Алматы қаласында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Өзбекстан Республикасының Спорт істері жөніндегі министрі Адхам Икрамовтың кездесуі өтті. Келелі басқосуға қос мемлекеттің Ұлттық олимпиада және Паралимпиада комитеттерінің жетекшілері, сондай-ақ спорт саласындағы бірқатар ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу барысында тараптар спорт саласындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын, атап айтқанда, спорт кадрларын даярлау, паралимпиадалық спортты ілгерілету және ұлттық спорт түрлерін бірлесе дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Бұдан бөлек, қараша айында Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасында жолдастық футбол кездесуін өткізу жоспарланса, 2026 жылы Астанада өтетін халықаралық «Болашақ ойындарына» өзбек делегациясының қатысуы туралы келісімдер пысықталды.
Министр Ербол Мырзабосынов өз сөзінде қос ел арасындағы тарихи тамырластық пен мәдени жақындықтың маңызын атап өтті.
«Қазақстан мен Өзбекстан – спорт саласындағы стратегиялық серіктестер. Бізді ортақ мақсаттар, сондай-ақ тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту спорт саласының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін», деді Ербол Мырзабосынов.
Ол сондай-ақ Астанада бой көтерген Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталғанын хабарлап, өзбек тарапын спорттық білім беру саласында ынтымақтастық орнатуға шақырды.
«Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті әрқашан ынтымақтастыққа ашық әрі әріптестеріміздің бастамаларын жоғары бағалайды. Әсіресе, Олимпиадалық қозғалыс аясындағы бірлескен жұмыстың маңызы зор. Мұндай кездесулер өзара әріптестікті нығайтып, елдерімізде спортты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», деді Геннадий Головкин.
Кездесу қорытындысында екі ел өкілдері спорттық байланысты одан әрі дамытып, тұрақты диалог пен өзара қолдауға негізделген серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді.