• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:50

Мемлекеттік қызметшілердің құқығы қалай қорғалады?

30 рет
көрсетілді

Ел дамуының басты қозғаушы күші – әділ әрі сапалы мемлекеттік басқару секторы. Ал осы жүйенің негізі – өз ісіне адал, білікті мемлекеттік қызметшілер. Жауапкершілік жүгін арқалаған бұл мамандардың құқығы қалай қорғалады?

Бүгінде мемлекеттік қызметте 84 мыңнан аса отандасымыз жұ­мыс істейді. Олардың орташа жасы 40-та және еңбек өтілі 12 жылға жуықтайды. Сала­да әйел қауымының үлесі басы­мырақ, шамамен 55%-дан жоға­ры. Дегенмен басшылық лауазым көбіне ерлердің мойны­на жүктелген. Ал ерекше қажеттіліктері бар 900-ден аса маман бар.

Билік тармақтарындағы бар­лық осы мемлекеттік қызмет­ші­лердің құқықтары мен міндет­тері бірнеше заңнамалық акті­мен реттеледі. Бұл – Ата заң, Еңбек кодексі, «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік қызме­ті туралы» заңы, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы заң, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс. Аталған құжаттар негізінде азаматтардың кәсіби және еңбек ету құқығы нақты бекітіліп, олар әділетті конкурс арқылы жұмысқа орналасуға, лауазымдық өсуге, жалақы мен әлеуметтік қолдауға, демалыс пен медициналық көмек алуға кепілдендіріледі. Сонымен қатар негізсіз айыптаудан, саяси немесе әкімшілік қысымнан, қызмет бабындағы қудалаудан қорғалады.

Алайда бұл құқықтық негіздер заңмен бекітілгенімен, практикада түрлі түйткілдер кездесіп жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызметкер алдымен тікелей басшылыққа немесе ішкі кадр қызметіне жүгінеді. Егер нәтиже болмаса, Әдеп жөніндегі уәкілге арыздануға құқылы.

– Өз құзыретіміз шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің ең­бек құқықтарын, моральдық нор­маларын және кәсіби әдепті қор­ғау бойынша жұмыстар жүргі­зіп, нормаларды насихаттаймыз. Олар­дың шағымдарын да қарасты­рамыз. Зерттеп, қажет болған жағдайда әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша мемлекеттік мекемелерден мәліметтер мен құжаттарды сұрата аламыз. Бұған қоса лауазымды адамдарға қыз­меттік әдеп нормаларын бұзу­ға жол берген мемлекеттік қызмет­шілердің жауаптылығын қарау туралы ұсыныстар жасаймыз. Мемлекеттік қызметшілердің құ­қық­тары мен заңды мүдделері бұ­зыл­ған жағдайда қорғауға және қалпына келтіруге жұмыс­­та­намыз. Мемлекеттік қызмет­шілер жекелеген жағдайда жұ­мыс беруші мен жұмысшы ара­­сын­да өзара мәселелермен жүгі­не­ді. Мәселен, осыған дейін мемлекеттік қызметшінің арызы қарастырылып, оның құқығы шектелуі бойынша сот процесі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қызметкерлердің басшылық тарапынан қысым көрген жағдайлары да кездеседі. Жергілікті атқарушы органда басшымен қарым-қаты­насына байланысты жекелеген жағдай орын алып, қазіргі таңда сот процесі жүріп жатыр. Жалпы, бұзушылықтар болған жағдайда уәкілетті органға Әдеп жөніндегі кеңес қарауына жіберіліп отырады, – дейді Астана қаласы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Ғалымжан Амантай.

Негізі мемлекеттік қызметкер­дің құқығы – еңбек заңнамасының бөлігі ғана емес, бүкіл басқару жүйесінің сапасын айқындайтын басты өлшем. Сондықтан агенттік құзыретіндегі Әдеп жөніндегі кеңес кез келген мәселені жіті қада­ғалап, талдау жүргізіп отырады. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті бақылау барысында ұжым ішін­дегі қызметтік қатынастар, мем­лекеттік қызметкерлер мен аза­­мат­тар тарапынан қарым-қа­ты­нас құруда мемлекеттік қызметшілерге айқындалған әдеп талаптарын бұзу, бағынышты қызметкерге дөрекі немесе кемсіте сөйлеу, еңбек қатынастары, тәртіп­тік іс жүргізудегі процедуралық бұзушылықтар жиі кездесетінін анықтаған.

