• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 10:10

Отандық ғылымның беделін биіктеткен басқосу

40 рет
көрсетілді

Әлемдегі жаратылыстану, математика, физика ғылымдарының өкіл­дері үшін зор маңызға ие «ISAAC-2025» конгресі мәресіне жетті. Екі жыл­да бір рет болатын, талай мықтының баяндамасы тыңдалатын іргелі іс-шара биыл алғаш рет Орта Азияда, соның ішінде Қазақстанда ұйым­дас­тырылды. Бұл – біздің елімізге, төл ғылымымыз бен жоғары білім сала­сына үлкен мәртебе, сонымен қатар мамандарға халықаралық тәжірибе алма­суға таптырмас алаң. Өйткені мұнда талқыланатын тақырыптар тек теориялық емес, қаржы математикасы, жасанды интеллект, биология, нейрондық желілер сияқты 20-дан аса түрлі ғылыми бағытты қамтиды.

Бұл қандай конгресс?

ISAAC (International Society for Analysis, its Applications and Computation) халықаралық талдау, қолданбалар және есептеулер конгресі – бүкіл әлемдегі жетекші математиктерді, ғалымдар мен зерттеушілерді жинайтын, осы саланың болашағын бағамдайтын, ғылымның түрлі бағытындағы келешектің күрделі мәселелері мен шешімдерін ортаға салатын жетекші академиялық жиын.

Конгресс пленарлық дәрістерді, ғылыми сессияларды және талдаудың теориялық және қолданбалы аспек­тілері, математикалық модельдеу, диффе­рен­циалдық теңдеулер, гармоникалық талдау сияқты көптеген тақырыпты қамтитын семинарлардан тұрады. Бұл басқосу негізінен білім алмасу, байланыс орнату, сондай-ақ математика мен сабақтас ғылымдардағы ең жаңа жетістіктерді талқылау алаң болады.

Ең алғаш 1997 жылы Америкада ұйым­дас­тырылған конгресс кейін Жапония, Германия, Канада, Италия, Түркия, Ұлыбритания, Ресей, Польша, Қытай, Швеция, Португалия, Бельгия секілді зерт­теуге айрықша ден қойған, ғылы­мы қалып­тасқан, бір ізге түсіп, даму жолы айқын­далған елдерде өтті. Енді биыл Орталық Азия елі, соның ішінде біздің мемлекет осындай іргелі іс-шара­ны өткізу мәртебесіне қол жеткізіп отыр. Мұндай мәртебені жеңіп алған – соңғы рейтинг көр­сеткіштері бойынша Орта­лық Азия­дағы жетекші жоғары оқу орны қата­рынан көрінген Назарбаев университеті.

 

Жиынның маңызы

Әдетте конференция, конгресс, форум деген дүниелердің бюджетті біраз босатып кететінін білеміз, сол себепті де көпшілік оның мән-маңызы мен қажеттілігінен гөрі ұйымдастыруға жұмсал­ған қаражат пен шетелден шақы­рыл­ған сарапшылардың гонорарын көбі­рек тілге тиек етіп жатады. Ал біз сөз қылып отырған ғалымдардың конгресі – өткізу мүмкіндігі бірнеше кезеңді қамтитын ашық конкурс арқылы ғана берілетін, ұйымдастырушылардан шығын шықпайтын, керісінше қатысушылар жарна төлейтін беделі биік басқосу.

Мұндай көп адам жиналатын 5 күн­дік іс-шараны ұйымдастыру біздің ға­лым­дарға не беретіні дәл осы беделінен көрі­ніп тұрғандай. Себебі дүние жүзіндегі аты­нан ат үркетін Оксфорд, Кембридж секіл­ді университеттердің профессорлары, Нобель сыйлығына парапар Филдс сый­лығының иегерлері, Нобель сыйлығын таға­йындайтын комитеттің мүшелері осы конгресс мінберінде тың тәжірибесін бөлі­сіп, мазмұнды баяндамалар жасайды. Ал біз осындай әлемдік тұлғалар бой көрсететін жерді, яғни елімізді сол сарапшылар арқылы дүйім жұртқа таныта түсеміз. Бұл халықаралық деңгейі өте жоғары шетелдік мамандардың өзі пікірі­мен, зерттеуімен санасатын ғалымдардың, ғылымның бізде де бар екенін көрсетеді.

