• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 09:33

Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізілді

30 рет
көрсетілді

Алматы облысы Балқаш ауданында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Францияның ғылыми ұйымдарының қатысуымен кең көлемді далалық зерттеу жұмыстары өтті. Экспедицияны еліміздің ғылыми ұйымдары  жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Зерттеу тобы Балқаш көлінің бассейніндегі су ресурстарының қазіргі жай-күйін жан-жақты бағалауды мақсат етті. Сонымен қатар негізгі міндеттердің қатарына жерүсті және жерасты суларын бақылау, суармалы егіншіліктің жағдайын талдау, сондай-ақ өңірлік су балансын модельдеу үшін нақты деректер жинау кірді.

Экспедиция құрамында Францияның ғылыми консорциум өкілдері, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы, «Қазгидрогеология» РМК, У.М. Ахмедсафин атындағы институт және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС сарапшылары болды.

Министрліктің хабарлауынша, мамандар Бояулы, Береке, Бақанас, Бақбақты және Бірлік ауылдық округтеріндегі суару инфрақұрылымын тексеріп, ауыл шаруашылығын сумен қамту, каналдардың техникалық жағдайы мен жаңғырту қажеттілігін зерделеді. Су үнемдеу технологияларын енгізу, суды қайта пайдалану және жерасты суларының деңгейі де назардан тыс қалмады.

Экспедиция аясында Қапшағай су қоймасы, Іле өзенінің төменгі ағысы, Сорбұлақ көлі, мелиорациялық және артезиан ұңғымалары зерттеліп, Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттарында кездесулер өткен.

«Зерттеу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптарға ұсыныстар қамтылған талдамалық есеп дайындалады. Француз сарапшыларымен бірлесіп іске асырылып жатқан бұл жоба 2040 жылға дейінгі болжаммен Балқаш көлін сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеуге бағытталған. Жүргізіліп жатқан зерттеулер Қазақстан мен Франция арасындағы экология, су пайдалану және ғылыми алмасу саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам», деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаменті директорының орынбасары Марат Иманалиев.

Айта кетейік, былтыр желтоқсанда ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның даму агенттігі (AFD) және Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы (BRGM) арасында Балқаш көлінің бассейнін кешенді зерттеу және оны қорғауға бағытталған мастер-жоспар әзірлеу жөнінде үшжақты келісімге қол қойылған болатын.