Облыс орталығының көшелеріне жаңа 44 автобус шықты. Жаңа көліктер №24, №4, №35, №12 бағыттарда жолаушы тасымалдауға маусым айының соңында кіріседі.
Қазір қала аумағында 42 маршрут жұмыс істейді. Оған 331 автобус тартылған. Облыс орталығында бес тасымалдаушы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Дегенмен Семейдің автобус паркі кейінгі алты жылда жаңармаған, жаңа автобус алынбаған.
Облыс әкімдігінің қолдауымен «Авто Транс Семей» ЖШС Семейде жасалған 44 жаңа автобусты сатып алып, қаланың көлік жүйесін жаңартты. Жаңа көліктер қала тұрғындарына жайлы салқындату жүйесімен жабдықталған. Енді Семей жұрты алғаш рет салқындатқышы бар автобустармен жүретін болады. Өңір басшысы алда қала автобусы кезең-кезеңімен жаңартыла беретінін айтты.
– Осыдан бір ай бұрын облыстың даму жоспарын таныстырған кезде қаланың автобус паркін жаңартамыз деп уәде берген едік. Енді міне, 44 автобусты қала көшелеріне жібергелі тұрмыз. Оның 30-ы үлкен, 14-і шағын автобус. Бәрі де өзіміздің Семейде шығарылған, сапалы, бәсекеге сай автобустар. Бұл көліктерге басқа облыстар да қызығушылық танытып отыр. Бірақ зауыт басшылығы бірінші болып бізге осындай мүмкіндік туғызды, – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Көліктердің тағы бір ерекшелігі, Абайдың 180 жылдығына орай автобустардың сырты ұлы ақын бейнесі бар логотиппен безендірілген. Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін қаладағы жаңа автобустардың саны 70-ке жетіп, келер жылға тағы да 50 автобус халық игіліне жаратылмақ.
Абай облысы