Жә, енді құр сөзден нақты іс жүзінде қандай пайдасы барын жазайық. Биыл 15-рет өтіп отырған «ISAAC-2025» конгре­сінің төрағасы, Назарбаев универ­ситетінің профессоры, академик Дөрбет­қан Сұраған осыған дейін бізге берген сұхбатында дәл осы мәселеге:

– Елімізде математикаға қызыққан 100-ге жуық жасты конкурспен іріктеп алдық, «Қалан» компаниясы «Travel grant» бөліп, оларды шетелдік білікті жас ма­ман­мен бірге жатақханаға жайластыра­мыз, конференцияға қатысып, баяндама оқиды, пікір алмасады, осының өзі жас­тарымызды шабыттандырады. Бұл – жұмсақ күш, мұндай жағдай арқылы қазіргі буын ертең шетелдік замандасымен бірге зерттеу жүргізуі мүмкін. Конгрестің тағы бір берері – осы конференция аясында түскен баяндамаларды, ғылыми мақалаларды сұрыптап, үздіктерін дүние­жүзіне белгілі «Спрингер» баспасынан шығатын «Қазақстандағы математика» деген екітомдық кітапқа жинақтадық. Бас редактор ретінде жұмыстардың сапалы, қысқа емес, толық, телавтор ретінде кемі 1 отандық ғалымның болуын қадағалаймын. 60-қа тарта мақаланың ішінен 30-ға жуығын екшедік. Томдыққа енетін еңбек халықаралық деңгейде сараптамадан өтеді, квартилі жоғары журналға мақала шығарғанмен бірдей болады, кейін әлемдік университеттердің кітапханаларына таратылады, ондағы ғылыми жұмыстарға сілтемелер жасалады. Сондай-ақ автордың бірі ретінде шыққан елімізде оқыған докторант осы арқылы докторлық дәрежесін қорғауға жолдама алады, ғалымдардың беделін арттыруға ықпал етеді. Конгрестің ашылуында кітаптың тұсауы кесіледі. Әрі осының бәрі еңбегі жарияланған мамандарға тегін үлестіріледі, – деген еді. Нақты не берерін осыдан көруге болады.

 

Қатысушылар пікірі

Конгреске көптің алды болып келген басты қонақтардың бірі – ISAAC президенті Уве Келер (Uwe Kähler). Ол осы жиынға қатысушы жастардың қарасы көптігіне тоқталып, ғылымға қызыққан талантты буынға ұйымдастырушылардың грант арқылы қолдау көрсетуі оларды болашақта ғылымға келуіне ынталандыруы мүмкін екенін айтты.

– Бұл жерде осыншама жас әрі жаңа тұлғаларды көргеніме қуаныштымын. Әркім осы мүмкіндікті жаңа достар мен ғылыми серіктестер табуға пайдаланады деп үміттенемін. Айта кетейін, біздің конгресс те қатысушыларды ғылымға шабыттандыруға ынталы. ISAAC конференциялары аясында екі дәстүрлі сыйлық табысталады. Біріншісі – үздік жас математиктерге берілетін беделді «ISAAC Award». Биылғы Италиядан келген Elia Bruè лауреат атанып отыр. Екінші марапат – «President’s Award for Young ISAAC’s», аталған сыйлық қоғамдастықтың белсенді мүшелеріне беріледі. Бұл марапатқа осы жылы Бельгия өкілі Duvan Cardona ие болды, – деді «ISAAC» президенті.

ISAAC-2025 конгресі ұйымдас­тыру­шыларының ақпаратына сүйенсек, кон­грестің өзегі – математика, алайда қазіргі ғылым межелі түрде пәнаралық сипат­қа ие. Сондықтан талқыланатын тақы­­рыптар өте кең, нақтырақ айтқанда 20-дан астам түрлі ғылыми бағытты қам­ти­ды. Бұл – қазақстандық зерттеушілер үшін әлемнің үздік ғалымдарымен кәсіби байланыс орнатуға берілген бірегей мүмкіндік.

Сол талқылауларды ішінара тарқатсақ, қазір әлемде күн тәртібінен түспей тұрғаны – жасанды интеллект тақырыбы. Осыған қатысты ой-пікірін білдірген аустриялық-британдық математик, Филдс медалінің иегері, Швейцариядағы EPFL профессоры Мартин Хайрер жасанды интеллект жаңа идеяларды тудырмайтынын айтты.

– Жасанды интеллект күрделі мәселе­лер­ді шеше ала ма – әзірге белгісіз. Мен осындай құралдарды қолданып көр­дім, бірақ олар мені таңғалдырмады. Шынында, бұл жүйелер жаңа идеялар ұсына алмайды. Ал ұзақ уақыт шешіл­мей келе жатқан күрделі есептерді шешу үшін бізге мүлде тың көзқарас, жаңа идея қажет. Қазіргі модельдер бар ақпаратты өңдей алады, бірақ жаңасын жасамайды. Себебі ол ақпаратты интернеттен алады. Оның жұмыс тәсілі – бар мәліметтер негізінде ең ықтимал жауапты табу. Ол кейде «ойдан шығарады», себебі ықти­малдыққа ұмтылады. Мысалы, белгілі бір мәселе бойынша кім жұмыс істегенін сұрасаңыз, ол дереккөздер тізімін береді, оның ішінде шындыққа сай келмейтіндері де болуы мүмкін, бірақ бәрі ықтимал көрінеді. Жасанды интеллект ғасырдың ғылыми мәселелерін шешеді дегенге қатты сен­б­еймін. Жасанды интеллект үлкен жетіс­тіктерге жетті, мысалы, «AlphaFold» жобасы (ақуыз құрылымын болжауға арналған жасанды интеллект 2023 жылы химия бойынша Нобель сыйлығын алған – ред.) – өте пайдалы, керемет жұмыс. Бірақ ол шынайы түсінік бермейді. Математикада біз дәл сол түсінікке ұмтыламыз. Мәселен, өздігінен жүретін машиналар туралы алайық. «Tesla» он жыл бойы толық автономды көліктер келесі жылы шығады деп айтып келеді. Машиналары жақсы жұмыс істейді, алайда толық автономды емес. Мәселе мынада: олардың қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейсіз. Қателік болса, адам өлімі мен апатқа әкеледі. Жүйе 99,99% жұмыс істейді, бірақ неге екенін білмейміз. Өміріңді сенбей, қалай жұмыс істейтінін білмейтін жүйеге тапсыру математиктерге ұнамайды. Біз соны түсінгіміз келеді, – дейді М.Хайрер.

