2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері өседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, 2026 жылғы бюджетте төлемдерді арттыруға 622,4 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Өсу мөлшері инфляция деңгейіне байланысты 10%-ға дейін жетеді. 2026 жылы инфляция 10,5% деңгейінде болады деп болжанып отыр.
«Зейнетақы төлемдерін алатын барлық азаматтарға арттыру жоспарланған. Бұл ынтымақты және базалық зейнетақы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға төлемдер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған жәрдемақылар», деді Светлана Жақыпова.
Бұған дейін елімізде 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері артатынын хабарлаған едік.