Премьер-министр Олжас Бектенов Хирошима префектурасының губернаторы Хидехико Юзакимен кездесу өткізіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ гуманитарлық бастамалар мен жаһандық қауіпсіздікті нығайту жолында бірлесе күш жұмылдыру жайын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Жапониямен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытуға үлкен мән береді. Бұл бағытта ел Үкіметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттерді дәйекті түрде жүзеге асырып жатыр.
Кездесу барысында «Хирошима – Семей» бастамасын жалғастырудың, сондай-ақ Mayors for Peace халықаралық қозғалысы аясында білім алмасудың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) алда өтетін Шолу конференциясы шеңберінде одан арғы өзара іс-қимылға әзір екендіктерін білдірді.
Жапон губернаторы ядролық қаруды таратпау мәселелерінде Жапония мен Қазақстанның ынтымақтастығы аса маңызды екенін атап өтті.
«Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы қолдауын жоғары бағалаймыз. Сапарымыздың бір мақсаты – достықты нығайту. Екі елде де ядролық қару салдарынан жиналған мол тәжірибе бар. Біз Хирошималықтар өзімізді маңызды миссиямыз бар жандармыз деп санаймыз, ол – әлемді ядролық қарудан азат ету жолында тынымсыз еңбек ету. Қазақстан – Ядролық қаруды таратпау туралы қозғалыстың Орталық Азиядағы мүшесі», деді Хидехико Юзаки.
«Қазақстан радиациядан зардап шеккендерді медициналық және әлеуметтік қолдау, сондай-ақ радиациялық медицина саласындағы технологияларды әзірлеу және енгізу сияқты бағыттар бойынша Жапониямен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылады. Біз Жапония Үкіметіне Семейдегі ядролық сынақтар салдарымен күресу үшін өтеусіз грант беру ниетіне алғыс білдіреміз. Бұл бастама медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға орнықты түрде ұзақмерзімді әсер ететініне сенімдіміз», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Айта кетсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы $1,8 млрд-ты құрады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 60-тан астам жапондық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Соңғы 20 жылда жапон бизнесі ҚР экономикасына шамамен $8,3 млрд инвестиция салды. Toyota, Hitachi, Marubeni және басқа да компаниялармен ірі жобалар жүзеге асырылды.