Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиында Мәжіліс және Сенат депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті. Сондай-ақ ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның құрамы нақтыланды.
Конституциялық сот 400-ге жуық қаулы қабылдады
Қос палатаның бірлескен отырысына Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төрағалық етті. Әдеттегідей депутаттар алдымен күн тәртібін бекітіп, негізгі үш мәселені қарауға кірісті. Алғаш болып мінберде Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова кейінгі бір жарым жылдағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Конституциялық сотқа азаматтардан 10,5 мыңнан аса өтініш түскен.
– Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық соттың Жолдауын жыл сайын тыңдау Конституцияның өзінде бекітілген. Бұл – конституциялық бақылау органына деген институционалдық сенім. Бізге келіп түскен өтініштердің басым бөлігі қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, жер, салық және әлеуметтік заңнаманың нормаларына қатысты. Көптеген өтініш заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарды, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың нормаларын құқықтық түсіндіруге сұрау салуларды қамтиды. Бұл – азаматтардың не ойлайтынын, нені талдайтынын, не ұсынғысы келетінін және өздерін естуін қалайтынын білдіретін белгі. Азаматтардың құқықтық санасының мұндай өсуі бізден заң шығарушылар мен мемлекеттік институттардан кері реакцияны талап етеді. Әділет министрлігінің мұндай бастамаларды «Ашық нормативтік құқықтық актілер» және жасанды интеллектіні қолдануды қоса алғанда, заң консультациялары жобалары аясында ескеруін ұсынамыз, – деді Э.Әзімова.
Жалпы Конституциялық сот қызметіне, кіріскелі бері 400-ге жуық қаулы қабылдаған. Баяндамашы Конституциялық соттың қорытынды шешімдері әсерінен мемлекеттік баж нормалары оңтайландырылғанын, кассациялық қорғалуға қолжетімділік кеңейтілгенін, судьялардың тәртіптік кепілдіктері мен оларды жауапқа тарту тәртібі нақтыланғанын, бала асырап алу, еңбек ету бостандығы және ата-аналардың әлеуметтік құқықтары қорғалғанын, жазаларды орындау, салық салу және мемлекеттік реттеу саласындағы конституциялық емес ережелер жойылғанын айтты. Бұған қоса тұрғын үйден айыру мәселесінде Конституция нормасына сот шешіміне балама ретіндегі прокурорлық санкцияға жол бермейтін ресми түсіндірме берілгенін жеткізді. Сөз арасында Э.Әзімова депутаттарға бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді ұсынды.
– Заң шығару күн тәртібі шеңберінде сот процесінде алқабилерді ауыстыру тәртібіне, баланың ұлтын анықтауға және көрсетуге, бала асырап алу институтын жетілдіруге және алименттік міндеттемелерді орындауға қатысты құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, Қылмыстық-процестік, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстерге және олармен байланысты баcқа да заңнамалық актілерге, екіншіден, ойын бизнесін, сондай-ақ мұрагерлік пен сақтандыру мәселелерін реттеудегі құқықтық екіұштылықты жою мақсатында Азаматтық кодекске, үшіншіден, Әлеуметтік кодекске жұмыс істемейтін ата-ананың жас балаға тікелей күтім жасаған уақытын жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілінде есепке алуға, қазіргі жағдайларды ескере отырып, белгілі бір санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғау тәсілдерін қайта қарауға, төртіншіден, сақтандыруға және зейнетақы жинақтарын қорғауға қатысты ережелер бөлігінде азаматтық және әлеуметтік заңнама нормалары арасындағы құқықтық коллизияны жою туралы өзгерістер енгізуді ұсынамыз, – деп тізбектеді Конституциялық Сот төрағасы.
Өзгерістер қатарында соттылығы өтелген немесе алынған тұлғалардың мемлекеттік қызметке кіруі, азаматтардың көлікті уақытша әкелуі, жерді жалға беру конкурстарының шарттары, қылмыстық-атқару жүйесінде адам құқықтарының сақталуы сияқты мәселелерді реттеу, сондай-ақ Парламенттің келесі сессиясында заң жобаларын қарау кезінде Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын ескеру ұсынылды.
Судың да сұрауы бар
Бірлескен отырыстағы кезекті мәселе 2024 жылғы республикалық бюджеттің игерілуі туралы болды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2024 жылы республикалық бюджет бойынша барлығы 12 түзету және 1 нақтылау жүргізілген.
– Былтыр ішкі жалпы өнім 4,8 пайызға өсті, бұл негізінен мұнайға қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша, ішкі жалпы өнім 6%-ға өсті. Шоғырландырылған бюджеттегі мұнайға қатысты емес кірістердің үлесі былтыр 2,5 пайыздық тармаққа өсті. Инфляция деңгейі 9,8%-дан 8,6%-ға дейін төмендеді. Бюджет тапшылығы белгіленген шамадан 3,6 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімге 2,7 пайызды құрады. Мемлекеттік борыш 31,8 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімге шаққанда 23,7 пайызға жетті. Жалпы, 2024 жылы 26 мемлекеттік органның даму жоспарларында 173 нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген еді. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 24% төмендеп, 372 млрд теңге болды, – деді Қаржы министрі.
