• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:20

Абай еліне инвесторлар ағылды: 1 мегафорум, 15 меморандум

30 рет
көрсетілді

Абай елінде өткен «Туған жерге туыңды тік» атты ауқымды инвестициялық форумға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, шетелдік, отандық инвесторлар, осы өңірден шыққан ірі кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері қатысты. Келелі кеңеске 500-ге жуық кәсіпкер жиналды.

Форумның пленарлық сес­сиясында Парламент Сенатының депутаттары Айнұр Арғынбекова, Қайрат Тастекеев, Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Мақсат Толықбай, Ринат Зайытов, «Agro Land Co» ЖШС бас директоры, «EurasiaRed» холдингтік компаниясының президенті Ерлан Мұқашев, «KAZ Minerals» тобы басқармасының төрағасы Эльдар Мамедов, «Сан Бао» сауда-өнеркәсіп корпорациясы басқармасының төрағасы Кан Хэпин, «Эйкос» ЖШС бас директоры Александр Соловьёв, Қазақстандағы «Yokohama», «Triangle» компанияларының ресми дистрибьюторы Сырымбек Тау, «ASR» экожүйесінің негізін қалаушы Дәурен Бимов, «Q4 Тұлпар» компаниясының басшысы Талғат Сақан, сонымен бірге Ақтөбе, Түркістан облысы әкімдіктерінің өкілдері сөз сөйледі. Инвесторлар Абай облысында жүзеге асыратын жобалары туралы айтты.

– Абайдың 180 жылдығына орай Бейжіңде Абай үйін ашамыз. Бұған қоса, Абай елінде өзіміздің «Пана» қонақ үй желісін ашуды жоспарлап отырмыз. 500 орындық мәжіліс залы болады. Бес заманауи, стандартқа сәйкес мейрамханалар ашылады. Екінші жобамыз – «SEMEY MALL» аталып кеткен құрылыс. Көп жылдан бері кезек күтіп тұрғаны белгілі. Екі-үш күннен кейін құрылыс жобасын бас­таймыз, – деді белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау.

Қытайлық «Сан Бао» сау­да-өнеркәсіп корпорациясы басқармасының төрағасы Кан Хэпин 33 жылдан бері Абай облысымен қалыптасқан ынты­мақтастық байланыстарды қар­қынды жалғастыра беретінін жеткізді.

– Бүгін Абай елінің дамуы­на арналған маңызды қадам – «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумына жиналып отырмыз. Бұл форум – өзара ой бөлісетін, пікір алмасатын, ең бастысы, болашаққа бірге қадам басуға мүмкіндік беретін алаң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» деп атап өткен қасиетті Семей төріне келіп отырсыздар. Абай облысы – жаңадан құрылғанымен, әлеуеті жоғары аймақ. Табиғи ресурстарымыз, еңбекқор халқы, өндірістік инфрақұрылымы мен географиялық орналасуы – тұрақты дамуға негіз бола алады. Алайда осы мүмкіндіктер­ді іске асыру үшін жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлардың белсенділігі ауадай қажет, – деді өңір басшысы Берік Уәли.

Сонымен қатар облыс әкімі бүгінге дейін 50-ден астам ше­телдік инвестормен кездесу өткізгенін, «Семейдің сәулет кел­беті» атты ашық байқау жа­рия­ланғанын мәлімдеді. Қо­лай­лы географиялық орнала­­суы­на орай, Абай облысы – Қытай, Ресей, Орталық Азияны байланыстырып жатқан өңір. Бұл тұрғыда ірі халықаралық сауда дәлізіне шығатын көлік-ло­гис­тикалық хабты дамытуға мүм­кіндік мол. Осы ретте өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Солардың бірі – Аягөз – Бақты теміржолы мен құрғақ порттың құрылысы.

Әкімдіктің мәліметінше, қазір облыста 8000-нан астам тұрақты жұмыс орнын құру­ға бағытталған, жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 38 перс­пективалы инвестициялық жобадан тұратын бірыңғай пул қалыптасты. 2024 жылдың қо­рытындысына сай, нақты сек­тордағы негізгі капиталға салын­ған инвестициялар көлемі 575,3 млрд теңге болды. Тікелей ше­телдік инвес­тиция көрсет­­кіші – 775,3 млн доллар. Былтыр ­14,4 млрд теңгеге 8 жоба іске асырылып, 330 жұмыс орны құрылды. 2025 жылы 31,1 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асырып, 767 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде 1 млрд тең­геге 1 жоба іске қосылды. Бұған қоса биыл 10 млрд теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдарын кеңейтіп, жылына 6000 арнайы техника шығаратын желі жаңартылады. Сондай-ақ «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион қағаз бен картон бұйымдары өндірісін іске қосады деп жоспарланып отыр.

