• RUB:
    6.61
  • USD:
    518.5
  • EUR:
    601.62
Басты сайтқа өту
Оқиға Кеше

Жүк көлігі пойызбен соқтығысты

0 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында пойыз жүк көлігіне соғылып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқиға 23 маусым күні 13:30 сағат шамасында болған. Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылынан 3 шақырымдай жерде, теміржол өткелінде «Шахман» жүк көлігі пойызға жол бермей, жүк пойызының тепловозына соғылған.

«Жол апатының нәтижесінде алған жарақаты салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі сол жерде қаза тапты. ҚР Қылмыстық Кодексінің 344 бабы, 2 бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды. Жол-көлік оқиғасының себеп-салдары анықталып жатыр» деп хабарлады полиция баспасөз қызметі.

Жүк пойызы құрамында 90-нан аса тіркеме болса, оның басым бөлігінде, яғни 74 цистернада сұйытылған газ болған екен. Көлікке соғылған тепловоздан өрт шығып, жана бастаған. Ал пойыздың вагондарын ТЖД күштері локомотивтен жедел ағытып, темір жолдың қауіпсіз учаскесіне алып кеткен. Төтеншеліктердің кәсіби шеберлігі, жедел қимылы арқасында локомотивтің өрті тез сөндіріліп, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Апат кезінде теміржол бойына зиянды зат төгілмеген, табиғатқа зиян келмеген.

Қолда бар ақпаратқа қарағанда «Шахман» автокөлігінің рөлінде 1958 жылы туған Е.Т. есімді азамат болған екен. Ол оқиға орнында тілге келмей қайтыс болды. Жүк көлігі «Сұңқар» ЖШС-іне тиесілі көрінеді. Ал Астрахань облысының Басқұншақ стансасына бет алған тепловоз Ресей Федерациясының Приволжск теміржол жүйесіне қарайды.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Сайқын және Шоңай теміржол бекеттерін Ресейдің жолаушылар және жүк пойыздары пайдаланып, тәулігіне бірнеше мәрте өтеді. Олар Қазақстан аумағына аялдамайды.

 Батыс Қазақстан облысы