Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша экономикаға берілген жалпы несие көлемі 44,5 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 трлн теңгеге немесе 22%-ға артық. Оның ішінде 24 трлн теңгеден астамы халықтың алған несиесі, 20,4 трлн теңгесі бизнеске берілген қарыз, деп жазады Egemen.kz.
Банк секторынан берілген несиелер бір жылда 6,8 трлн теңгеге артып, 38 трлн теңгеден асты. Бұл жалпы несие көлемінің 85%-ын құрайды. Микроқаржы ұйымдарының портфелі 3 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 500 млрд теңгеге өсті. Квазимемлекеттік сектор тарапынан берілген қарыз көлемі 3,2 трлн теңгені құрады (жылдық өсім – шамамен 800 млрд теңге).
Бизнеске берілген несие көлемі бір жылда 3,6 трлн теңгеге өсіп, 20,4 трлн теңгеге жетсе, халықтың қарызы 4,5 трлн теңгеге артып, 24 трлн теңгеден асты. Азаматтар негізінен ипотекалық, автонесие және тұтынушылық мақсаттағы несиелерді пайдаланады.