• RUB:
    6.61
  • USD:
    518.5
  • EUR:
    601.62
Басты сайтқа өту
Ғылым Кеше

Заманауи сөз тіркестері зерттелді

40 рет
көрсетілді

LiveDune әлеуметтік желілерді талдау және басқару қызметі Instagram және Facebook желілеріндегі жазбаларға жазылған 200 000-нан астам пікірді зерттей келе «Базар жоқ» сөз тіркесі жиі қолданылғанын айтады. Осылайша бұл сөз тіркесі жыл сленгі аталып отыр, деп жазады Egemen.kz.

200 сленг сөзінен тұратын сөздікті Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің докторанты Қымбат Тұрғанбаеваның көмегімен құрастырылған. Оның айтуынша тізімдегі сөздердің бір бөлігі - TikTok және Telegram арналары арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен енген гибридті интернет-сленгтер.

Қолданушылардың 80 пайызы сленгті ең көп Instagram желісінде қолданған, Facebook-те 18, ал Telegram-да 2 пайыз ғана. Бұл Telegram әлеуметтік желісінің елде енді ғана таныла бастағанымен байланысты болуы мүмкін.

Желі қолданушылары «Базар жоқ» - 45 пайыз, «Құрсын» - 15.3 пайыз, «Қасқа» - 8.3 пайыз, «Бро» - 8.3 пайыз – сөз тіркесі мен сөздерді көп қолданған.

«Базар жоқ» - бұл әмбебап «бас идім», мақұлдау мен құрмет белгісі, «Құрсын» – «мейлі» дегеннен «таң қалдыруға» дейінгі реакция ретінде қолданылғанын айтады зерттеушілер. Ал «Қасқа» - аздап ашуланған, бірақ мейірімді, «әу, ақымақ» деген секілді нұсқада айтылған.

Сондай-ақ «Примерно дедім ғой» гибридті тіркесі - Instagram-дағы ең танымал сленг тіркестерінің ондығына енді. Бұл «мен ескерткенмін» дегенді ирониялық түрде айтудың бір тәсілі.

«Сленг - бұл жай ғана қызықты сөздер емес. Бұл өмірдің, эмоциялардың, уақыттың жылдамдығының көрінісі. Біз әлеуметтік желілерде жаңа қазақ сөйлеу тілінің - жанды, динамикалық және өте өзіндік сипатта қалыптасып жатқанын көрдік. Қазақ тіліндегі қазіргі заманғы жастар сленгі - бұл жай ғана тренд емес, мәдени кодтың бір бөлігі. Ол эмоцияларды білдіруге, қауымдастыққа тиесілі екенін сезінуге, сонымен қатар тілді уақыт ырғағына бейімдеуге мүмкіндік береді. «Базар жоқ», «қасқа» сияқты тіркестер әлеуметтік желілерде, қала жастары арасында және бейресми сөйлеуде белсенді қолданылады, бұл дамып келе жатқан тіл үшін мүлдем табиғи құбылыс», дейді Қымбат Тұрғанбаева.  

LiveDune әлеуметтік желілерді талдау және басқару қызметінің PR бөлімінің жетекшісі Мария Чашникованың айтуынша сленг сән секілді жаңарып отырады.

«Бізге әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас стилінің қалай дамып, тіл туралы классикалық түсінікті қалай өзгертіп жатқанын бақылау өте қызықты. Біз бұл зерттеуді жыл соңында жалғастырып, 2025 жылдың ең жиі қолданылатын сөздері қандай болатынын да анықтаймыз. Деректердің дәлдігі қазақ тілді аккаунттардың және сәйкесінше біздің сервисіміздегі пікірлер базасына байланысты. Ол үнемі өсіп келеді және біз оны ғылыми зерттеулерге ұсынамыз»,  дейді М.Чашникова.