• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Экспорт Бүгін, 18:20

Қазақ бидайы Вьетнамға экспорттала бастады

30 рет
көрсетілді

Еліміздің жоғары сапалы бидайы тиелген транзиттік контейнерлі пойыз Қытайдың Ляньюньган портына барды. Ол – Вьетнамға арналған әрі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жіберген сегіз құрамның біріншісі. Жеткізу мультимодальды бағытпен жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Ветнам еліне жол тартқан бидайдың жалпы салмағы 1,7 мың тоннаны құрайтын 62 контейнерден құралған. Контейнерлер теңіз кемелеріне тиелгеннен кейін, бидай Вьетнамның Хайфон портына жеткізіледі. Қазақ астығының Вьетнамға сәтті жөнелтілгені туралы Қытайдың орталық телеарнасы мен Қытай халықаралық тележелісінде көрсетілді.

Ляньюньган портындағы логистикалық база «бір контейнер – бір сервис» қағидасымен жұмыс істейді. Бұл модель бойынша жүктің бастапқы нүктеден соңғы межеге дейін қайта тиеусіз бір контейнерде жеткізілуі қамтамасыз етіледі. Осы технологияның арқасында теміржолдан теңіз портына өту уақыты небәрі бір сағатқа созылды. Сонымен қатар, қазақстандық бидай барлық рәсімдер жедел түрде жүргізілетін «жасыл дәліз» арқылы жүреді.

«Бастапқы нүктеден соңғы межеге дейін бір контейнерде жеткізу» форматы Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған қазақстандық экспортқа сапалы әрі тиімді құрлықтық-теңіздік интермодальды қызмет көрсетуді қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, қытай елінің логистикалық базасы кеден, порт, теміржол мен басқа да ведомстволардың қолдауына ие болды. Нәтижесінде порттағы жүктің рәсімделу тиімділігі 70%-ға артқан.

Анығы, алғашқы бидай партиясы Ақмола облысындағы астық қабылдау кәсіпорындарында дайындалған. Жалпы, Вьетнамға шамамен 15 мың тонна азықтық бидай жөнелтіледі деп жоспарланып отыр. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Жүнішевтің айтуынша, жаңа логистикалық бағыттар отандық аграршылар үшін алыс шетел нарықтарына шығуға жол ашып отыр.

«Қытайлық әріптестермен бірлесіп құрылған инфрақұрылым бүгінде нақты нәтижесін көрсетуде – бұл тұрақты әрі жедел жеткізілім. Бұл – еліміздің экспорттық әлеуетін дамытудағы маңызды қадам», деді корпорация басшысы.

Жыл басынан бері «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» экспортқа 196 мың тонна астық жөнелтті. Ең ірі партиялар Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Иран нарықтарына жіберілді.