Өткен айда Абай облысы делегациясы Қытайдың Шыңжаң өлкесіне жұмыс сапарымен барып, «Үлкен Алтай» субөңір­лік ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференциясына қатысты. Сапар аясында өңір басшысы 20 кездесу өткізіп, жалпы мөлшері – 1,5 млрд доллардан асатын 15 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

– Бұл форумға бірнеше об­лыстың өкілдері келді. Мем­лекет басшысының қол­дауы­мен хакім Абайдың 180 жыл­дық мерейтойына орай бас­тал­ған «Абайға құрмет» акция­сы аясында еліміздің әрбір өңірі облысымызға бір-бір нысаннан салып бермек. Қазір Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстары, Шымкент пен Астана қалалары тиісті жұ­­мыстарды бастап та кетті. Қал­ған өңірлер де бұл бастаманы қолдайтындарын білдіріп отыр. Жиында облыс әкім­де­ріне өңір тұрғындары атынан алғы­сымды айттым. Бүгінгі кездесу – туған жердің болашағын жар­қын етуге бағытталған ортақ қада­мымыздың бастамасы. «Туған жер­ге туыңды тік» – қасиетті хал­­қымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасқан ұлы ұстанымы. Баба­дан қалған осы өсиет – қазір өзекті, ертеңіміз үшін бағдаршам болмақ, – деді Берік Уәли.

– «KAZ Minerals» ЖШС бас­қарма төрағасы Эльдар Мамедовтың айтуынша Абай елінде компания қолдауымен көптеген игі іс атқарылды. Енді мына, Семейде стадион салу жобасы спорттық инфрақұрылым саласындағы ең ауқымды істердің бірі болмақ. Бұл – спорттың дамуына үлес қана емес, қаланың сәулетіне серпін беретін жоба. Біз осындай тарихи сәттің бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз», – деді.

 

«Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумының қорытындысында:

Абай облысы білім басқармасы мен ­Астана қаласының құрылыс басқармасы бірлесіп, «Келе­шек мектептері» жобасы аясында білім беру нысанын салу; Абай облысының ауыл шаруашылығы бас­қармасы мен «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-мен бірлесіп, тазартылған май өндіретін зауыт салу; Абай облысының құрылыс басқармасы мен Шығыс Қазақстан облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы бірлесіп, Семей қаласының оң жақ жағалауында құрылыс жобаларын іске асыру; Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ақтөбе облысының әкімдігі бірлесіп, Жекпе-жек сарайының құры­лысын салу; Абай облысының кәсіпкерлік және ин­дустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Түркістан облысының әкімдігі бірлесіп, Көрме орталығының құрылысын салу; Семей қаласының әкімдігі мен «KAZ Minerals» ЖШС бірлесіп, жаңа стадион құрылысын салу; «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Qazaq-Astyq Group» ЖШС бірлесіп, бұршақ және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеу зауытын салу; Семей қаласының әкімдігі мен «Эйкос» ЖШС бірлесіп, қаланың аула кеңістіктерін абаттандыру; Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «DKPROEKT» құрылыс компаниясымен бір­лесіп, «Semey Smart City» ауданы бойынша жаңа жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу; Абай облысының туризм басқармасы мен «Бірлік-Павлодар» ЖШС бірлесіп, жол бойындағы сервистік нысандардың құрылысын салу; Жаңасемей ауданының әкімдігі мен «Miryildiz Kz Ltd» – Жаңасемей ауданында мектеп құрылысын салу; Үржар ауданының әкімдігі мен «Q4 Тұлпар» компаниясы бірлесіп, балабақша салу; Абай облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы «Vira Group» ЖШС-мен бірлесіп, сауда үйі жобасын жүзеге асыру; Курчатов қаласының әкімдігі мен «Samal Commodities» ЖШС бірлесіп, көмір өңдеу ар­қылы аммиак пен карбамид өндіретін зауыт салу; Семей қаласының әкімдігі мен «Белес» компаниясы – бокс орталығының құрылысын салу сынды 15 өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

 

Абай облысы