Қазіргі жас буын жаз мезгілін тек тынығуға емес, мүмкіндігінше бұл кезеңді пайдалы әрі мазмұнды өткізуге тырысады. Бірі шетел асып саяхаттап, таным көкжиегін кеңейтеді, енді бірі еңбек етіп тәжірибе жинақтайды, тағы бірі жеке жобасына жан бітіріп, өзінше бір серпіліс жасайды. Осы орайда жастарға «Жазда немен айналысасыз?» деген шартты сұрақ қойып, шағын сауалнама жүргізіп көрдік.
Нұрай ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА, «Жасыл ел» жобасының қатысушысы:
– Өткен жылы әпкем «Жасыл ел» жобасына қатысып, жаз бойы жұмыс істеп, жақсы ақша тапты. Оны көріп, мен де жазғы демалысымды пайдалы іске арнағым келді. Бірақ бұл бағдарламаға тек 14 жастан бастап қабылдайды. Сондықтан жасым толғанын асыға күттім. Биыл Instagram-дағы ресми парақшасына жазып, құжаттарымды тапсырдым. Ата-анам да шешімімді қолдап: «Өзіңе ұнаса, жұмыс істей бер», деп дем беріп қойды. Көп ұзамай, маусымның 2-сінен бастап жұмысқа кірісіп кеттім. Бұл мен үшін еңбекке алғаш араласқан, жаңа тәжірибе мен сенімділік сыйлаған қадам болды.
Біз екі топқа бөлініп, қаладағы саябақтарда арам шөп жұлып, гүлдер мен ағаштарға су құйып, қоқыс жинап, тазалап жүрміз. Топта шамамен жүз шақты жас бар. Бәрін екі жетекші қадағалап отырады.
Қыдырәлі ТІЛЕКҚАБЫЛОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті:
– Шет тілі филологиясы мамандығының түрік тілі бағытында 3-курста оқимын. Биылғы жаз – мен үшін ерекше. Өйткені білімімді жетілдіріп, халықаралық тәжірибе жинауға жолдама ұтып алдым. Юнус Эмре институты ұйымдастыратын жазғы мектеп бағдарламасы аясында Түркияның астанасы Анкара қаласына жол тартқалы отырмын.
Бағдарлама жайлы алғаш ұстаздарым айтқанда, бірден қызығушылық танытып, қажетті құжаттарды жинап, қатысуға өтініш білдіргенмін. Сәтті өткенімде ерекше қуандым. Оқу үш аптаға созылады. Осы уақыт ішінде бізге түрік тілін тереңірек меңгеруге арналған арнайы курстар, елдің мәдениетінен сыр шертетін іс-шаралар, тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылады. Ең кереметі – барлық шығындарды (жол ақысы, тұру, оқу) институт толықтай өзі өтейді.
Шетелге алғаш рет бара жатырмын. Сондықтан бұл сапар – мен үшін тек тіл үйрену ғана емес, өзімді жаңа ортада сынап көру, басқа мәдениетті тану және тұлғалық тұрғыда өсу мүмкіндігі. Енді міне, шілде айын тағатсыздана күтіп жүрмін.
Нұргүл ТҰРДАЛЫ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті:
– Оқуымнан бөлек, қоғамдық жұмыстармен тұрақты айналысамын. Сондықтан осы жазды қалай өткіземін деп бас қатырмадым. «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі ретінде үш айда бірнеше жобаға қатысамын. Оның бірі – «Чемпиондық рух» бастамасы. Жоба аясында еліміздің танымал спортшыларымен таңғы жаттығу жасап, диалогтық алаңдарда кездесу өткізіп, спорттық турнирлер ұйымдастырамыз. Мұндағы мақсат – ел азаматтарын, әсіресе қатарластарымды саламатты өмір салтына бейімдеу.
Одан бөлек, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында әр айда екі рет іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай әрі қатары сиреген қарияларымызды ардақтау мақсатында үйлеріне барып, шаруашылықтарына көмектесеміз. Отандастарымыздың қазақ тілін үйренуіне сеп болатын «Сөйле» тілдесу клубының жұмысына да атсалысамын.
Қазір республика көлемінде Президенттің бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Алматы шаһарының белсенділері жиылып, әр аптаның бейсенбісі қала ішіндегі не сыртындағы саябақтар мен демалыс орындарына барып, тазалық жұмыстарын жүргіземіз.
