Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясы бірлесе отырып «Еңбек адамы – 2025» әдеби байқауын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz7
Бұл әдеби байқау 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай ұйымдастырылып отыр. «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның болашағы инженерлік кадрларды дайындау сапасына тікелей байланысты екендігін, сондай-ақ, осы саланы дәріптеу арқылы жұмысшы мамандықтары беделі мен имиджін көтере отырып, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттау қажеттігін айтқан еді. Бұл байқау Ел Президентінің реформасына сәйкес, «Еңбек адамы – Өндіріс адамы», «Жұмысшы мамандықтары жылы», «Өңірлік даму мен ерекшелікті ашқан үздік материал» және «Инженерлердің қоғамдағы орны» атты негізгі тақырыптарды қамтиды», дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
«Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауында шығармасы ең үздік деп танылған Бас жүлде (Гран-При) алған қаламгерге «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ-і мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының Төс белгісімен және Дипломымен марапатталады.
Бас жүлде (Гран-При) – 10 000 000 (он миллион) теңге.
1-орын (сертификат) – 5 000 000 (бес миллион) теңге.
2-орын (сертификат) – 2 500 000 (екі миллион бес жүз мың) теңге.
3-орын (сертификат) – 1 000 000 (бір миллион) теңге.
Сонымен қатар байқауға қатысушылар:
«Заманауи өндірістегі еңбек адамының бейнесі»; «Инженерлердің қоғамдағы орны»; «Өңірлік даму мен ерекшелікті ашқан үздік материал» аталымы бойынша 500 000 (бес жүз) мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары бойынша марапатталады.Бүгінге дейін Қазақстан Жазушылар одағы шығармашылық қауымдастықтармен, мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен және Атымтай жомарт меценаттармен тығыз байланыста жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Айта кетер болсақ, бұған дейін Ұлттық спорт қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылған «Құлагер» байқауы өз нәтижесін беріп, онда жеңімпаз болған ақын-жазушыларымыз қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болып, рухани әрі материалдық қолдауға ие болған болатын.
Сол ізгі дәстүрдің жалғасы ретінде, Қазақстан Инженерлік академиясымен жасалған екіжақты келісім негізінде Қазақстан Жазушылар одағы «Еңбек адамы – 2025» атты жаңа республикалық байқауды жариялап отыр. Бұл байқау – еліміздің еңбек адамын ұлықтау, маңдай терімен қоғам дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың бейнесін әдебиет арқылы айшықтау мақсатын көздейді.
Байқау талаптары мен шарттарымен Қазақстан Жазушылар одағының ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан танысуға болады.