• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Теннис Бүгін, 08:35

Рыбакина жетістігін қайталай ала ма?

10 рет
көрсетілді

30 маусым – 13 шілде аралығында Ұлыбританияда «Уимблдон» турнирі өтеді. Жүлде қоры 53 миллион фунт-стерлингті құрайтын аса жауапты жарыста әлемнің ең үздік 128 теннисшісі өнер көрсетеді. Солардың қатарында еліміздің де өкілдері бар. АТР мен WTA рейтингінде жоғары орындарды иеленген Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, қос Александр – Бублик пен Шевченко негізгі додаға бірден қосылады, тағы бірқатар жерлесіміз іріктеу сынына қатысады.

«Үлкен дулыға» (ҮДТ) санатындағы өзге жарыстарға қарағанда қазақ жанкүйелері үшін «Уимблдонның» жөні бөлек. Олай деуге негіз, дәл осы додада жерлестеріміз бір емес, бірнеше рет жеңіс тойын тойлады. Алғаш рет 2010 жылы Ярослава Шведова америкалық Ваня Кингпен бірге Тұманды Альбион еліндегі турнирдің жұптық сайысында бас жүлдені олжалады. Финалда олар ресейлік Елена Веснина мен Вера Звонареваны ұтты. Сөйтіп, Ярославаның есімі ҮДТ-де топ жарған Қазақстанның тұңғыш теннисшісі ретінде тарихта қалды. Арада бірер ай өткен соң Шведова мен Кинг жұбы US Open бәсекесінің жеңімпазы атанды. 2016 жылы мажарстандық Тимея Бабошпен жұп құрған отандасымыз финалға жолдама алды. Алайда шешуші тұста олар АҚШ-тың атақты апалы-сіңлілі ойыншылары Серена мен Винус Уильямстің қарқынына шыдас бере алмады.

Я.Шведова жекелеген сында да жаман ойнаған жоқ. 2016 жылы «Уимблдонның» ширек финалы­на шықты. Бірақ бұл межеде отанда­сымыздың Винус Уильямске әлі жет­педі. Зарина Диас (2014, 2015 жыл­дары), Михаил Кукушкин (2019), Александр Бублик (2023) төртінші кезеңге дейін жетті.

2022 жылы еліміздің теннисінде тарихи оқиға тіркелді. 23 жастағы Елена Рыбакина Ұлыбританияда айды аспанға бір-ақ шығарды. Алғашқы айналымдарда Коко Вандевеге (АҚШ), Бьянка Андрееску (Канада), Чжен Циньвэнь (Қытай), Петра Мартичті (Хорватия) жолынан ығыстырған жер­лесіміз ширек финалда Айла Томля­новичті (Аустралия), жартылай финалда Симона Халепті (Румыния) қапы қалдырды. Бас жүлде үшін бәсекеде Рыбакина үш сеттік сайыста Тунистің мықтысы Онс Жаберді жеңді. Осылайша, Елена отандық теннис­шілер арасынан алғашқы болып осындай орасан зор табысқа қол жеткізді.

Жалпы, «Уимблдонның» 148 жыл­дық тарихы бар. Ерлер арасында молы­нан олжаға кенелген жампоздар көшін атағы жер жарған Роджер Феде­рер (2003–2007, 2009, 2012, 2017) бастап тұр. Швейцария шеберіне бұл белес 8 мәрте бағынды. Уильям Реншоу (Ұлыбритания, 1981–1986, 1989), Пит Сампрас (АҚШ, 1993–1995, 1997–2000), Новак Джокович (Сербия, 2011, 2014–2015, 2018-2019, 2021–2022) 7 жарыста жеңімпазы атанды.

Әйелдер бәсекесінде Мартина Навра­тилованың (1978, 1979, 1982–1987, 1990) мерейі үстем. Чехословакияда туып, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған ойыншы 9 турнирде топ жарды. Хелен Уиллз-Муди (АҚШ, 1927–30, 1932–33, 1935, 1938) – 8, Доротея Ламберт-Чамберс (Ұлыбритания, 1903–1904, 1906, 1910–1911, 1913–1914), Штеффи Граф (Германия, 1988–1989, 1991–1993, 1995–1996), Серена Уильямс (АҚШ, 2002–2003, 2009–2010, 2012, 2015–2016) – 7, Бланш Бингли (Ұлы­бри­­тания, 1886, 1889, 1894, 1897, 1899, 1900) мен Билли Джин Кинг (АҚШ, 1961–1962, 1965, 1967–1968, 1971–1973, 1979) – 7 рет­тен алдына жан салмады.

Жекелеген, жұптық және аралас жұптар арасындағы бәсекелерді қоса алсақ, ең керемет көрсеткіш Билли Джин Кинг пен Мартина Навра­ти­ловаға тиесілі. Олардың әрқайсысы 20 реттен теңдессіз деп танылды. Ерлер сайысында Лоуренс Дохерти дара тұр. Ағылшын теннисшісінің 13 мәрте мерейі үстем болды.

Уимблдонда талай таңдайқағарлық оқиғалар мен керемет көрсеткіштер тіркелді. Мәселен, 2010 жылы тұсау­кесер кездесуде америкалық Джон Изнер мен франциялық Николя Маю күш сынасты. Бәсеке 11 сағат 05 минутқа созылды. Бұл – әлемдік теннис та­рихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Осылайша, біресе үзіліп, біресе жалғасқан ойын үш тәулікке созылып, ақырында Изнер жеңіске жетті.

Бір ғажабы, франциялық Жан Робер Боротра 35 турнирде бақ сынаған екен. Алғаш рет ол 1922 жылғы жарыста бой көрсетсе, соңғы рет 1964 жылы кортқа шықты. Боротра бір ғана «Уимблдонда» 42 жыл бойы ойнаған. Әулие Мартин мүйісінде дүниеге келген марқасқаның қол жеткізген табысы да толағай. Ол «Үлкен дулыға» санатындағы додаларда 14 рет теңдессіз деп танылды. Сол секілді ұлыбританиялық Артур Гор мен Мартина Навратилова «Уимблдонда» 30 реттен бақ сынады.

2018–2022 жылдар аралығында Новак Джоковичке тең келер ешкім табылмаса, соңғы екі жарыста Карлос Алькарастың асығы алшысынан түсті. Испанияның дарынды жасы екі ретінде де финалда дәл сол Джоковичті жолынан ығыстырды. Бұрымдылар бә­секесінде Чехияның теннисшілері ша­шаларына шаң жұқтырмады. Ал­дыңғы жылы Маркета Вондроушова мы­сырлық Онс Жаберді жеңсе, былтыр Барбора Крейчикова италиялық Жасмин Паолиниді қапы қалдырды.

Былтыр еліміздің спортшылары арасынан ең жақсы нәтижеге Е.Ры­бакина қол жеткізді. Елена-Гарбриэле Русе (Румыния), Лаура Зи­гемунд (Германия), Каролина Воз­няцки (Дания), Анна Калинская (Ресей), Элина Свитолинаға (Украина) сан соқтырған Елена жартылай финалда Барбора Крейчиковадан жеңілді. Юлия Путинцева төртінші кезеңде Елена Остапенкоға (Латвия) есе жіберді. А.Бублик үшінші, А.Шев­ченко екінші айналымнан аса алмады.