Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында табысты өнер көрсетіп, үш бірдей жүлдені еншіледі. Барлық медальдар 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшыларға тиесілі, деп хабарлайды Egemen.kz.
17 жасқа дейінгі (U17) атлеттер арасындағы жарыста қазақстандық Нұржан Жұмабай чемпион атанды. Ол қоссайыс нәтижесінде 315 келі (жұлқа — 140 кг, серпе — 175 кг) көтеріп, алтын медаль жеңіп алды. Айта кетейік, ол серпе көтеруде Азия рекордын жаңартқан.
Ал жастар арасындағы (U20) сында Едіге Емберді атлет жұлқа көтеруде — 153 келіні, серпе көтеруде — 194 келіні еңсеріп, жалпы 347 келілік нәтиже көрсеткен. Нәтижесінде Едіге алтын медаль иегері атанған.
Сонымен қатар осы салмақ дәрежесінде күміс медаль тағы бір қазақстандық спортшы Ақжол Құрманбекке бұйырған. Ол жұлқа көтеруде — 151 келіні, серпе көтеруде — 192 келіні еңсеріп, жалпы 343 келілік нәтиже көрсеткен.