Астанада Перизат Қайратқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының басшысы болған Перизат Қайрат пен анасы 3,5 млрд теңге жымқырғанын анықтаған еді, деп жазады Egemen.kz.
Бүгін сот отырысында үшінші эпизод - Қазақстандағы су тасқынына қатысты жиналған қаржыны жымқыруға қатысты куәгерлерден жауап алынып жатыр.
Сот барысына куәгер ретінде қатысып жатқан Каспий банктың бас заңгері Айдар Ксембаев 2024 жылдың 5 сәуірінде су тасқынан зардап шеккендерге көмек беру үшін «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық бірлестігінің басшысы 120 млн теңге және 8 сәуір күні 500 млн теңге қаржы қажет екенін айтып аталған банктен ақша аударуды сұрағанын айтты.
Каспий банк басшылығы хатқа жауап ретінде қорға 1 күнде 120 млн және бөлек операциямен 500 млн теңге аударған. Банк өкілі сол тұста шұғыл көмек қажет болғандықтан келісімшартсыз-ақ қаржы аударылғанын мәлімдеді.
2024 жылдың 1 шілдесінде Перизат Қайрат Каспий банкке алғыс хатын жолдап, графика арқылы қаржының басым бөлігі, яғни 423 млн теңгенің қайда жұмсалғаны туралы есеп те берген.