Дәрігер қауіпсіздігі мемлекеттік саясатта басымдыққа ие болу керек. Өңірлерде жүрген сенаторлар медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасағандар жауапқа тартылатынын түсіндіріп, заң мен тәртіптің сақталуын қадағалау керектігін айтты.
Сенат депутаты Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының көпсалалы ауруханасында болып, мекеме ұжымымен кездесті. Кездесуде медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударылды. Сенатор медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі Парламент депутаттарының, дәрігерлер қауымы мен азаматтардың заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын Мемлекет басшысы қолдағанын атап өтті.
«Дәрігерлер қауымы күн сайын адам өмірін сақтап қалуға аянбай еңбек етеді, олар құрмет пен қолдауға және қорғауға лайық. Оларға деген кез келген агрессия бүкіл қоғамның топтаса әрекет етуін қажет етеді. Ондай жағдайды «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша заңға сәйкес қатаң түрде жолын кесу керек. Азаматтық қоғамның пікірін міндетті түрде ескере отырып, медицина қызметкерлерін қорғаудың құқықтық тетіктерін күшейтуге бағытталған ұсыныстарды одан әрі мұқият қарастырамыз», деді Р.Рүстемов.
Депутаттар Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданында болды. Онда олар жылу жіберу стансасы құрылысымен танысты. Мұндағы жаңғырту жобасы қаржы тапшылығына тап болып, құрылыс мерзімінде аяқталмайын деп тұр.
Сенаторлар Үбі өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысына да барды. Мұнда да тиісті жобалық сараптама болмай, жұмыстар кейінге қалдырылған. Бұл аудандағы көлік қатынасына кедергі болып отыр.
Депутаттар сондай-ақ «Үбі» шекаралық өткелінің жай-күйі сын көтермей тұрғанын айтады. Нысанға кірме жол мен тиісті инфрақұрылымның жағдайы өте нашар. Сенаторлар бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, тиісті өтініштерді салалық министрліктерге жіберу керектігін ескертті.
Депутаттар Шығыс Қазақстан облысы ғана емес, сүт өнімдерін басқа өңірлерге де жеткізетін «Сивер плюс» ЖШС сүт зауытының жұмысымен де танысты. Онда кадрмен қамтамасыз ету және өндіріс қуатын ұлғайтудың келешегі талқыланды. Ал құрама жем зауытында облыстың ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жай-күйі, сапалы азықпен қамтамасыз ету проблемалары, сондай-ақ аграрлық секторды қолдау талқыланды.
Ал сенатор Андрей Лукин биыл қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне дайындық аясында елордада салынып жатқан жаңа ғибадатхана кешенінің құрылысымен танысты. Онда мемлекеттік органдар, діни қызметкерлер мен мердігер ұйымдардың өкілдерімен кеңес өтті.
Сенатордың айтуынша, бұл жоба діни конфессиялар арасындағы диалогті нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ дінаралық және мәдениетаралық ынтымақтастық орталығы ретіндегі еліміздің жаһандық миссиясын ілгерілетуге де үлес қосады.
«Бұл кешен сәулет өнерінің зәулім ғимараты, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдында ел бірлігі, рухани мұрасы мен ашықтығының бейнесіне айналады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дейін жоба толық аяқталуға тиіс», деді А.Лукин.
Сәулетті ғимараттар кешені құрамында әулиелер ғибадатханасы, Сергий Радонежский шіркеуі, сондай-ақ рухани-мәдени және ағарту орталығы бар. Қазақстанның діни және мәдени бай мұрасын бейнелейтін жаңа кешен елордадағы рухани маңызды орынға айналуға тиіс. Ол қайырымдылық қаржысына салынып жатыр.