• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:10

Орта дәліз: Қазақстанның жаһандық логистикадағы дамуы

30 рет
көрсетілді

Қазақстан теміржол, жаңа теңіз терминалдары, кеңейтілген әуе бағыттарымен жаһандық логистика картасын қайта құрып жатыр. Мемлекет тез арада Еуразиядағы негізгі көлік торабы ретінде орнығып алды. Оның жүк транзитінің көлемі 2024 жылы 7,1 пайызға артты, ал 2030 жылға қарай шамамен үш есеге өседі. Теміржол, автомобиль, порт және әуе инфрақұрылымына ауқымды инвестиция салу арқылы ел өзін стратегиялық сауда дәліздері – Орта дәліз бен Солтүстік-Оңтүстік бағыттағы пози­циясын айқын көрсетіп отыр.

Чарльз Уитмор,

«Logictics Middle East»

сарапшысы

 

Табысқа бастайтын стратегиялық қадам

Жалпы тұрақты экономикалық өсу мен жаһандық серіктестіктердің кеңеюіне сүйене отырып, Қазақстан өңірлік және халықаралық логистиканың болашағын қалыптастырып келеді.

Өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік қызметтері оң нәтиже көрсетіп, Қазақстан экономикасы осы жылдың алғашқы айларында 6 пайызға өсті. Бұл – оның кейінгі 12 жыл­д­ағы ең жылдам қарқыны. Үкімет халықаралық сауда мен логистикаға басымдық берді.

2024 жылы Қазақстан арқы­лы өткен жүк транзитінің көр­сет­кіші 7,1 пайызға өсіп, 34,6 млн тоннаға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 млн тон­наға жетеді деп күтіліп отыр. Өйткені ел Қы­таймен 2029 жылға қарай жыл сайынғы контейнерлік блок пойыздарын 600-ден 3 000-ға дейін арттыру туралы келісімге келді.

Бұл Қазақстанның Қытай, Еуропа, Ресей, Каспий айма­ғы, Парсы шығанағы мен Оң­түс­тік Азияны байланыстыратын 13 халықаралық көлік дәлізіндегі стратегиялық орнын көрсетеді. Негізгі дәліздерге TRACECA, «Солтүстік-Оңтүс­тік» халықаралық көлік дәлізі және жылдам дамып келе жат­қан Орта дәліз (Транскаспий халықаралық көлік жолы) кіреді. Аталған бағыт Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты баламалы сауда жолы ретінде жаһандық беделге ие болып отыр.

 

Инфрақұрылымды өзгерту – басты назарда

Биылдың өзінде Қазақстанда 13 мың шақырым автомобиль және 6 100 шақырым теміржол жөнделіп жатыр. Алты әуежай жаңартылып, екі ірі теңіз жобасы жүзеге асырылып отыр.

Теміржол саласында Қытай­­мен және Орталық Азия­­мен байланысты нығайту мақ­сатында құны 2,3 трлн теңгені құрайтын бес ауқымды жоба іске қосылады. 2029 жылға қа­рай Қазақстанның даму стратегиясына сәйкес, ел

11 мың шақырым теміржолды жаңар­туды көздеп отыр. Бұл жобалар Қорғас, Алматы және Астана сияқты негізгі торап­тар­дан Ақтау портына дейін­гі тран­зиттік қашықтықты қам­тып, «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» дәлізін толықтыру үшін жаңа «Сол­түстік» және «Орта» бағыт­тарды құруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта автомобиль жолдарының 9 000 шақыры­мы жаңғыртылып, 1 083 шақы­рымында қайта жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Оның 847 шақырымын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Атаулы жаңа жобаның бірі – «Орталық – Батыс» тасжолы. Бұл Астана мен Ақтау арасындағы қашықтықты 889 шақырымға қысқартып, батыс экспорттық бағыттардағы тиімділікті арттырады.

Қазақстан азаматтық авиа­ция желісін де кеңейтіп жатыр. Үш жаңа әуежай салы­нып, бірнеше қолданыстағы хабтар жаңартылды. 2024 жылдың көрсеткішін алып қарасақ, алты отандық авиакомпания 57 бағыт бойынша аптасына 669 рейс жасайды. Халықаралық әуе қатынасы қазір Қазақстанды 119 бағыт бойынша 31 елмен байланыстырады. 2025 жылы Рим, Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Гуанчжоу және Пусан бағыттары жоспарланған. Ал Америка Құрама Штаттарына тікелей рейстер 2026 жылы басталады деп жоспарланып отыр.

