• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Алматы Бүгін, 16:16

Скринингтен өтуге жүрдім-бардым қарауға болмайды

20 рет
көрсетілді

Алматыдағы №11 қалалық емханасының профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Алёна Зекунова скринингтен уақтылы өтудің өзекті екендігін еске салды, деп жазады Egemen.kz.

Скрининг – бұл жай ғана медициналық тексеріс емес. Бұл – ауру белгілері әлі байқалмай тұрып, қауіпті дерттерді асқындырмай анықтауға мүмкіндік беретін шара.

Бұл тексеру 40 пен 70 жас аралығындағы адамдарға жұп жылдары (40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70) өткізіледі. Бағдарлама аясында дәрігерлер артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы, қант диабеті, глаукома мен онкологиялық аурулардың бар-жоғын тексереді. Сонымен қатар, қауіп факторлары: дене салмағы, өмір салты, физикалық белсенділік деңгейі, артериялық қысым және тамақтану жағдайы бағаланады.

40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер, офтальмологтың есебінде тұрмаған жағдайда, глаукомаға арнайы тексеруден өтеді. Әйелдер жатыр мойны обырына қарсы скринингтен 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66 және 70 жасында өтеді, сондай-ақ сүт безі обырына қарсы тексеру 40 пен 70 жас аралығында, онкологтың бақылауында болмаса да жүргізіледі. Ал 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге, ішек аурулары болмаған және есепте тұрмаған жағдайда, жұп жылдары колоректалды қатерлі ісікке тексеру жүргізіледі.

Сонымен қатар, В және С вирустық гепатиттеріне қарсы скрининг қауіп тобына кіретін адамдар арасында өткізіледі. Олардың қатарына: хирургия, гинекология, стоматология, қан қызметі мен зертхана қызметкерлері сияқты медициналық мамандар; жоспарлы немесе шұғыл операцияға дайындалып жатқан науқастар; гемодиализ, гематология, онкология және трансплантология бөлімшелерінде ем қабылдап жатқан адамдар; қан құйғызатын немесе ағза, тін және жасуша трансплантациясын өткерген пациенттер жатады. Сонымен қатар, әрбір жүкті әйел міндетті түрде тексеруден өтеді, сондай-ақ жұқтыру қаупі жоғары осал топ өкілдері де қамтылады.

Скринингтен уақтылы өту – денсаулықты сақтап қалудың басты кілті болуы мүмкін. Өзіңізді күтіңіз және маңызды тексеруді кейінге қалдырмаңыз. Есіңізде болсын, ерте анықталған ауруды емдеу жеңіл әрі көбінесе сәтті аяқталады.