Көкжөтелге шалдығу жағдайлары елімізде артқан. Жыл басынан бері 200-ден астам жағдай тіркеліп, олардың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева бұл көрсеткіштің вакцинадан бас тарту мен жоспарлы екпеден кеш қалу салдарынан ұжымдық иммунитеттің төмендеуімен байланысты екенін айтады, деп жазады Egemen.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын шамамен 60 миллион адам көкжөтелмен ауырады.
Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда көкжөтелмен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері көкжөтелдің 203 жағдайы тіркелді, оның 87% - 5 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылық тіркелді. Көкжөтелмен сырқаттанушылық негізінен вакцинацияланбаған балалардың есебінен тіркеледі (90% - дан астам).
«Көкжөтел жағдайларының өсуі жоспарлы вакцинацияны өткізіп алу және вакцинациядан бас тарту себебінен ұжымдық иммунитетінің төмендеуімен байланысты», дейді басқарма басшысы.
Көкжөтел – жедел респираторлық бактериялық инфекция, ол Bordetella pertussis таяқшасынан туындайды және ауа тамшылары арқылы, жөтелгенде, түшкіргенде, науқас сөйлескенде таралады.
Маманның айтуынша, көкжөтелге өмірдің алғашқы айларындағы балаларға әсіресе қиын.
«Алдымен балада жалпы суықтың белгілері пайда болады: мұрыннан су ағу, температураның көтерілуі, қалыпты жөтел. Жөтел күшейіп, бірнеше рет қайталанады. Мұндай әлсірететін жөтел шабуылдары кезінде мидың қан айналымының бұзылуы, оттегінің ашығуы пайда болады, нәтижесінде психиканың бұзылуы және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болады», дейді Нұршай Әзімбаева.
Айта кеткен жөн, көкжөтел өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті. Көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмектер жоқ.
«Көкжөтелден және балалардағы аурудың ауыр түрінің даму қаупінен қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – вакцинация. Тек вакцинация баланы аурудан сақтай алады. Сирек жағдайларда вакцинацияланған балаларда көкжөтел пайда болса да, аурудың ағымы вакцинацияланбағандарға қарағанда бірнеше есе жеңіл және асқынусыз өтеді», дейді маман.
Елімізде көкжөтелдің алдын алу үшін аралас вакцина пайдаланылады, Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес иммундау дифтерияға, сіреспеге, "В" гепатитіне, гемофильді инфекцияға және полиомиелитке қарсы бір мезгілде 2 айдан бастап (2, 3 және 4 айда) балаларға үш рет жүргізіледі. Сондай-ақ, 1,5 және 6 жастағы көкжөтелге қарсы ревакцинация жүргізіледі, бұл балалық шақта көкжөтелден қорғану ұзақтығын қамтамасыз етеді.
Вакцинацияланбаған адамның ауруы кезінде инфекция ауыр түрінде, мүгедектікке және өлімге әкелуі мүмкін асқынулармен жүреді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы көкжөтелмен инфекцияның алдын алу үшін келесі жолдарды ұсынды:
- Ауруды тіркеу кезеңінде адамдар көп жиналатын орындарға (сауда-ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, ХҚКО және т. б.) баруды шектеу;
- Көкжөтелге тән белгілері бар (жөтел, температура, мұрыннан су ағу) науқас адамдармен байланыста болудан аулақ болу;
- Бөлмені жиі желдетіп, үнемі ылғалды тазалап отыру;- жөтелгенде ауызды жабу;
- Қолды сабынмен жиі жуу, әсіресе қоғамдық орындарда, көлікке отырғанда;
- Медициналық ұйымда екпе алу жөнінде шаралар қабылдау;
- Асқынуларды болдырмау және айналасындағыларға жұқтырмау, өзін-өзі емдемеу, дәрігердің нұсқауы бойынша ғана ем қабылдау үшін ауру пайда болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгіну;
- Ата-аналарға ауру белгілері бар балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептерге және мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жібермеу;
- Егер балаңызда вакцинация болмаса қонақтарға баруды шектеу .