– Астана қаласы бойынша мем­лекеттік органдардың басшы­лары тарапынан да әдеп нор­маларының бұзылуы фак­тіле­рі тіркеледі. Мұндай жағ­дайларда кеңес басшыларға қатысты жеке жауапкершілік шара­ларын ұсынады. Сонымен қатар депар­тамент тарапы­нан жүйелі түрде ескерту, про­филактикалық әңгімелесу, ал қажет болған жағ­дайда тәр­тіптік шара қолдану арқылы әдеп талаптардың сақталуы қам­тамасыз етіледі. Кейінгі жыл­дары кеңесте қаралатын істер­дің шамамен 30-40%-ы мем­лекеттік қызметшілердің өз құқықтары мен ар-намысын қор­ғауға қатысты бастамасымен қаралды. Бұл бір жағынан мемлекеттік қызметшілердің құқықтық санасының артқанын және кеңестің оларға деген сенімінің нығайғанын көрсетеді, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғар.

Бірақ көп жағдайда мемлекет­тік қызметкердің арыз айтуы – ман­саптық өсу мүмкіндігін жоғалтуға пара-пар саналатын «қауіпті» қа­дамға айналып кететіні де жасырын емес. Бұл – формалды емес, психологиялық қорқыныш. Тіпті заңгер көмегіне жүгінуге де екінің бірі бата бермейді. Өйткені жүйе ішінде «үнсіз жүру» «ақылды әрекет» деп қалыптасып кеткен. Осы тұста сотқа шағым беру – ең заңды әрі әділ жол. Дегенмен бұл – уақыт, жүйке және қаржылық шығын талап ететін ұзақ үдеріс. Соттан әділдік тапқанымен, қай­тадан сол мекемеде немесе салалық құрылымда жұмыс істеу де кейде мүмкін болмай жата­ды. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің өз құқықтарын қорғауы ішкі мәдениет пен моральдық климатқа да тікелей байланысты. Яғни ол өзін заңмен ғана емес, қоғам мен ұжым тарапынан да қорғалатынын сезін­се, оның жұмысына деген сенімі күшейіп, әділдік қағидаты орны­ғады. Ал құқық қорғалмаған жер­де кадрлық тұрақсыздық, ішкі қы­сым мен сенімсіздік белең алады.

– Бүгінде департамент мем­ле­кеттік қызметшілердің құқық­тық қорғалуын арттыруды, әділ және бейтарап қызметтік тергеп-тексерулерді қамтамасыз етуді, сондай-ақ олардың кәсі­би беделін қорғауды басты мін­дет ретінде белгілеп отыр. Бұл бағытта мемлекеттік қызметші­лерге психологиялық және құқық­тық қолдау көрсету, олар­дың өтініштерін жедел және тиімді қарау тетіктерін дамыту стра­тегиялық маңызға ие. Кеңес тек бұзушылықтарды қараумен шектелмей, мемлекеттік қызметтің ашық­тығы мен сенімділігін артты­рушы институт ретінде қалып­тасып үлгерді. Мұндағы шешім­дерінің орындалуы департа­ментпен жүйелі түрде бақыла­нады. Әр ұсыныстың орындалу мерзімі мен сапасы бойынша тиісті мемлекеттік органнан есептер қабылданады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір қызметшілер өз құқықтары мен міндеттері жөнінде толық біле бермейді. Осыған байланысты құқықтық ағарту және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі туындап, департамент тарапынан тұрақты түрде семинарлар, тренингтер және бұқараралық ақпарат құралдарында (Instagram, facebook т.б.) құқықтық дәріс­тер өткізіліп тұрады. Сонымен қатар Әдеп жөніндегі уәкілдер­мен бірлесіп, ұжымдарда профилак­тикалық жұмыстар, жеке қабыл­даулар және түсіндіру шаралары ұйымдастырылады, – дейді Е.Жолданғар.

Одан бөлек, Әдеп жөнін­дегі уәкіл қызметтік әдеп норма­ларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психоло­гиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша анонимді сауалнама жүргізіп отырады. Осындай әртүрлі реформалық қадамдар – тек регламент емес, ондағы мамандардың кәсіби еркіндігі мен құқығы және сенімділігі нәтижесінен мемлекеттік қызмет сапасы қалыптасатынын аңғартады.