Елде «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру – баршаға ортақ міндет. Сондықтан әр отандасымыз кез келген заңға қайшы әрекетке мүлдем төзбей, азаматтық белсенділік танытуы қажет. Қолданыстағы құқықтық-нормативтік база да бұл талапты толық қамтамасыз ете алады. Тек сол заңдардың орындалуына саналы түрде атсалысу қажет. Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің де рөлі айрықша.
Өйткені олардың әр шешімі – халықтың әл-ауқатына, қоғамның тұрақтылығына, ең бастысы мемлекеттің болашағына тікелей әсер етеді. Яғни мемлекеттік қызметшілердің заң мен тәртіп қағидатын ұстануы – тек қызметтік міндет емес, бұл қоғамдық сенімді ақтаудың, әділеттілік пен тұрақтылықтың кепілі. Сол себепті салада кәсібилікпен қатар адалдық, жауапкершілік және қоғамға шынайы жанашырлық аса маңызды. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген маманның бірі – Валерий Сосенко.
Еңбек жолын 1987 жылы қарапайым зоотехниктен бастаған ол бүгінде Меңдіқара ауданына қарасты Первомай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді. Тек міндетін атқарумен шектелмей, Валерий ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына шынайы жанашырлықпен қарап, нақты шешім қабылдай алатын көшбасшылық қабілетін де көрсетіп жүр. Бұған бір жағынан мемлекеттік қызметтегі 30 жылға жуық тәжірибесі сеп болып отыр.
– КСРО Қарулы Күштері қатарында әскери борышымды өтеп, азаматтық парызымды абыроймен орындадым. Кейін кіндік қаным тамған жерге маңдай терім де тамсын деген ниетпен ауылға келдім. 1996 жылға дейін зоотехник болып еңбек етіп, саланың қыр-сырын терең меңгердік. Сол жылдың желтоқсан айында көптің қолдауымен ауылдық округтің әкімі қызметіне тағайындалдым. Жалпы, қандай жағдай болсын, мемлекеттік қызметте өзгермейтін қағидалар бар. Бұл – ең алдымен еліңе деген жанашырлық, адалдық, жауапкершілік және құқықтық тұрғыдан сауатты болу. Ал ішкі тәртіп пен кәсібилігін талабыңды өсірмесе, кемітпейді. Қазір – әлем дамуы жаңаша серпін алып, цифрлы технология дәурен құрып тұрған шақ. Десек те қоғамдық басқару жүйесіндегі құндылықтар тек түрленбесе, түбегейлі өзгермейді. Ал мен атап өткен қасиеттер елде заң мен тәртіп қағидатының берік орнығуына негіз болады, – дейді В.Сосенко.
Тең құқық пен тәртіп орнаған қоғамда ғана даму мен өрлеу болады. Ал бұл жолда кәсібилік пен жанашырлық қатар жүруге тиіс.