы құм басудың алдын алып, шөл­ді-шөлейті жерлерде көтерілетін шаң мен тұз­дардың әсерін азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізіп отыр. Мұн­дай шаралардың әсері бірнеше жылдан кейін нәтиже береді. Тоғайлар қалыңдаса, оны пана­лауға құстар мен жәндіктер, ұсақ жануарлар келеді, өсімдіктер қабаты молаяды, жер­асты суы ағаш тамырына қарай тартылады. Бұл топырақ бетіндегі ауа ағымын қалыпқа түсіріп, табиғаттағы тепе-теңдікті қалпына келтіреді.

 

Ақтөбе облысы