Алматы қаласының Төле би даңғылында полиция қызметкерін қағып, қашқан 20 жастағы мопед жүргізушісі ұсталды, деп жазады Egemen.kz.
Жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы қарама-қарсы жолақпен қозғалып келе жатқан мопедті байқап, құқық бұзушыны тоқтатпақ болғанымен, ол талапты елемей, қашып кетпек болған. Полицейдің бірі жаяу қууды жалғастырған кезде, мопед жүргізушісі оны әдейі қағып, сол жерден тайып тұрған.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде ұсталған оған бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бабы бойынша іс қозғалды және Сот қаулысымен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, бұл – шектен шыққан әрекет. Мұндай жағдайда жазаның бұлтартпастығы қағидасы іске асады.
«Кейбір жол қозғалысына қатысушылардың салғырттығы, жауапсыздығы немесе агрессиясы қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмеуі тиіс. Әр азамат заң талаптарын сақтауға міндетті. Біз мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермейміз», деді С.Шумаев.