Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы бірқатар нысанды аралап көрді. Президент ең алдымен Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешеніне барды.
Мемлекет басшысы жеке инвестордың қаржысына салынып, биыл пайдалануға берілген көпфункциялы ғимараттың қызметімен танысты. Елордада орналасқан кешенде түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар, сондай-ақ халыққа арналған сауықтыру және демалыс бағдарламалары ұйымдастырылады. Нысан аумағында футзал, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, дзюдо, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға арналған жекпе-жек залдары бар.
Президент бұқаралық спортты дамыту үшін осындай кешендерді көптеп салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ жас боксшылармен және футболшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.
– Бұл үшін, ең алдымен, еңбек ету керек, табандылық қажет. Жеңіске тек еңбекқорлық қана жеткізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Содан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Дәулет» МКҚК теннис орталығының қызметімен танысты. Кешенде 600 бала, олардың ішінде 85 оқушы бюджет есебінен жаттығады. Сондай-ақ мұнда 57 спорттық-сауықтыру тобы жұмыс істейді.
«Дәулет» орталығы – елордадағы балалар ең көп баратын, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар спортшыларды да қамтитын әлеуметтік-спорттық нысандардың бірі.
Биыл мамыр айында орталық базасында Азия құрлығында алғаш рет Virtus World Tennis Championship 2025 – ақыл-ой кемістігі бар спортшылар арасында теннистен әлем біріншілігі өтті.
Осы күні Мемлекет басшысына «Stadler Kazakhstan» зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагоны таныстырылды.
Жаңа вагондардың басты артықшылығы – жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруды көздейтін заманауи инженерлік шешімдер. Қатаң климаттық жағдайға бейімделіп жасалған вагондарды қолдану мерзімі – 40 жыл.
Кәсіпорын купе, плацкарт және қозғалысы қиын жолаушылар үшін арнаулы вагондар шығарады. Биыл 51 вагонды, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагонды пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ұлттық тасымалдаушының вагон паркін толығымен жаңартуына мүмкіндік береді. Өндірісті локализациялауға қазақстандық кәсіпорындар тартылған.
Президент теміржол саласының жұмысшыларымен әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа теміржол қатынасы жүйесін жаңғырту барысы жөнінде есеп берілді. Бүкіл ел бойынша 125 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, жолаушы тасымалдау жүйесіндегі қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға бағытталған шешімдер енгізіліп жатыр.
Атап айтқанда, отандық ІТ компаниялар жолаушыларға арналған бірыңғай цифрлы платформа әзірледі. Бұл билет сатып алудан бастап туристік қызмет көрсетуге дейінгі көптеген функцияны біріктіреді. Сондай-ақ пойыздар спутниктік интернетке қосылады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында видеотіркеулер, мобильді терминалдар, жасанды интеллект технологиясы негізінде мәліметтерді талдауға қабілетті 4 мың камера пайдаланылады.
Мемлекет басшысы барған келесі нысан – MFA International компаниясының елордадағы кәсіпорны. Бұл – индустриялық респиратор мен газтұтқы шығаруда Түркиядағы ең ірі және Еуропадағы үштікке енетін компания.
2020 жылы пандемияның шарықтау шағында MFA Maske компаниясы қызмет аумағын кеңейту жөнінде шешім қабылдап, Қазақстанға инвестиция құйған болатын. Астанада медициналық, өнеркәсіптік респираторлар, газға қарсы уланудан, сондай-ақ химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қатерден сақтайтын газтұтқы шығаратын зауыт құрылысын бастады. Жоба құны – 10 млн доллар. Компанияның жеке инвестициясы есебінен салынып жатыр.
Сонымен қатар Президент медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын елордалық кәсіпорындар көрмесін тамашалады. Мемлекет басшысына Heart Center Foundation қоғамдық қорының өкілдері Қазақстандағы кардиохирургия мен трансплантологияны дамыту миссиясы туралы әңгімеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл мамыр айында ALEM инновациялық аппаратын шығаратын зауыт құрылысы басталғаны жөнінде ақпарат берілді. Қазақстандық инженерлер мен UMC Жүрек орталығы дәрігерлерінің бірегей жұмысы заманауи трансплантологиядағы басты мәселе саналатын донорлық органды сақтау уақытының шектеулілігін шешуді көздейді.
