• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 09:40

«Egemen»-нен қол үзген емеспін

40 рет
көрсетілді

Мен – көп оқитын адамдардың бірімін. Әріп танығалы оқып келемін десем де болады. Әлі күнге газетсіз күнім мәнсіз көрінеді.

Бұған, мүмкін, әкемнің әсері де болған шығар. Олай дейін десем, бірге туған бауырларымның бәрі бірдей оқуға құмартқан жоқ. Сегіз баланың ішінде Ұран деген ініміз екеуміз көп оқитынбыз. Бір мақаламда әкемнің мектепте жұмыс істейтін бір сіңліме: «Неге газет оқымайсың, мұғалім емессің бе?» деген сөзін келтірген едім.

Әкем аудандық газеттен бас­тап, облыстық, республикалық газет-журналдарды (оның ішінде «Социалистік Қазақстан», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», т.б.) жаздырып алатын. Бізге арнап «Балдырған», «Қазақстан пионері» басылымдарын алдыратын. Газеттің бір нөмірі келмей қалса, жүгіріп поштаға баратынмын.

Тұрақты түрде оқу адамның көк­жиегін кеңейтіп, оның ірі тұлғаға деген қызығушылығын арттырады. Мына бір дерек есімде қалыпты: «Социалистік Қазақстан» газетінен (1964 жылғы бір нөмірінен) Қаныш Сәтбаевтың қайтыс болғаны туралы оқыдым.

Кейін арнайы оқу орнын бітіріп, оқытушылық қызметке тұрғаннан кейін басылымдарды өзім жеке жаздырып алатын болдым. Бала кезімнен күні бүгінге дейін қол үзбей жаздырып алатын газетім – «Egemen Qazaqstan». Елмен етене саналатын басылым беттерінен таныс тұлғаларды бөліп-жармаймын. Әйтсе де, Жарасбай Сүлейменов, Мейрамбек Төлепберген, Жанболат Аупбаев сынды қаламгерлердің мақалаларын ұна­тып оқитынмын. Олардың ішінде Ж.Сүлейменовтің кітаптары жеке кітап­хана қорыма қосылғанын айтып өтсем, артық болмас. Бүгінде олардың орнын өзге авторлар басты. Руханият саласын қау­зайтын Айгүл Аханбайқызының есімі жақсы таныс. Әрине, облыс жаңалықтары – басты назарымда.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Қостанай қаласының тұрғыны