• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қаржы Кеше

Банк біріксе, кім ұтады?

110 рет
көрсетілді

Банк секторында қаржы институттарының бірігу үдерісі белсенді жүріп жатыр. «ForteBank» таяуда «Home Credit Bank»-тің 100% акциясын сатып алды. Мұның алдында «Halyk Bank» «Қазкомды», «Банк Центр Кредит» «Альфа-Банкті» сатып алып, «Jusan» мен «АТФ Банк» біріккен. «Бәйтерек» холдингінің «Сбербанкті» сатып алып, кейін оны қатарлық қаржы ұйымына «ұзатып» салғаны да күні кеше. Сонда қаржы институттарының іріленуі неден хабар береді? Тағы қандай шағын банк­тер алпауыт қаржы мекемесінің құрамына кіруі мүмкін? Бұл туралы реттеуші нендей ұстанымда, сарапшылар қандай пікірде?

«Forte» мәлімдемесінде «Home Credit Bank»-тің әдепкіде еншілес банк болатыны, кейін «Forte» платформасына HCB құрылымын қабылдау үшін платформа дайындалатыны айтылған. «Forte» баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл үдерісте HCB-ның рәсімдері, өнімдері, корпоративтік мәдениеті және жинақтаған тәжірибесі сақталады.

«Бұл үшін HCB-ға «Forte» құры­лы­мын­да жеткілікті деңгейде автономия беріледі. Мысалы, HCB-ның қазіргі филиалдық желісі «Forte» филиалдар желісімен қатар жұмыс істеп, бұрынғыдай басқару құрылымы мен қағидаттары бойынша әрекет етеді. Интеграция шамамен бір жылға созылады. «Home Credit Bank» өз жұмысын бұрынғыдай жалғастырып, операциялық моделін, басты бағытын және басқару стилін сақтайды. Бұл тек үздік тәжірибелерді сақ­тап қалуға ғана емес, сонымен қатар «Home Credit Bank»-ты табысқа жетелеген икемділікке, жеделдікке және дербестікке қол жеткізуге мүмкіндік береді», делінеді бізге берген жауапта.

Банк өкілдерінің айтуынша, бірігу үдерісі сала тұрақтылығын арттырып, өнімдер бойынша сараптаманы терең­детуге және технологиялық жаңғыруға жол ашады.

«Home Credit Bank» өз кезегінде штаттық құрылым, операциялық және ішкі бизнес-процестердің өзгермейтінін, сондай-ақ қызметкерлер өз лауазымы мен еңбек шарттарын сақтайтынын мәлімдеді.

«Банк клиенттерге барлық қызметті әдеттегі режімде, бұрынғы талаптар бо­йын­ша ұсына береді. Міндеттемелер толық көлемде орындалуда. Мәміленің жүзеге асуы банк қызметінің сапасын арттыруға және өнімдер спектрін кеңейтуге жол ашады. «ForteBank»-пен жасалған мәміле – тараптар үшін табысты әрі стратегиялық тиімді келісім. Бұл HCB-ның жинақталған тәжірибесін жаңа сапалық деңгейге шығаруға, клиенттерге қызмет көрсету стандарттарын көтеруге және нарықтағы ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді. Банк 20 жыл ішінде Қазақстанда сенімді қаржы институтына айналып, өнім желісін кеңейтіп, тұрақты бизнес-модель қалыптастырды. «ForteBank» – сенімді, тәжірибелі әріптес және банк қызметін оған тапсыру арқылы даму сабақтастығы қамтамасыз етіледі», деді банк өкілі «Egemen» тілшісімен сұхбатта.

HCB мәліметінше, қазір банк активтері 1,1 трлн теңгеден асады. 1 млн-нан астам жеке клиент және 42 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісі банк қызметін пайдаланады. Ел аумағында 58 бөлімше мен 146 микрокеңсе жұмыс істейді. Меншікті капиталы 208,8 млрд теңгеден асқан. NPL90+ деңгейі – 6,05%. «Fitch Ratings»-тен алған рейтингі – «BB–», болжам – «Тұрақты».

Банк мәселелері бойынша тәуелсіз са­рап­шы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, «Home Credit Bank» банкті сату туралы тиім­ді шешімді дер кезінде қабылдап отыр.

«2022 жылы ақпанда Ресей мен Укра-и­н­­а арасында шиеленіс басталған кезде банк­тің бірқатар ресейлік акционері санк­цияға ұшырамас үшін акционерлер қа­тарынан шығып кетті. Сөйтіп, банк ие­лері ретінде тек чехиялық топ қалды. Осындай кезде Болат Өтемұратов иелік ететін «ForteBank» атынан ұсыныстың жасалуы «Home Credit Bank» акционерлері үшін өте тиімді көрінді. «Forte» бұл банктің барлық облыс пен аудандардағы бө­лімшелерін, қарыз портфелі бойынша тәуір теңгерімдерін ескере отырып ұсы­ныс жасады, оған «Home» келісті. Кей­бір олигархтар қожалық  жасайтын­ көлеңкелі топ­тардан немесе билік құрылымындағы кейбір топтардан қандай да бір қысым көргенше, қандай да бір санкциялық қысымдарға ұшырағанша олар үшін нарықтан кеткен қолайлы. Әрине, олар тек қазақстандық нарықтан кетіп отыр. Меніңше, алған ақшаны басқа жобаларға салады. Нақтырақ айтқанда, микроқаржылық ұйымды сатып алып, оны трансформациялап, кезекті екінші деңгейлі банкке айналдыруы мүмкін», деген болжамын айтады.

«R-Finance» қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов, мәмілені таза коммер­ция­лық жоба дейді.

