Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында қазақстандықтардан ең көп шағым түсетін өңірлердің әкімдіктерін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгін қоғамдық кеңістіктің және қоршаған ортаның жай-күйіне бақылау орнату аясында цифрландыру мүмкіндіктері табысты қолданылып жатқаны атап өтілді. Өткен жылы экологиялық мәселелер мен абаттандыруға қатысты ұсыныстар мен шағымдарды қабылдауға арналған @TazaQazBot іске қосылған.
Биылғы жылдың өзінде 11 мыңнан астам өтініш келіп түскен, оның ішінде 10 мыңы орындалған.
Министрдің айтуынша, азаматтар ең жиі көтеретін мәселелер — аумақтарды тазалау қажеттігі (2 963), қоқыс шығару (662), көшелерді абаттандыру және тротуарларды күтіп ұстау (607).
Сонымен қатар, портал арқылы өтініштердің сапасыз немесе толық орындалмауына байланысты шағымдар да тіркеліп жатыр.
«Жетісу облысында әрбір алтыншы өтінішке әкімдікке қатысты шағым қосылады (118 өтініштің 19-ына шағым келіп түскен). Сондай-ақ, шағымдар үлесі жоғары өңірлердің қатарында Шымкент, Ақмола облысы және Ұлытау облысы бар», деді Ерлан Нысанбаев.
Алайда бұл өңірлерге барлық өтініштердің небәрі 4%-ы ғана тиесілі. Мысалы, Түркістан облысында 1600 өтінішке бар болғаны 5 шағым келіп түскен — бұл 1%-дан аз.
Министр негізсіз өтініштерді жою фактілеріне де жеке тоқталды.
«Алматы қаласында рұқсат етілмеген қоқыс төгілген орындар туралы хабарлаған 7 тұрғынның өтініші Полиция департаментіне жолданған. Алайда, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою — әкімдіктердің тікелей міндеті және бұл жұмыс қолданыстағы өкілеттіктер аясында орындалуы тиіс», деп атап өтті министр.