Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясының мүшелері Айдос Сарым мен Сергей Пономарев Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы су тарту және тазарту стансасының жұмысымен танысты.
100 мың тұрғынды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуді көздейтін нысан құрылысы партияның 2023–2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба Наурызбай ауданы мен Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының бірқатар елді мекенін сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Жауаптылар құрылыс жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп отыр.
– Наурызбай ауданы – Алматыға жаңадан қосылған, қазір белсенді дамып жатқан өңір. Сонымен қатар оған іргелес жатқан Қарасай ауданының тұрғындары да осы аумаққа қарай бет бұрып жатыр. Инженерлердің айтуынша, құрылыс жұмыстарының 85%-ы аяқталған. Негізгі ғимараттар тұрғызылды. Егер жоспарланған мерзімде аяқталса, желтоқсан айында тұрғындар таза су тұтынуға мүмкіндік алады, – деді депутат А.Сарым.
Су стансасы іске қосылғаннан кейін 70-80 тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның ішінде судың сапасын бақылайтын зертхана да болады. Өз кезегінде Сергей Пономарев жобаның сапасына, бюджет қаржысының тиімді игерілуіне және мердігер жұмысына жеке бақылау жүргізіп отырғанын жеткізді.
– Су тарту стансасы табиғаты көркем Ақсай шатқалында орналасқан. Ақсай өзені – Алматының ең таза су көздерінің бірі. Біз табиғи ресурстарды сақтау мен тиімді пайдалануға үлкен мән беруіміз керек. Қазір өзен лайланып тұр. Көп тұрғындар төменгі аймақтарда сумен қамтылмай отыр. Себебі қолданыстағы жүйелер жүктемеге төтеп бере алмай тұр. Бірақ жаңа су тарту стансасы іске қосылған соң, бұл түйткіл түбегейлі шешіледі, – деді ол.
Ал Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысындағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Ақжайық» шағын ауданына барып қайтты. 50 мың адамға арналған стратегиялық аймақтың құрылысы – қарқынды. Бүгінде 8 көпқабатты үй қолданысқа беріліп, баспана кезегіндегі азаматтар қоныстанған. Жалпы аумақта 76 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Қазір мұнда 150 орындық оңалту медициналық орталығы, су айдау стансалары салынып, магистральді инженерлік желілер, жылу трассалары мен ішкі жолдар тартылған.
– Ақжайық – халық санының артуы, қалалық инфрақұрылымды дамыту және өмір сапасын жақсарту мақсатында бой көтеріп жатқан аумақ. Мұнда тек үйлер салып қоймай, жас отбасылар, мамандар, кезекте тұрған азаматтар үшін толыққанды өмір сүру ортасын қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін құрылыс жұмыстары жоспарланған қағидатқа сай – саябақтар, мектептер, емханалар және қолжетімді көлікпен қамтамасыз етілуге тиіс, – деді Б.Ізмұхамбетов.
Кездесу барысында ол қазіргі уақытта Мәжілісте жаңа Сәулет-құрылыс кодексі қаралып жатқанын атап өтті. Жаңа құжат құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді, анықталған кемшіліктерге жедел әрекет етуді және құрылыс материалдарына қойылатын талаптарды арттыруды көздейді.
Қызылорда қаласының сол жағалауында аймақ тарихындағы ең ауқымды спорттық нысандардың бірі салынып жатыр. Жалпы құны 20,9 млрд теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарымен Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев танысты. Халық қалаулылары жергілікті футболшылармен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
«UEFA» талаптарына сай салынып жатқан жаңа стадион жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып жатыр. Қазіргі таңда футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы сыйымдылығы 11 мың орынға шақталған.
– Президент Бурабайда өткен «Ұлттық құрылтайда» футболға қатысты бірқатар тапсырма берді. Қызылорда облысы сол тапсырмалардың негізінде алғаш болып «UEFA» классификациясы бойынша ІІІ санатты, сондай-ақ халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін жаңа стадион құрылысын бастап, қыркүйек айында өтетін үлкен ойынға дайындық үстінде. Облыстық әкімшіліктің ұстанымымен «Қайсар» футбол командасы алғаш рет легионерлерсіз ойнап, өзіміздің спортшыларға қолдау көрсетіп отыр. Көпшілік ойын болғандықтан футболды насихаттауымыз қажет. Сонда жастардың ойынға деген қызығушылығы артады, – деді депутат М.Әбенов.