Жүректің ишемиялық ауруларының түрлі формаларын емдеу ісіне Назарбаев университеті технопаркінің базасында іске асырылған жоба да өз үлесін қоспақ. «IHT Central Asia» ЖШС-і испаниялық Iberhospitex S.A компаниясының технологиясын әкеліп, интервенциалды кардиологияда қолданылатын коронарлық стент пен баллондық кататер өндірісін жолға қойды.
Eira Med фармацевтикалық кешені Еуропа Одағы елдері мен АҚШ-тан келетін медициналық бұйымдар импортын алмастырумен және технологияны трансферлеумен белсенді түрде айналысады.
Бұған қоса Президентке Kazecotech кәсіпорнының ғылыми-техникалық жетістіктері көрсетілді. Кейінгі үш жылда компания ең үздік әлемдік стандарттарға сай келетін 250-ден аса протез дайындап, 500 адамды Ottobock мүгедек арбасымен қамтамасыз еткен.
Көрмені аралаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика индустриясы мен медицина бұйымдары өндірісін дамытудың маңызын атап өтті.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Orbis Heavy Machinery арнайы және коммерциялық техника зауытына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев KIA маркалы арнайы және коммерциялық техникалар құрастыратын зауыт жұмысымен танысты.
Кәсіпорын іске қосылған 2022 жылдан бері 700-ден аса автокөлік шығарған. Өндіріске құйған инвестицияның жалпы көлемі 11 млрд теңгеден асты. Мұнда өндірушілерден жеткізілген бөлшектерді дәнекерлеу, сырлау, шанақ монтаждау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар коммерциялық автокөліктерге арналған қосымша жабдықтар өндірісі жолға қойылған. 240 маман тұрақты жұмыспен қамтылған.
Компания өндірістік қуаты мен өнім түрін кеңейту үшін басқа да халықаралық брендтермен келіссөз жүргізіп жатыр.
Президент еңбек ұжымына табыс тілеп, KIA Bongo автокөлігінің шанағына естелік қолжазба қалдырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы KazPan сэндвич-панелдерін өндіретін зауытты аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорын Kindus оңтүстіккореялық өндірісінің жоғары технологиялы автоматтандырылған желісімен жабдықталғаны жөнінде баяндалды. Зауыт жылына 1,8 млн шаршы метрге дейін өнім шығара алады.
Мұнда заманауи жабдықтармен және технологиямен жұмыс істеу үшін Kindus-тың инженерлерді оқыту курсынан өткен 50 маман еңбек етеді. Бүгінде сэндвич-панельдер өнеркәсіптік, логистикалық, әкімшілік, спорттық және басқа да нысандардың құрылысын жүргізуде сұранысқа ие екені айтылды.
Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беретініне және еліміздің инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Президент Астанадағы «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа аллеяның ландшафтты даму жоспары көрсетілді. Жоспар қаланың оңтүстік бөлігіндегі 942 гектарды қамтиды. Сарайшық ауданындағы желілік саябақ тұрғын үйлер кешені мен әлеуметтік нысандар, мектептер, теміржол вокзалы, скверлер, көшелер мен жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарының арасын жалғайды.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек вокзал маңындағы саябақ ауданның беткеұстар мүйісіне айналатынын айтты. Мұнда ойын алаңдары, амфитеатр және аллеялар салу жоспарланған.Былтыр «Қазақ елі» алаңында ағаштар егіліп, дизайнерлік қақпақтар орнатылды, шамдар мен басқа да сәулеттік қалыптар жаңартылды. Биыл ең әуелі Байтұрсынұлы, Нұрмағамбетов, Нәжімеденов көшелері мен Тәуелсіздік даңғылы маңындағы тұрғын үй кешендерін қамтитын желілік саябақты абаттандыру жұмыстары басталады.
Әкімнің айтуынша, қала дамуында Тұран даңғылының батыс жағындағы GreenLine бульвары ерекше маңызға ие. Шаһардың халық тығыз орналасқан ауданымен жалғайтын бульварда веложолдар, балалар мен спорт алаңқайлары, тынығатын демалыс аумақтары болады.
Аталған жобалар қаланы дамытудың көпорталықты моделіне сәйкес жүзеге асырылады. Яғни тұрғын үй, жұмыс, қызмет көрсету мен рекреация орындары қолжетімді әрі бір-біріне жақын болуға тиіс.