«Home Credit Bank» елдегі ахуалмен жақсы таныс, сондықтан дер кезінде сатып, тиісті пайдасын алғысы келген сияқты. Солай салған инвестициясын қайтарады. Олар негізінен тұтынушылық несие береді, бұл ретте «Kaspi» банкпен бәсекелесу де оңайға түспейді. Ал «ForteBank» мұндай мәмілені жасасу ар­қылы мультипликативті әсерге ие бо­лады. Оларда тұтынушылық несие де, корпоративті несие де жақсы жол­ға қойылған. Сондықтан мәміледен «Forte»-нің ұтары көп. Өйткені жаңадан де­по­зит­тік, клиенттік база қосылғалы отыр. Осы­ның әсерінен олар операциялық шы­ғын­дарын да азайтады. Үнемі осылай екі банк күйінде тұра бермейді ғой. Бірігеді, біріккен соң бүкіл капитал «Forte»-ге құйылады. «Halyk Bank» қатарына «Қазкомды» қосып алған кезде кірістілігі де, капиталдану деңгейі де өсіп шыға келді», дейді ол.

Жақында «Dala Inside» телеграм-арнасы «Еуразиялық банк» үшін талас басталды» деген ақпарат таратты. Олардың жазуынша, «Freedom» мен «ЦентрКредит» тобы «Еуразиялық банкке» көз салуы мүмкін.

«Келіссөздердегі басты проблема – «Еуразиялық банктің» үш тең акционері арасында өзара бітім жоқ. Шодиев пен Машкевич тарапы банкті жақсы сомаға сатып, сектордан кеткісі келеді. Оған Шухрат Ибрагимов келіспей отыр», деп жазды арна.

Айтпақшы, «Dala Inside» арнасы «Forte» тобы «Home Credit Bank»-ті шамамен 1 млрд долларға сатып алды деп есептейді. Бұл арнаның сөзіне қарасақ, олигархтар 2 млрд доллар ұсынса «Еуразиялық банкті» келістіруге болатын сыңайлы. Бірақ оған Турлов пен Бәйсейітовте басы артық ақша жоқ көрінеді. Сондықтан «Еуразиялық банк» акционерлеріне жасалатын ұсыныс 800 млрд теңгемен шектелуі мүмкін.

Біз бұл мәселенің де мән-жайын «Еуразиялық банктен» сұрадық. Олардың айтуынша, банкке басқа қаржы ұйымдарынан бірігу туралы ресми ұсыныс түскен жоқ.

«Мұндай шешімдер тек акционерлер­дің құзырында. Қазір банк өзінің даму стратегиясын жүзеге асыруды көз­дейді және осы бағытта жұмысын жал­ғас­ты­рады. Орта мерзімді перспективада на­рықтың негізгі сегменттеріндегі өз пози­цияларын сақтап, нығайтуды жоспарлап отыр. Цифрлық сервисті дамытуға, ин­новациялық шешімдер енгізуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға ба­сым­дық береміз. Басты бағытымыздың бірі – сенімділік пен тұрақтылыққа негізделген орнықты өсу», деп қысқа қайырды.

«Dala Inside» сарапшылары «егер «Еуразиялық банк» сатылмай қойса, онда резервті тізімде «Нұрбанк» бар» дейді. Бұл сауалды нақтылау мақсатында «Нұрбанкке» ресми сауал жолдадық, алайда жауап келген жоқ.

«Нұрбанк»-тің қарыз портфелінің жағдайы соншалықты жақсы емес.  Қанша тырысса да қарыз портфелін жақсарта алмады. Кірістілігі анау айт­қандай жоғары емес. Пруденциалдық нормативтер толыққанды сақталып жатқан жоқ. «Нұрбанк» пен «Еуразиялық банк» бірігуді ойластыруы мүмкін. Бірақ «Нұрбанк» «Halyk Bank»-ке қосылуы да мүмкін. Өйткені «Нұрбанк» кезінде бұрынғы президент Назарбаевқа жақын болды ғой. Сондықтан Құлыбаевтар отбасы акционерлері деңгейінде келісім жасасуы ықтимал. «Еуразиялық банкте» кезінде «Капитал банкті» өзіне қосып алатын мүмкіндік болды. Алайда ол проблемалық банк болғандықтан, ондай шешімге бармаған сияқты», дейді Нұржан Бияқаев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің іріленуінен ешқандай оғаш қимыл байқалмайды деген көзқараста. Сондай-ақ олар агенттікте «Нұрбанк» және «Еуразиялық банк»-пен мәміле жүргізу туралы ақпарат жоқ деп мәлім етті. Сарапшы Арман Байғановтың пайымдауынша, бірігу банктерге пайдалы, ал нарық үшін тиімсіз.

«Себебі банк азайған соң бәсеке де азаяды. Сектордың монополиялық сипаты күшейеді. Ірі сегменттер әрқашан өзара оңай келісімге келе алады. Бұл жерде зардап шегетіндер – айналып келгенде жеке тұлғалар. Бәсеке деңгейінің төмендеуі қаржылық қызметтер құнының қымбаттауына әкеліп соғуы ықтимал», дейді ол.

Сегменттегі өзгерістердің сипатын сан қырынан тәпсірлеуге болады: нарықтағы үлесін көбейту, қаржылық мүмкіндігін молайту, шетел нарығына шығу, тағысын тағы. Бірақ сан алуан себептің арасында саяси, геосаяси мүдденің де сыналап еніп жатқанын жасыруға болмас. Сегменттегі осы жолғы дабыл қай тараптан келді? Келесі кезек кімдікі?