Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қызылорда облысындағы мұнай-газ өндіруші компаниялармен кеңес өткізді. Кеңесте өңірдің газ қорларын игеру, өндірісті ұлғайту және энергетикалық қауіпсіздікке үлес қосу бағытында бірқатар нақты мәселелер қаралды, деп жазады Egemen.kz.
Қызылорда облысының газ ресурстарының жалпы әлеуеті 22 млрд текше метрден асады. Бұл – елдің энергетикалық қоры үшін айтарлықтай маңызды көрсеткіш. Соңғы жылдары өңірде бұл бағыттағы жұмыс жандана бастаған. Мәселен, 2022 жылы «БК «ҚазГерМұнай» ЖШС Оңтүстік Ақсай газконденсатты кен орнын өндірістік игеруге енгізді. Қазір бұл кәсіпорын аймақтық газ хабына айналып келеді.
2025 жылдың тамызына дейін «Kazpetrol Group» ЖШС мен «Галаз и Компания» ЖШС өндіріп отырған ілеспе мұнай газы «ҚазГерМұнайдың» УКПГ–1,2 қондырғысына жеткізілмек. Ал қыркүйекке қарай бұл қондырғыға «ТұзкөлМұнайГаз Оперейтинг» ЖШС-ның шикі газы бағытталады.
«ПетроҚазақстан Венчерс Инк.» компаниясы газ қорларын игеруге түрлі тәсілдер қарастырып отыр. Атап айтқанда, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-мен бірлесіп Арысқұм кен орнының газ шапкасын игеру жобасы бойынша жұмыс істеуде. Қазіргі таңда осы учаскені өнеркәсіптік тұрғыда пайдаланудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ «Торғай Петролеум» АҚ жылына 50 млн текше метрге дейін газ қабылдауға және оны пайдаға асыруға дайын екендігін жеткізді. Вице-министр Құдайберген Арымбек бұл көлемді сұйытылған табиғи газ (СТГ) өндірісіне бағыттау бойынша әлеуетті инвесторлармен жұмыс істеуді ұсынды.
Кеңесте «БК «КуатАмлонМунай» ЖШС-ның 2026 жылдан бастап сынақ жүргізуге арналған ұңғымаларды іріктеу жөніндегі жоспарлары таныстырылды. Ал «СНПС-Ай Дан Мунай» АҚ-пен газ кен орындарын игеру бойынша қосымша келіссөздер өткізу жоспарлануда.
Жиын барысында Энергетика министрлігі мен облыс әкімдігі тарапынан әлеуметтік-экономикалық жауапкершілік мәселелері де көтерілді. Компаниялар – «КОР Мұнай компаниясы» АҚ, «Кен-Ай-Ойл Қызылорда» ЖШС, «Кристалл Менеджмент» АҚ, «Sozak Oil and Gas» АҚ, «Тұран-Барлау» ЖШС және басқалар – келісімшарттық міндеттемелерін орындау барысы және өңірдің инфрақұрылымына қаржылай үлес қосу бағытындағы жұмыстары бойынша есеп берді.
Құдайберген Арымбек Қызылорда облысының газ әлеуеті елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өндірістік инфрақұрылымды кеңейтуге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.