• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Ауыр атлетика Бүгін, 08:35

Бас қалада Азия чемпионаты басталады

10 рет
көрсетілді

Бүгін Астанада ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты басталады. Құрлықтың 25 елінен 300-ден астам атлет білек күшін сынайды.

10 шілдеге дейін жалғасатын дода «Qazaqstan» жеңіл атле­тикалық спорт кешенінде өтеді. Беделді құрлық чемпионатына Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Тайланд, Оңтүстік Корея, Кувейт сынды елдер үздіктерін әкеліп отыр. Еліміздің үмітін 36 спортшымыз арқалап шықпақ.

17–20 жас аралығындағы атлеттер ауыр атлетиканың классикалық жаттығулары – жұлқи және серпе көтеру түрінен бақ сынасады. Жеңімпаздар жекелеген жаттығуларда да, қос сайыстың жалпы қорытындысымен де медаль еншілейді.

Бұған дейін елімізде ауыр атлетикадан ірі халықаралық жарысқа соңғы рет 2014 жылы Алматыда өтті. 11 жыл бұрын Алатау бөктерінде әлем чемпио­наты жалауын желбіреткен еді. Ұйымдастырушылар Астанадағы Азия чемпионаты – елімізде ауыр атлетика дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айқындайды дейді. Екіншіден, бұл отандық спорттағы жүйелі өзгерістердің нәтижесі.

Азия біріншілігінде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер зілтемір көтерсе, 20 жасқа дейінгі жас­тар арасындағы сайыс та қы­зыққа толы болмақ. Ел үмітін арқалайтын саңлақтар арасында жаһандық додаларда олжа салған оғландар да бар. Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Альберт Хакимулин атлеттер нау­рыз айынан бері 6 оқу-жаттығу жиынына қатысқанын айтты.

– Құрама сапында буын алмасу жүріп, жастар да өз әлеуетін сынауға мүмкіндік алды. Былтыр Дохада өткен Азия чемпионатына қатысып жүл­де алған, биылғы көктемде Перуде жалауы желбіреген әлем чемпионатынан медальмен орал­ған спортшыларға да үміт артамыз. Олардың ішінде жас­тар арасында әлем чемпионы Едіге Емберді, жасөспірімдердің әлемдік додасында алтын алған Ерасыл Сәулебеков сынды үз­діктер бар. Бұлар алтын медаль үшін аянып қалмайды, – деді бапкер.

 

Аружан САЯН

 

Астана