• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Кеше

Қырағы шекарашылар қыр асырмады

20 рет
көрсетілді

Заң мен тәртіп қоғамның темірқазығы екені рас. ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің ел шетіндегі кейбір шетін мәсе­ле­лер­ге аса назар аударып, тәртіп бұзу фактілерінің алдын алып отыр. Осы­ған байланысты маңызды мекеменің деректерімен танысып қайтқан едік.

 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлі­меті бойынша, Абай облысы аума­ғындағы шекаралық бақылау бөлім­ше­лері маусым айында бірнеше заң бұзу­шы­лықты анықтап, қыл­мыс­тық істерді бол­дыр­маған. Мәселен, 15 мау­сымда «Ауыл» авто­мо­бильдік шека­ра­­лық бақылау бөлімінің шека­ра­шылары иіс­­шіл иттің көмегімен рейстік автобуспен Ресейге бет алған Қазақ­стан азаматының жү­гі­нен жасыл түсті, ерек­ше иісті, өсімдік тек­тес зат – шамамен 5 грамм марихуана тәр­кі­леген.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елімізде жыл басынан бері мұндай 4 мың тонна есірткі тәркіленген болса, соның бірқатары Абай облысының шекара қыз­метінің еңбегі екен. Бұл орайда маусым айында басталған «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы да есірткімен күреске оң септігін тигізіп, Абай облысындағы ірі ішкі есірткі арнасы жойылды. «Қарасора» операциясы маусымның 1-інен қазанның 31-іне дейін жалғасады.

Ал 13 маусымда Абай шекарашылары заңсыз валюта алып өту әрекетіне де тосқауыл қойды. Ресей азаматы елімізден 1 386 833 рубль (8,3 млн теңгеге жуық) көлемінде қолма-қол ақшаны заңсыз алып өтпек болған. Бұл сома рұқсатты мөлшерден 3 млн теңгеден артық. Заңды белден басқан азамат мемлекеттік шекарадан өткізілмей, уәкілетті органдарға тапсырылды. Бұған қоса 17 маусымда шекара қызметі қос азаматтық фактісін анықтаған. Ресей азаматының қос азаматтығы бар екені анықталып, Қазақстан шекарасынан өткізілмеді. Оның ісі Семей қаласының көші-қон қызметі полициясына берілді.

Сонымен қатар Шекара қызметі мен көші-қон заңының бұзылуына қатысты бірнеше қылмыстық әрекет анық­тал­ған. 13 маусымда Моңғолия азаматы елде тір­кеусіз 50 күн жүргені үшін сот ше­ші­мі­мен 5 жылға елден шығарылса, 16 мау­сымда Қытай азаматы тіркеусіз жүргені үшін ескерту алды. 17 маусымда Тәжікстан аза­ма­ты елде тіркеусіз 84 күн жүргені үшін айыппұл салынып, шекарадан өткізілмеді.

Ел шетін кірпік қақпай күзететін ше­карашылардың еңбегі мол екені дау­сыз. Ел қорғандары шекара шебін берік күзе­тіп, жүйелі жұмысын жалғастыра бермек.

Абай облысы