Осылайша, ел 2029 жылға қарай 65 млн жолаушыға қыз­мет көрсетуді және жыл сайын 500 мың тонна әуе жүктерін өңдеуді көздейді. Жаңа жеке жүк авиа­компаниясы да үш ұшақтан тұратын бастапқы флотпен жұмысын бастады.

Теңіз қатынасы саласында жуық арада Ақтау портының акваториясын тереңдету жұмыс­тары басталады. Сауда флотын кеңейтуді жоспарлап отырған Қазақстан 17 жаңа кеме, оның ішінде 4 паром сатып алмақ. Қазір Құрық портындағы сыйым­­­­дылығы 1 млн тонна ас­тық тер­миналының құрылысы аяқ­­­та­лып, жылына 11 млн тон­наға дейін жүк өткізетін көп функ­ционалды Саржа терминалын дамыту жобасы іске қосылды.

Сондай-ақ осы жылдың мау­сы­мында Ақтау портында кон­тейнерлік торап іске қосы­лып, оның контейнерлік өңдеу қуаты 240 мың TEU (стандартты 20-футтық контейнер) дейін артты. Сонымен қатар Грузияның Поти портында қазақстандық жаңа терминал ашылды. Қазақстан Қытайдағы Сиань және Ляньюньган, Мәскеу маңындағы Селетино, Ташкент, Әзербайжандағы Алят және Мажарстан сияқты негізгі жаһандық логистикалық орталықтардағы терминалдық желісін кеңейтіп, Шығыс-Батыс сауда осі бойынша өз ауқымын нығайтып отыр.

Мемлекет Астана халықара­лық қаржы орталығы (АХҚО) сияқты платформалар арқы­лы да трансшекаралық се­рік­­тес­тікті дамытып жатыр. АХҚО Middle Corridor Mul­timodal Ltd. (Қазақстан, Әзер­байжан, Грузия), Caspian Integrated Maritime Solutions (Қазақстан, БАӘ), KPMC Ltd. (Қазақстан, Сингапур), SK-AIH Investment Fund Ltd. (Қазақстан, Әзербайжан) сияқ­ты бірлескен стратегиялық кәсіпорындарды іске қосуға ықпал етті.

Бұл ынтымақтастық мультимодальды логистиканы арттыру, шетелдік инвестицияларды тарту және Орта дәліз бойындағы байланысты нығайту бойынша үйлестірілген аймақтық күш-жігерді көрсетеді.

 

Жаһандық көзқарасы бар аймақтық көшбасшы

Осынау бастамалар инвес­тициялар сауда-саттықты же­дел­­детіп, аймақ бойынша тран­­зиттік әлеуетті арттыру арқылы айтарлықтай табыс әкеледі деп күтіліп отыр. Қазір ішкі жалпы өнімі 400 млрд доллардан және халқы 80 млн-нан асатын Орталық Азия барған сайын өзекті экономикалық блокқа айналып келеді. Қазақ­станның көлік, цифрландыру және инфрақұрылымды мо­дер­­низациялаудағы көш­бас­шылығы оны осы трансфо­р­мацияның іргетасы ретінде көрсетеді.

Қазір Қазақстан – 2022 жылдан кейінгі жеткізілім тізбегінің жаһандық тең­герімінен кейін елеулі трансформацияны бастан кешіріп жатқан Еуразиядағы негізгі көлік торабы. Азия мен Еуропаның тоғысқан жерін­дегі стратегиялық орны бар ел мультимодальды логистика, инфрақұрылымды дамыту және халықаралық байланыс саласындағы аймақтық көш­бас­шы ретінде көтерілуін жедел­детіп отыр. Осылайша, ел Еура­зияның жетекші көліктік хабына айналу мақсатын қойған.

Жаһандық жеткізу тізбегі дамып келе жатқанда, Еуразия арқылы құрлық, теңіз және әуе жолдарын байланыс­тыра­­тын Қазақстанның инте­грация­ланған көлік желісі елдің ертеңгі логистика­ны қа­лыптастырудағы маңыз­ды­лығын көрсетеді.

 

Дайындаған –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»