• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жастар Бүгін, 11:00

Жастарды жұмылдырған бастама

30 рет
көрсетілді

Бүгінде елордада 481 мың жас өмір сүреді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30 мың адамға артқан. Оның үстіне қаладағы 16 жоғары оқу орнында 95 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Осы санаттағы азаматтардың дамуы мен әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар, жобалар мен бағдарламалар олардың жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік белсенділігіне және кәсіби өсуіне серпін беріп келеді.

Астана қаласында мем­лекет­тік жас­тар сая­сатын дамыту ба­ғытында жүйелі жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Жергілік­ті жас­тар саясаты мәселелері бас­қар­масының басшысы Самат Ибраев­тың айтуынша, биыл­­ғы жар­тыжылдықта 5 023 жас жұ­мыспен қамтылған. Бұл көр­сет­кіш «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқ­ты мемлекеттік бағдарламалар ­аясында жүзеге асқан.

– Жастар саясаты – мемле­кеттің болашағына салынған инвестиция. Бүгінгі буынға дұрыс бағыт беру – ертеңгі саналы қоғамның негізі. Осы бағытта бірқатар тиімді жобалар қолға алынды. Мәселен, «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде екі ай ішінде 3 365 жас жұмыспен қамтылды. Маусым соңына дейін бұл сан 5 200-ге жетеді деп болжап отырмыз. Ал «Joltap» жобасы аясында жас­тар SMM, таргетинг, контент-креатор, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн және базалық цифрлық дағдылар сияқты 7 цифрлық бағытта, сондай-ақ бариста, тігінші, сатушы, дәнекерлеуші сынды 11 жұмысшы мамандық бойынша білім алып жатыр. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 5 300 адам жұмысшы мамандықтарын, 2 700 адам цифр­лық бағыттарды меңгереді, – деді С.Ибраев.

Сондай-ақ биыл 5 мыңнан аса ерікті World Boxing Cup Astana 2025, EcoFest, BI Marathon, Kazakhstan Machinery Fair және басқа да ірі қалалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысып, ұйымдастырушыларға жан-жақты қолдау көрсеткен. Олар аудармашы, үйлестіруші, қонақтарды қабылдау мен алып жүру бойынша қызметтер атқарыпты.

Саламатты өмір салтын дәріп­теу, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында да кешенді шаралар қолға алынған. «Еsirtkisiz elorda» жобасы аясында рейдтер, спорттық жаттығулар, тренингтер, шығармашылық байқаулар өткен.

– Жақында Өтемісұлы атын­дағы Оқушылар сарайы­ның аумағында есірткіге қар­сы ­са­лынған мурал салтанатты түрде ашылды. Бұл бейне жас­тарды саламатты өмірге үн­дейді. «Таза Қазақстан» акциясы не­гізінде елордалық жастар сенбі­ліктерге қатысып, табиғатты қор­ғау мен зиянды әдеттерден аулақ болу мәдениетін насихаттап ке­леді. Сонымен қатар «Заң және тәртіп» бағыты бойын­ша есірт­кіге қарсы рейдтер мен спорт­тық іс-шаралар тұрақты түрде өт­кізіліп тұрады, – дейді Астана қалалық жастар саясаты мәсе­лелері басқармасының басшысы.

Жастарға арналған әскери-патриоттық тәрбие бағытында­ғы «Жас сарбаз» жобасы да бар. Оның аясында 64 мектеп пен 14 колледжде 2 мыңнан аса тәрбиеленуші қамтылған. Оларға арнайылап ардагерлер мен батырлармен кездесулер, патриоттық ән байқаулары, фильм көрсетілімі және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ал отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы ұйым­дастырылады.

Бұған қоса қалада 10 аула клубы жұмыс істейді. Онда 2 500-ге жуық бала мен жасөспірім 130 үйірмеге тегін қатысады. Үйірмелердің 74-і – спорттық, 56-ы – шығармашылық бағытта.

Қазір елордада 64 студенттік жатақхана бар. Биыл тағы 3 400 орындық 7 жатақхана салу және қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде арман қуып келген жастарға орын тапшылығын толық шешуге мүмкіндік бе­ре­ді. Сондай-ақ Астана қа­ла­сы­­ның әкімдігі жоғары білім ор­дала­рында оқу корпустары­ мен­ жа­тақ­ха­на­лар салуға ар­нап­­ жер телімдерін бөліп отыр.

Айта кетейік, Самат Ибраев «Жастар» ғылыми-зерттеу орта­­лығының директоры Гүліс­хан Нахбаевамен кездесіп, бір­қатар өзекті мәселені тал­қылады. Жүздесуде жастармен жұмыс бағытындағы се­ріктестік, бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, жастар ре­сурстық орталықтарының тиім­ділігін арттыру, заманауи форматтарды енгізу және өңірлік деңгейде коммуникацияны кү­шейту мәселелеріне де ерекше назар аударды. 

Соңғы жаңалықтар