Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ суару маусымының барысымен және министрлік жүзеге асырып жатқан жобалардың іске асырылуымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz сала ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұржан Нұржігітов Жалағаш, Қазалы және Қармақшы аудандарының шаруаларымен кездесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес шаралары, су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялау және суармалы суды әділ бөлуді қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді.
Жалағаш және Қармақшы аудандарының диқандары министрліктен қосымша сорғылар сатып алуға көмек көрсетуді сұрады. Н.Нұржігітов бұл мәселеде ведомство фермерлерге қолдау көрсететінін айтты.
«Былтыр қазан айынан бастап біз Қызылорда облысына, соның ішінде Солтүстік Арал мен өңірдің көл жүйелеріне су беруді ұлғайттық, алайда ауа райы жағдайлары мен жауын-шашынның аздығына байланысты вегетациялық кезең 20 күн бұрын басталды. Климаттың өзгеруі Сырдария бассейнінің су ресурстарына одан әрі әсер етеді. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдету, ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшуді қарастыру және жалпы суармалы суды неғұрлым ұтымды пайдалану қажет», деді министр Н.Нұржігітов.
Министр «Қазсушар» РМК-нің «Сыр суы» филиалына жаңа арнайы техникалардың кілттерін тапсыру рәсіміне қатысты. Жалпы алғанда, филиал 30 техника алды, оның ішінде экскаватор-тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, су тасығыштар, самосвалдар, автокран, тартқыш, аспалы жабдық, дизельді генератор және т.б. бар. Филиалға жалпы саны 35 техника бөлінді, енді қалған 5 техника биыл қыркүйекке дейін жеткізіледі.
Естеріңізге салайық, қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК филиалдарын бүкіл ел бойынша жаңа жабдықтармен жарақтандыру жалғасып жатыр. Бүгінде кәсіпорын филиалдары жоспарланған 757 арнайы техника мен автокөліктің 439-ын алды.
Арал ауданында Нұржан Нұржігітов «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Бүгінгі таңда «Тұщы», «Сарытерең» және «Қарашалан-1» каналдарын механикалық әдіспен тазалау, сондай-ақ «Тәуір» қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Көкарал» және «Ақшауыт» бөгеттерін қалпына келтіру және нығайту, сондай-ақ «Қарашалан-2» каналын тазарту жалғасып отыр. Жоғарыда аталған төрт каналда бас құрылыстардың құрылысы жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін жұмысты толық аяқтау жоспарда бар.
Ірі экологиялық жоба Арал маңы өңірінің экологиялық тепе-теңдігін қалпына келтіруге, су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға және аймақтағы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Су ресурстары және ирригация министрі барлық жоспарланған жұмыстың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.