• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 08:33

Қоңыр бояу, кең тыныс

10 рет
көрсетілді

Бой-бой бұлттар кең жазықты бетке алып маңып барады. Аспан мен жер астасқан байтақ дала төсінде қыр құрсағын жарып кең өзен ағады. Бетінде ұбақ-шұбақ шулаған аққу-қаздар. Сол өзеннің бойында көкке қарап, кеңістік суретін сіміріп сезімтал жас бала тұр... Міне, мұның бәрі – «Япурай» әнінен көңілге келген суреттер, алуан сезімдер.

«Япурай» әнінің тарихы турасында пікірлер әртүрлі. Бірі халық әні десе, бірі Мағжан Жұ­мабаевқа теліп жатады. Мағжан ақынды көзі көргендердің жазуынша, ақын домбыра шертіп, ән шырқамаған екен. Дарабоз композитор Ілия Жақанов: «Аса бай ән мұрадан бізге Мұхит әндері ғана біршама белгілі. Алайда бұл дарқан дарынның өзінің бірталай әнінің хикаясы, шығу тарихы және өмірінің елеулі кезеңдері тиянақты зерттелмеген. Осы жайт мені ұдайы ойландыратын. Ақыры 2000 жылдан бастап нақты іске кірісуге бел будым»,  дейді әндер тарихын зерттеп, зерделеп жазған «Зәуреш» жинағында. Сонымен бірге «Япурай» әнінің тарихына тоқталып, құныға тінтіп, таразылай өтеді. Композитор тарихи тұрғыда Затаевичке жүгінеді. Әрине, Александр Затаевич – қазақ әнін жинап, тарих бетінде қалдыруға орасан еңбек сіңірген тұлға. Дегдар ғалым Орал өңірінен бұл әннің екі нұсқасын нотаға түсірген. Екеуінде де ән «Я, пірім» деп аталған. Біріншісін Құлсүйіндік деген ауылда Шомбал Доспамбаев есімді әнші жаздырған. Екінші ән нұсқасын – Ғалымжан Шынғалиевтен жазып алған. Үшінші әнші туралы Затаевич: «Песню эту, по словам сообщившего ее Г.Шынгалиева, пели в конном строю казахи, выступавшие в 1920–1921 годах против бандитских шаек в Уральской губернии», деп қызықты дерек қалдырады.

Әннің «Я, пірім» деген атаумен жазылуы ойланарлық. Халық арасында көптеген тіркес діни ұғымдардан туғаны белгілі. «Япырмай» (Я, пірім-ай), алақай (Алла хай), яғни «Құдай тірі» деген сөздер – пікірімізге дәлел. Бәлкім, әнді шығарушы автор дүниенің қызылды-жасылды мұнарасынан бір сәт қажып, бой тартқан болар. Томағасын шешкен қыранша сілкініп, қанатын кеңге жа­йып, кеудесі сиқырлы сазға толғанда піріне, яғни ұстазына қарап мұң шаққаны болар.

«Жаз болса жарқыраған көлдің беті,

Көгеріп толқындайды, япур-ай, алыс шеті.

Дірілдеп толқын басқан мөлдір суы,

Шайқайды жас баладай, япур-ай, желдің лебі.

Алтын бу ақ көбікпен бетін жабар,

Судан бу көкке төніп, япур-ай, маржан тағар.

Есіме ақ еркемді алған кезде,

Ақ маржан жылт-жылт етіп, япур-ай,

жерге тамар».

Әннің құр өлеңін оқып отырсаңыз да, бой шымырлап, жанды елітерлік қуатқа ие. Көз алдыңызға тұтас бейне, сурет елестейді. Сана зиратына жерленген сан мыңдаған көрініс тіріліп, жүрек ұшына құйылғандай қалтаң қағасыз. Маралдың жанарындай қалтарысы мен бұлтарысы қалың дүние тіршілігінен алысқа ұзап, мәңгілік туралы аласапыран ойларға шомасыз. Бойдағы сезімдер оянып, ар, әділет, махаббат хақында үзік-үзік сырға қаныққандай белгісіз әлемге саяхатқа шығасыз. Міне, бұл – ән сиқыры, өнер құдіреті.

«Япурай» – қазақтың жанын бедерлеген ән, бірегей туынды. Ұлттың ойлау жүйесін, санасының түсін айшықтайтын қоңыр бояу, кең тынысты шығарма. Болашақта ән турасында жаңа болжам, тың тарих көмбесі ашыла жатары даусыз.