Айдар САҒЫМБАЙ, Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Маған оқуда 2-3 күндік демалыс берсе болды, басқа жаққа мойын бұрмай, ауылға тартып кетемін. Білмеймін, ауыл, ондағы өмір салты, бір тынбайтын тіршілік бәрібір жаныма жақын. Қаланың бір сәт дамыл таппайтын тұрмысы, құжынаған көлік тынысымды тарылтады. Ал ауыл – нағыз тынысыңды ашар кеңістіктің, ұшы-қиыры көрінбейтін еркіндіктің, молшылықтың мекені.
Биыл жазғы демалысымды еш ойланбастан ауылда өткіземін деп шештім. Әке-шешеме қолғабыс болып, үй шаруасына көмектесемін. Ауылдың саф ауасы да көңіліңді серпілтіп, еңбекке деген құлшынысыңды ашатындай. Ала таңмен таласып, малды өріске шығарып, көлеңкеде айналаңа көз тастап қойып жатудың өзі демалыс емес пе?
«Жаздың бір күні жылға азық» дегендей, қысқы жемшөп дайындау да бос уақыт қалдырмайды. Ауыл тіршілігінен бір жағынан денең шынығады, ішкі төзімің, жауапкершілігің қалыптасады. Арасында балалармен көкпар тартып, сауық-сайран құрып тұрамыз.
Самал БАЙДУЛЛА, Астана медицина университетінің студенті:
– Биыл жазда көптен күткен арманым орындалып, «Work and travel» бағдарламасымен АҚШ-та жұмыс істеп, саяхаттауға мүмкіндік алдым. Жоба туралы алғаш рет мектепте жүргенде естіген едім. Медицина саласына оқуға түскен соң, сабағыма басымдық беріп, бұл арманды бір шетке ысыруға тура келді. Араға уақыт салып, жақын таныстарымның тәжірибесін естіп, «Неге мен де байқап көрмеймін?» деген ой туды.
Бағдарламаға қатысудағы басты мақсатым ақша табу емес-тін. Америка – аузын айға білеген, әлемдік деңгейде өзін дәлелдеген, ғылым мен мәдениет, технологияда көш бастап тұрған мемлекеттің бірі. Содан болар, бала күнімнен бұл елге бару бір мақсат болды. Жергілікті халықтың ойлау жүйесі, тұрмыс-тіршілігі қатты қызықтыратын. Жалпы, АҚШ-та өмір сүру, қыдыру қомақты қаражатты қажет етеді. Сондықтан оңтайлы жолын іздеп, біраз шетелдік бағдарламаларды зерттеп көрдім. Бірақ дәл осы «Work and travel» студент үшін ең қолжетімді әрі тиімді мүмкіндік екеніне көзім жетті. Өйткені белгілі бір уақытта жұмыс істей отырып, күнкөріс шығындарыңды жабасың, қажетті заттарыңды өз еңбегіңмен аласың. Тағы бір оңтайлы тұсы – кәдімгі турист сезіне алмайтын шынайы Американы көресің.
Қазір мен АҚШ-тың Мичиган штаты Сент-Игнас қаласындағы жергілікті дүкендер желісінің бірінде кассир ретінде жұмыс істеп жатырмын. Мұнда қызметкерлер бірнеше филиал арасында ауысып еңбек етеді, бұл өз кезегінде америкалықтармен тікелей араласуға, мәдени алмасуға мүмкіндік береді.
Жалпы, уақытымды барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Бұған дейін оқумен қатар қосымша жұмыс істеп, онлайн курстар мен YouTube арқылы жаңа білім үйренуге құштар болдым. Түрлі комьюнитилерде өзін-өзі дамытуға ұмтылған, үздіксіз қозғалыстағы адамдар ортасында болған ұнайтын. Қазір де шетелде жүріп, көзқарасым одан әрі көкжиегім кеңейіп келеді.
P.S. Байқағанымыздай, жауаптары сан қилы, бірақ бәріне ортақ бір нәрсе бар: уақытты ұтымды пайдалану. Демек бүгінгі буын әр сәтінен мағына іздейді, бұл олардың жауапкершілігі мен өмірге деген сергек көзқарасын байқатады.
Дайындаған –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»