• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Технология Бүгін, 09:40

Цифрлық әлеуетті нығайтады

20 рет
көрсетілді

Жақында еліміз «50-in-5» жаһандық бастамасына қосылды. Бұл бастама цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның (DPI) негізгі элементтерін жедел енгізуді мақсат етеді. Сондай-ақ технологиялар заманауи, ыңғайлы, проактивті мемлекеттік қызметтерді дамытуға негіз болып, адамдардың өмір сүру сапасын арттырып, цифрлық экономиканы ілгерілетуге ықпал жасайды.

Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым – бұл цифрлық төлемдер, сәйкестен­діру және деректер алмасу жүйелерінің қауіп­сіз әрі өзара әрекеттесе алатын жиын­ты­ғы. Цифрлық дәуірде бұл жүйелер экономика мен әлеуметтік өмірге толық­қан­ды қатысудың басты алғышартына айналды. «DPI» барлық елде орнық­ты әрі инновациялық экономика құрып, тұрғындардың әл-ауқатын қамтамасыз етуі үшін қажет.

«50-in-5» бастамасының негізгі мақсаты – 2028 жылға дейін 50 ел кем дегенде бір «DPI» элементін енгізу. Бұл тәжірибе алмасу және ашық цифрлық өнімдерді қолдана отырып, бірлескен шешімдер әзірлеу шығынын азайтып, трансформацияны жеделдете түседі.

«Еліміздегі цифрлық трансфор­ма­цияның басты өзегі – адам. Біз үшін технология – жай ғана технология емес, ол азаматтардың өмірін жақсартатын құ­рал. Осы мақсатта әр қадамымызды халық игілігі үшін жасай отырып, ашық, түсі­нікті және тиімді цифрлық мемлекет құ­рып жатырмыз. Шын мәнінде, цифр­лық ше­шім­дер қашықтықты қысқартады. Осы ар­қылы адамдар қайда тұрса да, біз олар­ға жақын бола аламыз. «50-in-5» бас­тама­сына қосылу – азаматтарға арналған цифр­лық трансформациямызды үдетіп, шы­ғындарды азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Қазір елімізде цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның негізгі элементтері табысты енгізіліп отыр. Мәселен, цифрлық сәйкестендіру жүйесінің (Digital ID) негізгі бөлігі – «eGov Mobile» мобильді қосымшасы. Бұл – ресми электрондық үкіметтің супермобильді қосымшасы, ол қауіпсіз авторизация, қашықтан жеке басын растау және мемлекеттік қызметтер­дің кең ауқымына қол жеткізу мүмкіндігін қамтиды.

Бүгінде «eGov Mobile» қосымшасын 10,9 млн-нан астам ел тұрғыны пайдаланады. Оның ішінде ай сайынғы белсенді аудитория 5,3 млн адамды құрайды, ал тәулігіне орта есеппен 354 мың пайдаланушы қосымшаға кіреді. «Қызметтер» бөлімінде 200 түрлі сервис қолжетімді, ал «eGov Mobile» арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны ­82 млн-нан асты. Әсіресе адамдар «Цифр­лық құжаттар» бөлімін көп пайдаланады. Онда жеке куәліктен бастап, жүргізуші куәлігіне дейін 38 түрлі электрондық құжат қолжетімді. Бұл функция іске қосылғаннан бері құжаттарды 25,7 млн-нан астам рет қолданған.

Сонымен қатар мемлекеттік жүйе­лер арасында деректер алмасу үшін «Smart ­Data Ukimet» ақпараттық-талдамалық плат­­формасы жұмыс істейді. Оған 124 мем­ле­кет­тік органның ақпараттық жүйесі ­бірік­тіріл­ген. Бұл интеграция азамат­тар­дың өмірлік жағдайларына автомат­ты ­түрде жауап ретінде проактивті мемлекет­тік қызметтерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қазірде әлеуметтік бағыттағы 45 про­активті мемлекеттік қызмет әзірленген. Олар азаматтарға, әсіресе қиын жағдайға тап болған адамдарға бағытталған атаулы көмек көрсетуге арналған. Осындай қызметтер 4,3 млн-нан астам рет көрсе­тілді. Сондай-ақ «Smart Data Ukimet», Электрондық үкімет шлюзі және «Smart Bridge» бірігіп, ұлттық деректер алмасу жүйесінің негізін құрайды.

 

Азат ЕСЕН 

Соңғы жаңалықтар