Яғни өнімсіз шығыстар, әсіресе бірінші кезекке жатпайтын шығыстар оңтайландырылған. Ал Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есептілігі күшейтілген.
– Сондай-ақ мемлекеттік қаржы статистикасын жетілдіру көзделіп отыр. Онда Ұлттық қорды пайдалану, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларының орындалуы туралы ақпарат қамтылады. Болжауды, тәуекелдерді бағалауды, лимиттерді айқындауды, мониторингті және есептілікті қамтитын борыштық міндеттемелерді кешенді басқару институты енгізілді. Бюджет процесіне қатысушылардың бюджет заңнамасын бұзғаны, бюджеттік бағдарламаларды тиімсіз орындағаны және қаражатты қайта бөлудің негізділігі үшін жауаптылығы күшейтілді. Жалпы, Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындау бағытындағы жұмысын арттырды. Қазіргі кезде былтырғы ұсынымдардың жартысына жуығы іске асырылды, жыл аяғына дейін тағы бесеуі орындалады, – деді ЖАП төрағасы.
Сондай-ақ ол жекешелендіру шараларынан бюджетке түскен кірістерді атады.
– Жыл басындағы жағдай бойынша, жекешелендірудің кешенді жоспары 72%-ға орындалды. Жоспарланған 637 нысанның 460-ы сатылды немесе жойылды. Бұл – республикалық, коммуналдық меншік нысандары және квазимемлекеттік сектордың активтері. Мемлекеттік мүлік комитетінің ақпараты бойынша, былтыр 589 млрд теңгеге 14 нысан сатылған. Оның ішінде Tele-2 компаниясын қатарлық инвесторға сатудан 517 млрд теңге түскен. Бұл сомадан түскен 158 млрд теңге дивиденд республикалық бюджетке аударылды. Бұған қоса корпоративтік табыс салығы түрінде тағы 76 млрд теңге төленді. Осы мәміледен түсетін қалған сомалар сатып алу-сату шартына сәйкес, 2028 жылға дейін біртіндеп түседі, – деді Ә.Смайылов.
Былтырғы бюджет-салық саясатының тәуекелдерге неғұрлым бейім негізгі бағыттары бойынша 30-дан аса ұсыным берілген. Ә.Смайылов Жоғары аудиторлық палата Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерге қол жеткізу үшін Парламент және Үкіметпен жүйелі әрі бірлескен жұмысты жалғастыратынын жеткізді.
Мәселе төңірегінде баяндамалар тыңдалған соң, депутаттар сұрақ қоюға көшті. Сенатор Серік Шайдаров былтыр еліміздің экспорты өсім көрсетіп, 81,6 млрд долларды құрағанын, алайда экспортты негізінен шикізат тауарлары құрауын жалғастырып келе жатқанын айтып сауал жолдады. Өз кезегінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өткен жылдың қорытындысында шикізаттық емес экспорт 46 млрд долларды құрағанын айтты. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 3 млрд долларға көп көрінеді.
Ал мәжілісмен Ерлан Саиров өркендеудің нақты көрсеткіштеріне қатысты Үкіметтің жұмысына тоқталды. Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты елдің көкейінде тұрған мәселені көтеріп отырғанын жеткізді.
– Біріншіден, мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатыр. Бұған бізде ешқандай күмән жоқ. Жалпы, экономикалық ахуал тұрақты, бірақ сіз айтып өткен проблемалық мәселелер бар. Ол өздеріңіз білетіндей, бір күнде пайда болған проблемалық мәселелер емес. Бірнеше жыл бойы қалыптасып жатқан проблема. Үкімет қазіргі таңда оның бәрін шешуге белсенді жұмыс атқарып жатыр. Үкіметтің бастамасымен елімізде салық реформасы жүріп жатыр. Жуырда ғана жаңа Салық кодексі қабылданды. Жаңа құжаттың көмегімен келесі жылдан бастап республикалық бюджетке шамамен 3 трлн теңгеден аса қосымша түсімдер күтіліп отыр. Бұл ақшаның бәрі тек даму мақсаттарына бағытталады. Қазір келесі үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын дайындап жатырмыз. Өте қызу жұмыс жүріп жатыр. Алдын ала айтатыным, біз 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7 пайыздан 2,5 пайызға дейін, 2027 жылы 1,8 пайызға дейін, 2028 жылы 1,4 пайызға дейін төмендетеміз деп жоспарлап жатырмыз, – деді Үкімет басшысы.
Депутаттардың қызу талқысынан соң, Парламент палаталары дауыс беруге көшті. Есепті 48 сенатор мен 69 мәжілісмен қолдады. Ал екі сенатор мен 20 мәжілісмен қарсы болды. Сонымен, шешім қабылданды.
Бірлескен отырыста еліміздің орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның жаңартылған құрамы да бекітілді. Оның құрамына бұрынғы депутаттар Асқар Садықов пен Гауһар Танашеваның орнына Мәжіліс депутаттары Серік Ерубаев пен Ирина Смирнова енді.