Жоғарыда жазғанымыздай, конгресте көп ғылыми жұмыстар тыңдалды. Соның ішінде басты баяндамашылар болды. Олар алдын ала жер-жаһанға тарал­ған іс-шараның афишасында үлкен әріп­термен жазылып, хабарланды. Солар­дың қатарында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы IMPA – Таза және қолданбалы математика ұлттық инс­титутында жұмыс істейтін Алек­сей Майлыбаев та бар. Оның тегінен танып тұрғанымыздай, әкесі – қазақ, Көкшетаудың тумасы. Анасы – Вильнюстен. Айтпақшы, А.Майлыбаевқа Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш прези­денті Қаныш Сәтбаевтың медалі табыс­­талды. Марапатты Президент жа­нын­дағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев салта­натты түрде тапсырды. Осыған орай А.Жұма­ділдаев: «Қазақстан – халқы аз мем­лекет, сондықтан халықаралық дең­гейде танылған азаматтарымыз біз үшін аса қым­бат. Алексей – Бразилияда тұрақты ғылы­ми қызмет атқарып жүрген көрнекті ғалым. Біз оны бүгін осы жерде көріп отыр­ға­нымызға қуаныштымыз және бұл медаль­­мен ризашылығымызды білдіргіміз келеді», деген ой айтты.

Ал конгрестің алғашқы күні басты қонақтардың бірі ретінде «Spontaneous Stochasticity» тақырыбында пленарлық баяндама жасаған А.Майлыбаев конгресс, жалпы математиканың жаңа бағыты, Қазақстандағы ғылым туралы:

– «ISAAC-2025» конгресіне қатысу мате­­ма­тиканың өкілдерімен еркін пікір алма­­суға, жаңа идеялармен танысуға және өз еңбек­теріме басқа қырынан қарауға мүм­кін­­дік береді. Қатысушылардың көбін бұ­рын­­нан білемін, түрлі конференцияда жиі кез­­десеміз. Мысалы, былтыр Мартин Хайрер­­­дің Швейцариядағы институтында курс өткіз­генмін. Сондай-ақ Сібірден келген таныс­тарымды кездестірдім, қазіргі уақыт­та олармен жүздесу оңай емес. Жаңа бағыт­тарға келсек, жасанды интеллект көз алды­мызда тез қарқынмен дамып келеді. Бұл – алға басуды қажет ететін аса маңызды қолданбалы сала. Көптеген ел осы бағытта АҚШ, Қытай және Ұлыбритания сияқты көшбас­шылардан едәуір артта қалып отыр. Қазақ­станда әрдайым мықты ғалым­дар бол­­­ғанын білемін. Қазіргі ғылым өкіл­де­рін алыста тұратындықтан, көп тани бер­­­мей­мін. Алай­да қазір көріп отырмын: мұн­да өте қабі­летті жас ғалымдар өсіп келеді екен. Олар­­­мен және олардың жұ­мыс істеп жат­­қан орта­сымен танысу – үлкен мәр­тебе, – деді.

Конгресті ұйымдастыру комитеті ұсын­ған жиынның қорытынды статистикасына қарасақ, шетелдік және отандық белгілі ғалымдар айтулы іс-шараның 26-ға бөлінген түрлі тақырыптағы сессияларында ғылымның әрқилы бағыты бойынша 350-ден көп баяндама жасап, зерттеулері мен содан туған ой-пікірлерін ортаға салды. Жалпы ауқымды жиынға әлемнің әр қиырынан, дәлірек айтсақ, 60 елден бас-аяғы 600-ден аса адам қатысты, онлайн трансляцияны 3000-нан көп адам қарады. Дүниенің түпкір-түпкірінен келген ­жас ғалымдарға грант берілді, конгрестің ­атау­лы сыйлықтары табысталды.

Соңғы жаңалықтар